ЖЭС құрылысына қатысты мәселелер талқыланды

Уақыты: 15.02.2024
Оқылды: 1644
Бөлім: САЯСАТ

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыс аумағында «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаны іске асыруға ниетті инвестор компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Кездесуде өңір басшысы «жасыл» энергетика болашақтың энергетикасы екенін, ал Жетісудың бұл ретте су, жел және күн энергиясы жағынан айтарлықтай әлеуеті бар екенін тілге тиек етіп, қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу осы салада жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті. Еске салсақ, 2023 жылы өңірде электр энергиясын тұтыну 218 МВт құрады, оның ішінде ЖЭК үлесі – 93,5 МВт немесе қолда бар қуаттың шамамен 43%.

- Өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы «ACWA POWER» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. Содан кейін келісімдерге, жол картасына қол қойылды. Біз өз тарапымыздан Алакөл ауданы әкімдігінің қаулысымен жер учаскесін белгіледік. Енді Сіздердің компанияларыңыздың мамандары барлық мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін сол аймаққа баруы керек, жел турбиналары мен қажетті жабдықтардың қайда және қалай орнатылатынын нақты анықтау қажет, - деді Б.Исабаев «ACWA POWER» компаниясының ТМД-дағы бизнесті дамыту жөніндегі вице-Президенті Джай Пракашпен әңгімелесу барысында. Бұл ретте мамандар сапары ауа райының қолайлы кезеңіне, яғни көктем мезгіліне жоспарланатын болады.

Мұнан соң қатысушылар өңірдің экономикасына 883 млрд. теңгеден астам инвестиция салынатын осы іргелі жобаны іске асырудың егжей-тегжейін талқылады.

Бейбіт Исабаев жиынды қорытындылай келе, облыс әкімдігі тарапынан заңды түрде қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтіп, «Біз үкіметтік деңгейдегі ірі халықаралық жобаны іске асыру процесін жеделдетуге мүдделіміз», - деді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері БҰҰ-ның БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Жетісу облысындағы жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған болатын. Жел электр станциясы Жоңғар қақпасында салынады. Жоспарланған қуат - 1 ГВт.

Дереккөз: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев