ХАЛЫҚ ҮНІН ТЫҢДАУҒА ҚҰЗЫРЛЫЛАР НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

Уақыты: 22.02.2024
Оқылды: 744
Бөлім: САЯСАТ

Ескі һәм жаңа. Біздің таңдау осының жаңасына ауды. Жаңа және Әділетті Қазақстан. Ескінің сарқыншағынан арылу үшін мемлекеттік саясат та түбегейлі өзгерді. Реформалаттық. Жаһандық үдеріске ілестік. Әлемдік көштің басы демократия айлағына бой түзеді. Қазақ қоғамының бағыты да демократия, ашық һәм еркін қоғам. Оның алғышарты біреу – қоғам пікірімен санасу, халық үніне құлақ асу, талабын орындау.

Азғантай ұранды сөзден-ақ жазылар жайдың жапсарын аңғарған боларсыз. Әрмен топшылай түсейік, мемлекеттің басым саясатын бірер ауыз сөзбен таразыладық. Дегенмен, осы біздің реформалы қоғамымызды, жаңашыл жүйемізді ескіше басқаруға ниеттілер жоқ емес. Олар әлі де арамызда. Ата Заңда көрсетілгендей, биліктің бастауы халық дегенді әлі күнге қағаз жүзіндегі құрғақ шөппен ауыз сүрткен «жалған ұран» деп білетіндер бар. Иә, солай. Әлі де лауазымды қызметте «менмен», халықтың талабын «шыбын ызыңы» деп білетін, алдына келгенді әлек көрмейтін, қызметін құдірет деп білетін шенеуніктер жоқ емес. Бұл жайтты Жетісу облысы әкімінің кезекті қоғамдық қабылдауында көрдік, білдік. Жазу бізден, сабасына түсіру құзыреттілерде...

Облыс басшысы Бейбіт Исабаевтың кешегі сәрсенбіде өткен қабылдауына 13 өңір тұрғыны жазылыпты. Бәрін алаңдатқан мәселе бар. Бірі баспанасыз жүргенін сауғалап жүр, бірі су тапшылығын шешуге мұрындық болуды өтіне кепті. Ендігісі көзге көмек сұрап жүр. О заманда бұ заман көз сұрағаны несі дей көрмеңіз. Көзі барларға жарық әлемді тамашалататын мүшенің қадірі аса құнды емес болар. Ал, қос жанарға титімдей сәуле сұрай келген жанның жанайқайы адамдық, жауапкершілік қасиеттерді жоғары қоятын шенеуніктер болғанда облыс әкімінің қабылдауында естілмес еді. Оның мәсесі қоғам үніне құлақ асатын мемлекеттік қызметшілер болса мінберде көтерілмес еді. Юлия Табачная көзі семіп бара жатқан өңір тұрғыны. Біз бен сіз анық байқайтын дүниелерді 40 жасқа жеткен бойжеткен тұспалдап, сұлбалап көретін жағдайда.

Әкім қабылдауына келген Юлия Табачная шетелде ем қабылдауға жәрдемдесуін сұрай келіпті. Өйткені, бір көзі қазір дімкәс, көрмейді. Екінші көзінен айырылса, қараңғылыққа бойлап кеткелі тұр. Облыс әкімі ІІІ топ көз мүгедектігі бар жетісулықтың жағдайын кез келген адам түсінуі керегін, жан-жақты көмек беру қажетін алға тартты. Себебі де түсінікті. Дүниеде мүмкін емес жай жоқ. Қалауын тапса қар жанады. Қамсыз жүргендердің кесірінен Юлия Табачная жанарсыз қалмауы керек. Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке жылына екі мәрте ем-домнан өткізуге, науқастың құжаттарын шетелдік, оның ішінде Германия, Түркия және Корей Республикасындағы медициналық орталықтарға жолдап, жарық сәулені өшірмеуге күш жұмсауды тапсырды. Өз кезегінде Юлия Игорьқызы медициналық-әлеуметтік сараптамаға реніші барын да жасырмады. Құзырлы құрылым тарапынан жөнді жауап алмағанын, бастысы мұндағылар мәселесін шешуге тырыспағанын алға тартты. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Сейсембек Булебаев та қалыс қалмады. Аймақ басшысына шағым айтушыға «жұмысыма баға берер сен емес» деген сынды жауап беруді жөн санағандай. Бәлки, Юлия Табачнаяның қоғам өкілі, халықтың бірі екенін естен шығарса керек. Құзырлылардың немкетті қарекетіне орай сыни пікірін білдірген аймақ басшысы ағылшын тілінде «Үміт соңынан өледі» деген нақылды айтып, жан-жақты көмек берілетінін жеткізді. Разылығын танытқан Юлия да ағылшын тілінде жауап беріп, өзінің бірнеше тілде еркін сөйлейтінін білдірді.

Облыс әкіміне Сейітқаз Әбілқақ есімді азамат сенім білдірілген тұлғасы Майра Садуақас екеуі баспана мәселесін қаузай келіпті. Арбаға таңылған қандас 2007 жылы Қытайдан елге оралған. Содан бері пәтер жағалап жүр. Сейітқаз Әбілқақтың денсаулығы сыр беріп, 2019 жылы инсультке шалдығады. Содан бері арбаға таңылған. 2020 жылы І топтың мүгедектігі беріліп, сол уақытта пәтер кезегіне 15600-ші болып тіркелген. Өзі мүгедектігіне орай мемлекеттен жәрдемақы алса, Майра Садуақасқа мүгедек жанға қызмет көрсетуші ретінде ақы төленеді. Жергілікті билік біршама уақыт пәтерақысын да төлеп берген. Аймақ басшысы мүгедек жанның жайын түсінгенмен, заң талабынан аттап кетпесін айтып, пәтер кезегі келгенде баспаналы боларын жеткізді. Одан бөлек, қала әкіміне пәтерақысын қыс біткенше төлеп беруді тапсырды. Сейітқаз Әбілқақтың отбасылық жағдайын да сұрады. Майра Садуақастың айтуынша, екі ұлы бар екен, екеуі де шаңырақ көтеріпті. Бірақ, екеуі де қайынжұртын паналап жүрген көрінеді. Облыс әкімі қос баланың істеп жүргені қазақы тәрбиеден емесін, өсіріп, өндірген ұрпағы қартайғанда далада қалдыруы азамат аттарына сын екенін жеткізді.

Мұнан соң аймақ басшысына өтініш айта келгеннің бірі – Ұлбике Самалбаева еді. 2015 жылғы пәтер кезегімен қашан баспана алатынын сұрай келіпті. Бір қызығы, Ұлбике Самалбаева 2007 жылы мүгедектігіне байланысты мемлекеттен берілген 1 бөлмелі пәтерін сатып жіберген. Бейбіт Исабаев кезегі келгенде үй алатынын, заңға қайшы әрекеттерге баруға болмайтынын жеткізді. Әкім жауабынан соң екінші мәселесін де қаузай кетті. Жергілікті билік Талдықорған қаласының сыртынан жер берсе, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығын салмақшы екен. Кейде идея болса жеткілікті дейтін замандас жетеді ғой. Ал мұндай ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін ауқымды қаржы керек және жобалық-сметалық құжаттар да болуы тиіс. Облыс әкімі Ұлбике Самалбаеваға осы жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді. Артынша Мемлекет басшысының тапсырмасына орай облыс орталығы маңынан 5 гектар жерге 150 адамға арналған орталық салынатынын жеткізді. Бұл жауапқа қанағаттанғаны не қанағаттанбағаны белгісіз қала тұрғыны қаладағы аялдамаларға шүйлікті. Айтуынша, қаладағы аялдамалар қыста қамқау, жазда сая бола алмайды екен. Шатыры күннен көлегейлемейді. Қабырғасы желден ық болмайды. Себебі, асты тізеге дейін ашық. Смарт-аялдама деген саусақпен санарлық. Аймақ басшысы бұл мәселе жөнінде тиісті жұмыстар атқарылатынын, шынында аялдама жолаушыға сая болу керегін жеткізді. Ұлбике Самалбаевамен қатар кірген Ботагөз Шөпшекова да баспана мәселесін қаузай келіпті. Пәтер кезегі 442. Облыс әкімі пәтерге биыл қол жеткізетінін айтып, қуантты.

Ұзын саны 13 өңір тұрғыны әкімнің қабылдауында болды. Олардың дені баспана кезегі бойынша өтініш айта келген. Әдеттегідей кезектен тыс баспана алуға ниеттілер де жоқ емес. Осындайда ойға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «өз басына келерлік бәле болмаса, отбасына һәм жұрт басына келерлік бәлені ойламайды» деген ұлағаты атой салады. Қазір қоғамда күйіп тұрған мәселе көп. Бірақ, көптің көкейінде – кезектен тыс баспанаға қол жеткізу. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев тек заң бойынша кезекпен баспана берілетінін, әлеуметтік осал топтағыларға қайырымды жандар, меценаттар арқылы баспана алып беру мүмкіндігі барын айтты.

Дастанбек Садық
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай