ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС КҮНІ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Уақыты: 21.03.2019
Оқылды: 1434
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ант беру рәсімінен кейін жұмысына қауырт кірісіп кетті. Алғашқы күннен-ақ жұмыс кестесі тығыз болды. Түс ауа Қазақстанның жаңа Президенті кеңес өткізіп, бірнеше лауазымды тұлғаларды қабылдап, нақты тапсырмалар берді. Қабылдаулар мен кеңес жайлы егжей-тегжейлі ақпарат Мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.

Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен өткен кеңес отырысына Президент Әкімшілігінің Басшысы, оның орынбасарлары, сондай-ақ Президенттің көмекшілері қатысты. Жиын барысында ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

Қазақстан Президенті осы саладағы және халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызы бар басқа да салалардағы бағдарламаларды сапалы орындауға баса мән берді. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бағыттар бойынша туындайтын проблемаларды шұғыл әрі тиімді шешудің маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті жұмыстарды үйлестірудің маңыздылығына тоқталып, Президент Әкімшілігіне барлық тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.

Одан кейін Президент Мемлекеттік хатшы Бақытжан Сағынтаевты, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдап, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша тапсырмалар берді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"