Қ.ТОҚАЕВ: "МИНИСТРЛЕР МАДАҚТАМА АЛАДЫ, АЛ МҰҒАЛІМДЕР ШЕ?"

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 3883
Бөлім: САЯСАТ

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы облысына келді. Ол алдымен Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс белсенділерімен кездесті.

Кездесуді еркін форматта өткізейік деп ұсыныс айтқан Президент Алматы облысы стратегиялық маңызы зор аймақ екенін айтты. Кездесу барысында Қ.Кемелұлы: "Еткен еңбек бағалануы қажет. Жыл соңында министрлер, басшылар мадақтама алады. Әр бес жыл сайын орден иеленеді. Одан бөлек, қаншама ұстаз, дәрігерлер қызмет етуде? Олар ше? Олардың да еңбектері бағалануы керек қой. Осыны қолға аламыз. Қарапайым xалық деп айтқанды ұната бермеймін. Барлығы бірдей", - деді.

Өз сөзінде Қ.Кемелұлы ақшаны оңды-солды шашуды тоқтатып, үнемдеу қажеттігін ескертті. "Ойланайық, имидждік жобаларды тоқтату керек. Өңірдің дамуына қажет емес ғимараттарды салуды тоқтатайық", - деді Президент кездесуде.

- Ауылды өңірді дамытуға қыруар қаржы бөлінді. Бірақ айтарлықтай дамымады. Жер оны күтіп-баптайтын адамға тиесілі болуы қажет. Қатаң бақылауға аламыз. Жерді оңтайлы пайдалана білсек қана дамимыз, - деді Қ.Кемелұлы. Кездесуде қант зауыты туралы да айтылды.

Жиында Мемлекет басшысы әлеуметтік жәрдемақылар жайлы да тарқатып айтып берді. Атап айтқанда, жәрдемақыны қанағат етіп, жұмыссыз жүруге болмайтынын, тұрғын үйлерді салғанда үнемдеу саясатын берік ұстану қажеттігін алға тартты.

Еңлік ҚАБДЕШ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талдықорған

Алматы облысы