ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: АГРОӨНІМНІҢ 30 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ӨҢДЕЛЕДІ

Уақыты: 24.05.2019
Оқылды: 1186
Бөлім: САЯСАТ

Еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі әлеует толық пайдаланылмай жатыр. Өйткені, ауылшаруашылығы өнімдерінің тек 30 пайызға жуығы ғана өңделіп, елдің игілігіне жарайды. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырар болсақ, әрбір ауылда, кем дегенде бір өңдеу цехы жұмыс істер еді. Мұндай пікір Семей өңірінде сайлаушылармен кездесу өткізген ҚР Президенттігіне үміткер Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасын таныстыру кезінде айтылып, отандық өндірісті өркендетудің тетіктері талқыланды.

Алдымен Семейдегі ұн-құрама жем зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізген «Ауыл» партиясының өкілдері ғасырға жуық тарихы бар кәсіпорын кездесіп отырған өзекті мәселелерді сұрап білді. Маңайдағы ауылдар мен елді мекендерден шикізат жинап, айына 15 мың тонна дайын өнім шығаратын зауыттың әлеуеті мен мүмкіндігі зор.

Осыған орай Президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің Семей өңіріндегі сенімді өкілі Серікбол Өзбеков сайлауалды бағдарламасын таныстыру үшін дәл осы ұжымның бекер таңдалмағанына тоқталып, «Ауыл» партиясының үміткері осындай кәсіпорындардың мәселесін жиі көтеріп, оны оңтайлы шешудің жолдарын ұсынып отырғанын көпшіліктің назарына ұсынды.

Назар аударуға тұратын тағы бір өзекті мәселе ретінде шалғай ауылдардағы қожалықтардың назардан тыс қалып жатқанын алға тартқан сайлауалды үгіт-насихат тобының мүшелері ауылшаруашылығын отандық экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру үшін ең алдымен шағын шаруа қожалықтарына қолдау көрсетіп, қажетті мәселелерін Парламент, Үкімет деңгейіне дейін көтеру керектігін жеткізді.

Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Шығыс Қазақстан облысы