"Зорлау ісі" бойынша айыпталған Күштібаевтың соты жалғасты

Уақыты: 19.03.2024
Оқылды: 451
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы басшысы Марат Күштібаевтың үстінен қозғалған іс бойынша сот қайта жалғасты.

Бұл туралы Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

"Қылмыстық кодекстің 120-бабы ("Зорлау") бойынша айыпталып жатқан Қ. бойынша қылмыстық іс Талдықорған сотында қаралып жатыр. Сот отырысы 28 наурызға белгіленді" деген соттың баспасөз қызметі.

5 наурызда Күштібаевтың денсаулығына байланысты сот отырысы кейінге қалған. Ақпаратқа қарағанда, жедел жәрдем оны сот залынан әкетіп, аурухананың кардиология бөліміне жеткізген.

Күштібаевтың ісі бойынша сот отырысы ақпанда басталған, процесс жабық өтіп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ісі Қылмыстық кодекстің 120-бабының 2-бөлігі ("қызметтік міндетін атқару кезінде жасаған зорлау") бойынша жүргізілген.

Былтыр 13 қарашада Күштібаев 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынған. 14 қарашада сот оны екі айға қамады.

Бұл оқиғадан соң Жетісу облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов, оның кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов қызметтен кетті. Арыстановтың бірінші орынбасары Жасұлан Байкеновке ескерту жасалды.