1100 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Уақыты: 19.03.2024
Оқылды: 396
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы жыл басынан бері  Жетісу облысының аумағында жаяу және көлік жүргізушілеріне қатысты 3500-ге жуық заң бұзушылық анықталған. Соның ішінде жол жүру ережелерін сақтамай, көлік жылдамдығын шамадан тыс арттырғаны үшін 1100 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  Дейтұрғанмен аймақтағы жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың ұқсас мезгілімен  салыстырғанда 42  пайызға төмендеген. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз жиынында облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов мәлімдеді.

Басқарма басшысының сөзінше, бүгінде аймақта қауіпсіздік ережелерін қатаң қадағалау бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырыуда. Мәселен, ақпан айының 5-і мен 29 аралығында өткен «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесі Жетісу  облысы аумағында  12 мыңнан астам заң бұзушылық әшкерленген. Олардың 140-қа жуығы ішімдік ішіп мас күйінде көлік жүргізгендер.

Ал, ережеге бағынбайтын жүргізушілерге патрульдік қызметте тұрған заманауи технологиялар белсенді қолданылуда. Атап айтсақ, «Ekin Patrol» жүйесімен жабдықталған үш арнайы автокөлік  жергілікті  жер мен автожол жағдайына байланысты белгіленген қозғалыс жылдамдығынан асып кету, жол жүру ережелерін бұзу әрекеттерін бірден тіркейді.

 – « Ал, «Қауіпсіз жол» іс-шарасына жалпы 309 полиция қызметкері жұмылдырылған. Оның 173 патрульдік полиция, 120 учаскелік инспектор тағы басқа да 16 қызметкер бар.  Атап айтсақ, биылғы жылдың  2 айының қорытындысы бойынша, Жетісу облысының аумағында 46  жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 9  адам қаза  тауып, 82  адам әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Осы тұста жүргізушілерді жол ережесіне бағынып, өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп тудырмауға шақырамыз», - дейді Қайсар Жақсылықбекұлы.

                                                                                  Айдын КӘЛІМХАН.