Өркениет өзегі

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1117
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында азаматтардың консти- туциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыс- тарын жалғастыру қажет екендігі туралы айтқан болатын. Заң үстемдігі орнаған қоғам өркениет көшінің лайықты жолаушысы екенін ескерсек, біздің елімізде Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың тарихпен тамырлас алғышарттары барын ұғамыз.​
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда кеңес билігінің өкілетті органы Жоғарғы Кеңес қызмет істеп тұрды. Сонымен бір уақытта, президенттік биліктің барлық алғышарттарын қалыптастыру үрдісі де жанданып келе жатты. Нәтижесінде, 1993 жылдың 28 қаңтарында алғашқы Ата Заң ресми түрде қабылданып, қолданысқа енгізілді. Бұл елімізде тарихи бетбұрыс жасаған аса құнды құжат болды. Сол күннен бастап Қазақстан демократиялы, құқықтық ел атанып, алғаш рет әлемдік қауымдастықтың ажырамас бір бөлігі ретінде өзінің орнын айқындады.
Жаңа Конституция елдегі жағдайды тез өзгертіп, демократиялық құқықтық институттардың, жаңа нормалардың қалыптасуына жағдай жасады. 1995 жылы 30 тамызда Конституцияның өзгертулер мен толықтырулар енгізілген жаңа нұсқасы бекітіліп, еліміз демократиялы, құқықтық мемлекет құру жолына түбегейлі қадам басты. Айта кетерлігі, Ата Заң баптарына негіз болған құқықтық жүйелер өздігінен пайда болған жоқ. Жоғары адамгершілік, мемлекетшілдік әспеттелген құқық нормалары сонау Қазақ хандығы тұсында негізі қаланған «Жеті жарғыдан» тамыр тартып, халқымыздың жан дүниесіне тез жол тауып жатты. Конституция – құқықтық жүйенің қайнар көзі. Құқықтық мемлекеттегі заңдық тетіктердің барлығы Конституциядан нәр алады. Ол заң үстемдік ететін өркениетті мемлекет құрудың негізі саналады.
Жалпы, констутуциялық басқару, кемелді құқықтық жүйе және тәуелсіз сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің басты сипаты. Яғни, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдар, жеке азаматтар мүдделерін заң ережелері арқылы қорғайды және өзін заңсыздықтардан тежейді.
Әдетте адамдар мемлекеттің заң ережелерін бұра бастырмайтын қалыпқа теңеуі, тіпті: «Заңға қайшы іс істемесем, заңның менде несі бар?» – деген біржақты түсінікте болуы мүмкін. Шындығында, қоғамдық өмірдің әрбір тынысы, әрбір қадамы, ел тұрғындарының өз мемлекетіне азаматтық қарым-қатынасы, әртүрлі мақсаттармен өзге мемлекетте жүріп-тұруы заңмен реттеледі және қорғалады. Білім алуың, қарым-қабілетіңе қарай алаңсыз еңбек етіп, нәпақа табуың, өзіңе тиесілі меншігіңді еркін пайдалануың, ұрпақ өсіруің, адамгершілік ар-намысты сақтап, бала-шаға, туыс-туғандарыңның мүддесін қорғауың, меншігіңді мұраға қалдыра алуың, міне, осының бәрі заңдық игіліктердің бір парасы ғана. Егер заң болмаса, қалыпты тіршілік те болмайды, қоғамдық қатынастарды сақтау да мүмкін емес.
Ата Заңда белгіленген құқықтардың шынайылығы, мызғымастығы мен сенімділігі мемлекет құрылымдарының ақаусыздығын әйгілеп, азаматтардың өз еліне деген сенімі мен сүйіспеншілігін еселей түседі. 
 
Қанабек Нұрғалиев, 
Текелі қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы