Абай ережесі

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 2571
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Абайды ақын, философ ретінде ғана танып жатамыз. Бірақ Абайдың саяси және құқықтық ірі реформатор екенін жиі естен шығарамыз. Шын мәнінде ұлт мақтанышына айналған хәкімнің заң шығару ісіне де араласқаны жайлы көп айтыла бермейді. Сонымен, біле жүрейік, Абай 1885 жылғы Қарамола съезінде жетпіс үш баптан тұратын заң ережелерін ұсынған.

Сол уақыттағы қазақ қоғамының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мұң-мұқтажын бір кісідей білген дана Абай жергілікті атқару органдары мен билер қызметінде әлеуметтік істерге араласады. Заң ережелерін жинақтап, қазақтың ерте кезден келе жатқан әдет-ғұрып нормаларын негізге ала отыра жаңа ереже дүниеге әкеледі.
Абай ережесі 1885 жылы мамыр айында Қарамола жерінде Орта жүз рулары бас қосқан жиында жинақталып, жазылды. Оған жүзден астам би қатысты. Бес дуанның болыс-билері бас қосқан жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Ережені Абай бірнеше күнде жазып шыққан. Бұл туралы философ, ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би-болыстарға арналған Ережені Абай 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы – болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды», – деп жазады.
Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтар ұлы Абайға жақын әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгертулер, түзетулер қосып, өңдеді. Абай ережесі қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалды. Бұл Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткізген тарихи жеңісі десек болады. Заң алдындағы жауапкершілік өмір талабына сай өзгертілген. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға сай лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе, әйел провасын жақтады», – дейді көрнекті зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев.
Бұл ереженің жазылуы – жоғарыда айтып отырған Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы. Абай ережесі қазақтың әдет-ғұрып құқығымен де патша өкіметі сот билігімен де ұштасып жатты. Қазақ даласындағы ертеден келе жатқан заңнамалық құжаттарды жетік білген заңгер Абай орыстар енгізген заң нормаларын да шебер пайдалана алды. Билер шешімі тек қана басқару мен сот жүйесі емес, сонымен қатар халықтың дәстүрі мен ұлттық таным-түйсігі екенін туған халқына айтып жеткізді. Сот билігінің қазақ қоғамында ертеден қалыптасқанын дәлелдеді.
Абай ережесінің көптеген тарауы қылмыстық құқық пен жазаға арналады. Оның ішінде ұрыс-төбелес, ұрлық, ұрлықты қайта жасау, денесіне зақым келтіру әрекетері қатты жазаланды. Әсіресе, төбелесті ұйымдастырушылар айыбы басқаларға қарағанда көбірек болды. Абай ережесінде құн, жесір, мал, мүлік, әмеңгерлік, мұрагерлік даулары мен оларды шешу, үкім шығару және сот жүргізу тәртібі көрсетілді.
Қалай десек те, Конституциямыздың атаулы күнінде Абай ережесін ұмытпағанымыз абзал. Мұны Ата Заң тарихына алтын әріппен жазылар құқықтық құжат екенін де тілге тиек ете кетейік. Өйткені, Абайдың өзі айтқандай, «толық адам» санатына жетіп, зор ғалым болған шағында дүниеге келген заңнамалық құжат бұл.
Абай ережесі, Қарамола съезі – бүгінгі тарихтың шежіресі. Төбе би сайланып  әрі заң жазған данышпан хакім туған ауылына ерекше әсерге бөленіп қайтатыны жайлы заңғар жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында кезігетін еді ғой. Қазақтың көсемі болу, оның заңнамалық құжатын жасауды үлкен жауапкершілікпен сезіну – мыңның біріне ғана тән.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ