Адам құқығының арқауы

Уақыты: 29.08.2018
Оқылды: 1424
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Азаматтық, еңбек, әкімшілік, қылмыстық, тағы басқа заңдардың негізгі қағидалары мен заңдылық мазмұны Конституцияда тікелей көрініс тапқан. Мысалы, Ата Заңда қылмыстық заңдарға байланысты көптеген маңызды әрі мәнді құқықтық нормалар нақты көрсетілген.

Өйткені, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің басты міндеттерінің бірі – өз азаматтарының бостандықтары мен заңды құқықтарын барынша қорғау. Қазақстан мемлекеті адам құқықтары жөніндегі халықаралық нормаларды қолдай отырып, оны бұлжытпай жүзеге асыруға кепілдік береді. Оның айғағы – азаматтардың саяси, еңбек, әлеуметтік және басқа да құқықтарының Қазақстан Республикасының Конституциясында жан-жақты көрініс табуы.
Конституцияның 1-бабында ең қымбат қазына адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп белгіленген. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Конституциямызда адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылғандығы, олар абсолютті екендігі, олардан ешкім айыра алмайтындығы, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталатындығы айтылған. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқыктары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. 
ҚР Конституциясының 22-бабына сәйкес, әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Ар-ождан құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс. 1992 жылғы 15 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, республиканың басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзі, сондай-ақ, басқалармен бірге кез келген дінді еркін ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы. Дінге құдайға құлшылық жасауға, діни жоралар мен рәсімдерге, дінді оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезінде қандай да бір күштеп мәжбүрлеуге жол берілмейді. Осы заңға сәйкес діни бірлестіктер мемлекеттен, мемлекет діни бірлестіктерден бөлінген. Діни сенім бостандығын пайдаланып, әртүрлі алауыздықтар мен дұшпандық әрекеттер жүргізуге заң тыйым салады. Осыған орай Қылмыстық кодекстің 149-бабында ар-ождан және діни наным бостандығы құқығын жүзеге асыруға кедергі жасағаны үшін жауаптылық белгіленген. Қылмыстың тікелей объектісі – ар-ождан және діни наным бостандықтарын реттейтін қоғамдық қатынастар.
Діни ғұрыптарды атқаруға кедергі жасауда діни жоралар мен рәсімдер өткізуге бөлінген ғибадат үйлерінде, қажылық орындарда, діни бірлестік мекемелерінде, зираттар мен крематорийлерде, азаматтардың пәтерлері мен үйлерінде құдайға құлшылық етуге тыйым салу, бөгет жасау немесе азаматтардың діни шаралар мен рәсімдер жасауына әскери бөлімдерде, ауруханаларда, қартайғандар мен мүгедектер үйлерінде, алдын ала қамау, жазаны өтеу орындарында тыйым салу немесе бөгет келтіру, діни әдебиет пен діни мақсаттағы заттарды пайдалануға кедергі жасау, діни бірлестік жағынан қайырымдылық және мәдени-ағарту қызметін кұруға тыйым салу, кедергі келтіру, тағы басқа әрекеттер жатады.
Айта кету керек, заң бойынша діни ғұрыптарды атқару қоғамдық тәртіпті бұзумен немесе азаматтардың құқықтарына қол сұғатын әрекеттермен ұштасса, ондай діни ғұрыптарды атқаруға кедергі жасау заңды әрекет саналады, ол қылмыс болып табылмайды. Сондықтан, діни бостандықты біз дұрыс бағытта түсінуіміз қажет. Ел ішіне іріткі салатын, теріс пиғылды топтарға үндейтін, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіретін діни ағымдар заңмен қудаланатынын естен шығармайық. Біз үшін басты байлық, Ата Заңымызда айшықталып көрсетілгендей, адам және адам өмірі, оның бостандығы.

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымының доктары, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері