ЖЕТІСУДЫҢ ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТЕРІНЕ "САМҒАУ" СЫЙЛЫҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 10.12.2020
Оқылды: 3089
Бөлім: ТҮПСАНА

Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрында «Самғау» журналистер премиясының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Ақпарат аламанында топ жарған журналистерді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам ӘЛИ арнайы құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жұмыс уақыты сегіз сағаттың шеңберіне сыймайтын, күн-түн демей жұмыс істейтін журналист еңбегі бағалауға лайық. Сондықтан, «Самғау» байқауы тілшілерді ынталандырудың бір жолы деуге болады. Жыл сайын өтетін бұл байқау дәстүр мен сабақтастықты одан әрі нығайтып, жетісулық журналистерге тың серпін беретіні сөзсіз.

Алдымен арнайы дайындалған бейнематериал көпшілік назарына ұсынылды. Бейнесюжетте журналистердің жанкешті еңбегі, ақпарат дайындаудың қызығы мен шыжығы, халық пен билік арасына көпір орнатып, келелі ойымен, шешен де шымыр сөзімен сан тақырыпта материал ұсынатын тілшілердің күнделікті жұмысы паш етілді. Бейнекөрсетілімде қазақ журналистикасында орны ерек, халықтың сүйікті перзентіне айналған Бейсен Құранбектің, өңір баспасөзіне елеулі үлес қосқан Ғалым Жазылбеков пен Гүлжиян Сүлейменованың жарқын бейнелері де айтылып, көпшіліктің көзіне жас алдырды. Шарада өмірден өткен журналистер еске алынып, бір минут үнсіздік жарияланды.

Көрсетілімнен кейін облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли жеңімпаздарды құттықтады. Ол өз сөзінде облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық сәлемін жеткізіп, әкімдік тарапынан БАҚ саласына қолдау үнемі жалғаса беретінін айтты.

- Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру бағытында облыста "Самғау" сыйлығы тағайындалып еді. Облыс әкімі журналистерге арналған "Самғау" байқауына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Алғашында 7 аталым бойынша өткізілсе, қазіргі таңда байқаудың аясы кеңейе түсті. Бүгінде 11 номинация бойынша БАҚ қызметкерлері марапатталады. Журналистика саласында мен де қызмет атқарғанмын. Сондықтан, журналистердің еңбегін бір кісідей білемін, - деген облыс әкімінің орынбасары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына тоқталды. Рустам Әли аталған тұжырымдаманы жүзеге асыруда журналистердің ықпалы зор екенін сөз етті.

- Биылғы сынақ ешкімге де оңайға тиген жоқ. Пандемияға байланысты біраз әріптестерімізден айырылдық. "Самғау" байқауы қолға алынған кезде ерекше қолдау білдіріп, ризашылық танытқан Бейсен ағамыз еді. Келесі жылдан бастап біз "Самғау" байқауына тағы бір аталымды қосуды жоспарлап отырмыз. Ол - Бейсен Құранбек аталымы. Бұл номинацияға әлеуметтік тақырыптағы материалдар қабылданатын болады, - деп Рустам Әли тың жаңалығымен бөлісті.

Әкім орынбасарының ақжарма сөзінен кейін марапаттау рәсімі басталды. Өңіріміздегі журналистер үшін жылдың басты сыйлығы саналар «Самғау» байқауы 11 аталым бойынша өтті. Аталған байқауға Жетісудағы журналистерден 118 өтінім қабылданған. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар саналғандар санатында бұқаралық ақпарат құралдары саласының 33 қызметкері бой көрсетті.

Айта кетерлігі, ғасыр асқан «Жетісу» газетінің биыл да бағы жанып, мәртебесі өсті. Олай дейтініміз, ата басылымның бірқатар қызметкері «Самғау» байқауының жүлделі орындарын иеленді. Мәселен, «Үздік желілік басылым» аталымы бойынша «Жетісу» газеті сайтының веб-редакторы Қуаныш Тұнғатар, «Үздік фотосуретші» аталымы бойынша фототілші Аслан Қажеке, «Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика» номинациясында Аятхан Әбділдаева жүлделі 3-орын иегерлері деп танылса, аға фототілші Жұмабай Мұсабеков 2-орынды иеленді. Одан бөлек, «Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика» номинациясының 1-орнын газетіміздің беттеуші-дизайнері Мөлдір Мұраталинова алды. Ал «Үздік блогер» аталымында газетіміздің журналистері Қажет Андас пен Мәулен Әнербай жүлделі 2 және 3-орыннан көрінді. Байқаудың үздік үштігінен көрінген жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлық берілді.

Биыл "Үздік журналист" аталымы бойынша "Айқын" газетінен Болат Абағанға бірінші орын берілді. "Үздік тележурналист" аталымына "Жетісу" телеарнасынан Сәния Байтарова лайық деп танылды. "Жетісу" телеарнасының қызметкерлері Мұхит Тоқтасын, Шалқар Құсайынов, Ерлан Ошақбаев, "Заман жаршысы" Қарасай аудандық газетінің фототілшісі Ерлан Әлиасқаров, «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Әсет Қалымов, "Кербұлақ жұлдызы" газетінің бас редакторы Ләйлә Оңалбаева, Karasayinfo.kz сайтының веб-редакторы Атлана Исаева үздіктердің қатарынан көрінді.

Шырайлы кеш барысында ардагер журналист Мәулетхан Ақсанов сөз алып, журналистерге қолдау білдіріп, БАҚ-пен етене жұмыс істейтін Амандық Баталовқа деген алғысын білдірді. Сонымен қатар, халық пен билік арасына алтын көпір болған журналистердің жауапкершілік жүгі ауыр, өтемі күшті екенін тілге тиек етіп, Жетісудағы тілшілер қауымының шығармашылығына табыс тіледі. Шарада "Самғау" байқауының жеңімпаздары Шалқар Құсайынов пен Айнұр Төлеу де сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізімен бөлісті.

Айтулы шарада халықаралық байқаудың жеңімпазы, қазақ ән әлемінде есімі енді әйгіленіп келе жатқан кішкентай қыз - Қарақат Башан, басқа да танымал жұлдыздар өнер көрсетті. Салтанатты шара соңы арнайы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Самғау» байқауының жеңімпаздары төмендегідей:

«Үздік журналист» (ақпараттық мақала)

1-орын – Болатбек Абаған («Айқын» газетінің тілшісі);

2-орын – Ирина Карякина («Огни Алатау» газетінің тілшісі);

3-орын – Хасан Еспанов («Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары).

«Үздік тележурналист» (жаңалық сюжет):

1-орын - Сәния Байтарова («Жетісу» телеарнасының редакторы);

2-орын – Аяулым Мадиканова («Жетісу» телеарнасының қызметкері);

3-орын – Айнұр Төлеу («Жетісу» телеарнасының бас редакторы).

«Үздік оператор» (бейнематериал):

1-орын – Шалқар Хусаинов («Жетісу» телеарнасының операторы);

2-орын – Қайрат Қазтұрғанов («Жетісу» телеарнасының операторы);

3-орын – Қуаныш Түргенбаев («Хабар агентігінің» операторы).

«Үздік фотосуретші» (фотосуреттер):

1-орынЕрлан Әлиасқаров («Заман жаршысы газетінің» фототілшісі);

2-орынЖұмабай Мұсабеков («Жетісу» газетінің фототілшісі);

3-орын – Аслан Қажеке («Жетісу» газетінің фототілшісі).

«Облыстық журналистика саласына қосқан үлесі үшін (ардагер журналист)»:

Маулетхан Ақсанов – «Спорт» республикалық газетінің Алматы облысы және Талдықорған қаласы бойынша меншікті тілшісі

«Үздік республикалық (халықаралық) тілші (репортаж, Алматы облысы туралы ақпараттық материал)»:

1-орынӘсет Қалымов («Казахстанская правда» газетінің тілшісі);

2-орын – Серик Малеев («Алтын орда» сайтының журналисі);

3-орын – Калмаханбет Мухаметкали («Егемен Қазахстан» газетінің тілшісі).

«Үздік тілші» (аудан, қалалық баспа баслымдары):

1-орын – Ляйля Оналбаева («Кербұлақ жұлдызы» газетінің бас редакторы);

2-орын – Айдын Кәлімхан («Талдықорған» газетінің тілшісі);

3-орын – Анар Дүйсенбайқызы («Қарадала тынысы – Қарадала нәпәсі» газетінің бас редакторы).

«Баспа басылымның үздік дизайны, инфографика»:

1-орынМұраталинова Мөлдір («Жетісу» газетінің дизайнері);

2-орын – Алмаз Виноградов («Қарадала тынысы – Қарадала нәпәсі» газетінің редакция дизайнері);

3-орын – Аятхан Абдильдаева («Жетісу» газетінің дизайнері).

Үздік бейне-клип өндеуші (монтаж) аталымы бойынша

1-орын – Ерлан Ушакпаев («Жетісу» телеарнасының режиссері);

2-орын – Данияр Мустафаев («Жетісу» телеарнасының режиссері);

3-орын – Данияр Токимтаев («Жетісу» телеарнасының бейне инженері).

«Үздік облыстық Vlog (Алматы облысы бойынша бейне-блог) немесе «Үздік блогер (Алматы облысы туралы пост)»:

1-орын – Мұхит Тоқтасын («Жетісу» телеарнасының веб-редакторы);

2-орын – Андас Қажет («Жетісу» газетінің тілшісі);

3-орын – Мәулен Әнербай («Жетісу» газетінің тілшісі).

«Үздік желілік басылым»:

1-орын – Атлана Исаева (Karasayinfo.kz сайтының редакторы);

2-орын – Ақан Ырымжанұлы (tekelinews.kz сайтының редакторы);

3-орын – Қуаныш Тұңғатар (www.7-su.kz сайтының веб-редакторы).

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы