Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 501
Бөлім: ТҮПСАНА

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! 
Қадірлі бауырлар! Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!

Сіздерді күллі мұсылман асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!

Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны» деп атаған. Берекесі мол айда жарапазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған. Ал ауызашар дастарқаны рухани сұхбаттың, бата мен ізгі тілектің қайнары болған. Ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беру – бағзыдан келе жатқан салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Сәресі әр шаңырақ үшін қуанышты сәт болса, ауызашар ағайын мен туысты, бір қауым елді имандылыққа ұйытқан, мерекесі мен берекесі үйлескен басқосу болатын. Аллаға шүкір, бұл игі дәстүр ғасырдан ғасырға жалғасып, жаңғырып келеді.

Рамазан – рақым айы! Қасиетті айдың құрметі үшін бір-бірін кешіріп, мейірімділік жолын ұстанған пенделер сауапқа кенеледі. Өзгеге мейірім көрсеткен адамды Алла Тағала өз мейіріміне бөлейді. Кешіргенге – кешірім жасалады.

Рамазан – жақсылық айы. Оразада жасалған әрбір жақсы амалдың сауабы еселеніп жазылады. Хадис-шарифте айтылғандай «адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады».
Құрметті жамағат!

Он екі айдың сұлтаны – Рамазан құтты, берекелі болсын! Қасиетті айда жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, халқымыздың бірлігі нығайып, берекесі арта бергей!

Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болғай!

Керімбек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының
Жетісу облысы бойынша бас имамы

Фото: muftyat.kz