Есім бағының бағбаны

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 1608
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мына қысқа ғұмырды бұрылыс, қалтарысы жоқ, тікесінен тартылған тура жолға ғана баласақ, тым шолақ қайырғанымыз болар еді. Олай дейтініміз, өмір жолы әрдайым даңғыл бола бермейді. Содан кейін де жүріп өткен жолыңа бір сәт көңіл көзімен қайта оралып, сан мәрте ой елегінен өткізуге тура келіп жатады. Сондай сәттерде өмірдің кейбір сәттерінің көз алдыдан кинолентадай тізбектеліп өтетіні бар.

 

Кешегі кеңестік заманның тіршілігімен біте қайнасып, елмен бірге еңбек етіп келген қарапайым адамдар қаншама?! Сондай отбасылардың бірі – Есім әулетінің ұрпақтары дер едік. Алысқа бармай-ақ осы әулеттің бастауында тұрған Есім ақсақалдың жүріп өткен жолына үңіліп көрейікші. 
Коллективтендірудің сұрқай саясатының кесірінен ел іші ала тайдай бүлініп сала берді. Ауылда шолақбелсенділер қаптап, 1931-1933 жылдардағы жаппай аштық басталды. Ойға-қырға тамақ іздеп алашапқын болған қазақтар шетінен қырыла бастады. Бұл Есім ақсақалдың жалғыз ұлы Қасеннің тракторшының алты айлық оқуын бітіріп келіп, еңбекке араласқан шағы еді. 
Жастайынан жұмыс істеп, қабырғасы еңбекпен қатайған қарияның осы ұлынан көрген алғашқы немересіне қатты ықыласы түсті. Атын Әбуайра деп өзі қойды (кейін үй-іші еркелетіп Әбікен аталып кеткен). Есім қарт өмірінің мұраты, мияты болған осы немересінің құрметіне ағаш егіп, саялы бақ орнатпаққа бекінді. 
Ол кезде бұлар Ақсу ауданына қарасты Көкөзек ауылының төменгі жағындағы Жотатоған фермасында тұратын. Он бес шақты жер үйден ғана тұратын шағын ауыл тұрғындары Есімнің бұл тірлігіне қайран қалысты. «Орыстан үйренген өнері шығар...» деп таңдай қағысып қана қойған.

Өмір өткелдері
Жесең жеміс, ыстықтасаң жаныңа сая болатын бақ өсіргенді Сарқан ауданына қарасты Қойлық ауылындағы (бұрынғы Антоновка) базарға барып жүргенде Есім ақсақал орыс тамырларынан көрген-ді. Олар үй жанына жеміс ағаштарын отырғызып, көше беткейіне терек, қарағашты тізетін. Әсіресе, ұзындығы жиырма метрден де асып кететін терек ағашына сүйсіне қарайтын. 
Тың жердің топырағы майлы ма, қадалған шыбықты судан тарықтырмаса, бір жылдың өзінде жапырақтары жайқалып, тамыр жайып кететін. Содан кейін де шығар, алғашқы жылы еккен талдары түгелдей көгеріп шыға келгенде Есім қарттың қуанышында шек болған жоқ. Сол үрдісті шаршамастан жалғастырып, жыл сайын бір көше ғып тал отырғызуды әдетке айналдырды. Ұзындығы шақырымнан астам жазық жер көктем сайын көгеріп, көз қуанышына айналды. Тамыз айының соңында теректен ұшқан ақ мамық жаңа ғана жауып өткен аппақ қарға ұқсап кететін. Ала таңнан кетпен-күрегін арқалап, ағаш отырғызылған алқапқа бет алып бара жатқан Есімді көрген ауылдастары мен құрдастары өзара қауқылдасып қалатын.
– Қазақта жоқ әдетті бастаған Есімді қараңдар... Қой-ешкі жеп жатқан ағаштарын қарауға тағы кетті.
– Ойпырмай, өзі шаршамайтын адам екен. Сонда барған малымызды қуалап бір тынбайды. Ертең-ақ боқ сасып қалар, – дейтіндер де табылған. 
Сөйтіп жүріп бірнеше жылдың жүзінде қатар-қатар отырғызған теректері кәдімгідей бой түзеп, анадайдан көзге түсетін болған. Ағаштарымен бірге немересі Әбікен де ержетіп есейіп қалып еді. Ақсұр өңі ұялы үлкен көздерімен үйлесіп, кәдімгідей көз тартар азамат болып қалыптасып келе жатты. Көкөзектегі жеті жылдық мектепті үздік бітіргеннен кейін ары қарай оқымақ еді, аяқ астынан ауыр науқастанып қалуы себепті сабағын жалғастыра алмады. Жақсы оқып атағы шыға бастағанда денсаулығы сыр берді. 
40-шы жылдардың аяғында Қасеннің Әбікені Бақалы ауылынан Тұрар есімді қызды алып қашып келіп, тұрмыс құрды. Үйлену оңай болғанмен үй болудың қиындығын Әбікен ерте сезінді. 
Атасы елуінші жылдардың орта тұсында дүние салды. Кеңес өкіметі аштықтан тұралаған қазақтарды қанаған үстіне қанай берді.
Елді астықтың жетіспеушілігі әбден титықтатқан еді. Сол қиындықтың күрмеуін шешу үшін Бақалы ауылының құмынан Жотатоғанның жазығына дейін созылып жатқан тың жер игеріліп, оған тары тұқымы себіле бастады. Әр жыл сайын алынған өнім Шығанақ Берсиевтің рекордына жуықтап тұрды. Тарының масақтарын көтере алмай сабақтары бүгіліп қалған кездері де көп болды. Сондай кездері қатын-қалаш, бала-шаға егін орағынан кейін масақ теруге шығатын. Тоя ас іше алмай келген ауыл тұрғындары масақ теруден түскен тарыны екі-үш қаптан ақтап алып, сүтке бөктіретін болды. 
Уақыт зымырап өтіп жатты. Халыққа мал бітіп, ауыздары аққа тиді. Сталин өлгеннен кейін ауылшаруашылығы жанданып, едәуір дами түсті. Ұсақ-ұсақ колхоздар ірілендіріліп, совхоздар құрылды. Сондай шаруашылықтардың бірі – «Басқан» совхозы өкіметтің арнайы қаулысымен қауымдасты. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы арнайы келіп, жалпы жиналыста шаруашылықтың атын бекітті. Сонда Жотатоғаннан отарыла көшіп келген Есім әулеті өздерінің еңбек жолдарын бастады. Әкесі Қасен трактор айдаушы болса, Әбікен есепші қызметіне қабылданды. 
– Әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ, – дейді немере інісі Қуаныш Сапарғалиев. – Әбікен ағамыз момынның момыны еді. Басшылары қайда жұмсаса да бара беретін, өзіне тапсырылған жұмысты қажымай істей беретін. Есепшіліктен бригадирлікке дейін өсіп, бас бухгалтерлік оқуға жіберілді. Оны тамамдап келісімен совхоздың бас есепшісі атанды. Қашан көрсек те әкесімен қатарласып еңбек етіп, шаруашылық экономикасын нығайтуға елеулі үлесін қосып жүретін. 
Сол жылдарда «Басқан» совхозы Ақсу ауданындағы алдыңғы қатарлы шаруашылық атанды. Ет, сүт, жүн, астық өндіру жоспарлары асыра орындалып жатты. Оған өзіндік үлесін қосқан Әбікеннің де еңбегі еленбей қалған жоқ. Совхоз әкімшілігі мен партия комитетінің, аудандық атқару комитетінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары соның дәлелі іспеттес. Суреті Құрмет тақтасына ілінді. 
Артық сөзге бармайтын, елін, жерін барынша ардақ тұтатын Әбікен ағамыз жалпы өнерден де құралақан емес-ті. Той-томалақта домбыраны безілдете тартып, қоңыр дауысымен ән салғанда жұрт кәдімгідей ұйып тыңдайтын. Шаруашылық көркемөнерпаздарымен бірге совхоз клубындағы концертке де қатысатын. 
«Құрақсу» совхозының бұрынғы егері Тынысбек аға былай деп есіне алады: 
– Мен Әбікен ағаның жақын туысымын. Кезінде жиі араласып тұрдық. Әсіресе, ол кісіні жемшөп дайындау кездерінде жиі көріп жүрдім. 1987 жылы небәрі 58 жасында ұзаққа созылған аурудан о дүниелік болды ғой. Кәнігі балықшы еді. Ақсу өзенінің төменгі сағасындағы Қалғанкөл бойынан жаз бойы трактормен шөп шауып, мал азығын дайындайтын. Көлге ау салмайтын. Қармақпен ұстаған балықтарымен-ақ пішеншілерді қарық қылатын. Кітапты көп оқушы еді. Маған ұнайтыны, көп сөзі жоқ, момындығы болатын. Жалпы, момын деген сөз жақсы, адамгершілігі мол адамдарға қарата айтылады ғой. 
Әбікен ағаның әйелі Тұрар тәтеміз қазір 86 жасқа келді. Тоғыз баланың анасы. Құрсағынан бес ұл, төрт қыз бала көрді. «Алтын алқа» белгісінің иегері. Талдықорған өңіріндегі бақытты жанның бірі. 21 немересі, 30 шөбересі бар. Бұл кісілерді кеңестік кезеңнің қарапайым отбасыларының типтік үлгісі деуге болады.

Ұрпақ  жалғастығы
Бұл мақаланың жазылуында Әбікен ағаны кейінгі жастар мен Жетісу жерін жайлаған елі танып-білсін деген мақсат болатын. 
Ағаның отбасындағы тұңғышы Болат Дәкер сонау 1991 жылы республикалық «Азат» қозғалысы Талдықорған облыстық ұйымының төрағасы ретінде жарғақ құлағы жастыққа тимей ел мүддесіне қызмет атқарып, ұлтжанды азамат екенін дәлелдеген-ді. Ал 1993 жылы «Жетісу алауы» әдеби шығармашылық бірлестігінің төрағасы болып, қаламының желі бар жастардың шығармашылығын шыңдауға мұрындық болды. 1987-1996 жылдар аралығында Қазақстан Журналистер одағының Талдықорған облысындағы жауапты хатшысы қызметін атқарып, белсенді азаматтар қатарынан көрінді. 
Иә, «Әркім өз бойына қарап тон пішер» болса, Болат та өз биігін ешкімнен сұрап алған жоқ. Ата-ана тектілігінен ауысқан өзіндік мінез-құлқымен, елгезек еңбекқорлығымен еңсесін тіктеді. Жетпіс жасқа жуықтаған ғұмырында сайрап жатқан өзіндік ізі бар. Ақындығымен, журналистік қабілетімен танылған азамат деуге әбден лайық. 
Болат Дәкер 1972 жылы Өскемен қаласындағы педагогика университетінің тарих және педагогика факультетіне қабылданып, оны 1978 жылы бітірді. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм  туы» газетінде және облыстық телерадио комитетінде қызмет атқарып, тәжірибе жинақтағаннан кейін бұрынғы Талдықорған облыстық «Октябрь туы» – «Жерұйық» газетіне 1979 жылы келіп орналасты. 2002 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жетісу» газетінде жұмыс істеді. 1985 жылы «Қазақстан» баспасынан очерктер жинағы, 1987 жылы өлеңдер топтамасы, 2002 жылы «Қыран ұшар қияға» атты публицистикалық хикаят кітаптары жарық көрді. 
Ортаншы ұлы Ғизат Есімов кезінде Талдықорған облысына қарасты аудандарда ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, облыстық партия комитеті ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық монополияға қарсы комитетінің бастығы және басқа да лауазымды қызметтер атқарды. Қалған ұлдары мен қыздары облысымыздың әр саласында күні бүгінге дейін жемісті еңбек етуде.
Сөз соңында айтайын дегенім, Жотатоған деген жерде «Есімнің бағы» аталып кеткен шағын «оазис» әлі бар. Рас, тоқсаныншы жылдары жергілікті халық отыннан қысылған кезде сол теректерді қиып пайдаланды. Дегенмен, «орнында бар оңалар» дегендей, тамыры қалған ағаштар қайта көктеп, бұрынғыдай өсіп, бұтақтары бүр жаруда. Тамыз айында желмен ұшқан ақ мамықтары бір сәтте ақша бұлттармен астасып кеткендей болып көрінеді.


Нүсіпбай Додабайұлы.