Тетігін тапсаң бірнеше кәсіпті игересің

Уақыты: 31.07.2017
Оқылды: 1822
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қашанда барды қанағат тұтып, шүкірлігін күпірлікке айырбастамайтын көшпелі халықтың ұрпағы кәсіпкерлікке келгенде икемсіздік танытатыны жасырын емес. Әлбетте, жастар санасыздығынан сан соғып, жетесіздігінен табысқа жете алмай қалып отырған жоқ. Маркетингтік сауаттың аздығынан бизнеске бел шеше кірісуден именетіндердің қатары көп. Осы орайда «сапалы қазақтың» санын арттырып, жастарды бизнеске баулып жүрген тұңғыш қазақтілді бизнес-тренерлердің бірі, «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсиламен Талдықорғанға сәті түскен сапарында сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– «Қазақ осы дүние мен малыңды, оңды-солды шашу үшін жинайтын» дейді Қадір Мырза Әлі. Айтыңызшы, аға, осы бір даладай дарқан «шашпа халықтың» баю мүмкіндігі қаншалықты?


– Қазақтың қанында кәсіпкерлікке қатысты терең таным-түсінік жоқтың қасы. Дейтұрғанмен, біздің халықтың бір ерекшелігі бар. Қазақ жеті атаға дейін қыз алысып, қыз беріспеген. Қаны таза. Миының өзге ұлттан артықшылығы да бір төбе. Сондықтан қазақтың фантазиясы, ойлау қабілеті ерекше дамыған. Мәселен, ТМД елдерімен салыстырар болсақ, Өзбекстанда үлкен бизнесмендер өте аз, Қырғызстанда да аз, ал қазақта бизнес әлемінде халықаралық дәрежеге шығып кеткен бизнесмендер жетерлік. Бұл, әрине, мақтанып айтуға тұрады. Десек те, осы ретте бір мәселені атап өту керек. Ұсақ кәсіпке келгенде  қазақтың қосқан үлесі аз-ақ. Өйткені қазақтың өмір сүру дағдысы оған бейімделмеген. Қазір қоғамды толғандыратын, санасында қарама-қайшылық тудыратын екі нәрсе бар. Бірі – «Қайтсем бай боламын?» деген ой. Екіншісі, «Кім бай болғысы келеді?» деп ашық сұрасаңыз, «Мен!» деп топ ішінен суырылып шыға келуге ұмтылмау. Бай-бақуатты болуды біздің менталитет басқаша қабылдайды. «Е, мынау ақшаға құмар екен, есіл-дерті баю, туысын да сатып кетеді» деген түсініктің қалыптасуынан қорқады. Солай бола тұра, «Кім кедей болғысы келеді?» десеңіз, ешкім жауап қатпайды. Мысалы, ұйғырлар балаларын саудаға икемдейді. Қазақ айтады ғой: «Сенде жоқ қулық-сұмдық, тәсіл-айла, Жаралғаннан ойламадым байлық-пайда. Мырзалық, қонақжайлық сорым болып, Сүйегім қалар ма екен тау мен сайда?», – деп. Дүние қуу қазақтың қанында жоқ. Алайда, қиялы мен ақыл-ойы ұшқыр, білімді қазақ кәсіпке тез икемделіп кетеді.
– Расымен, сіз айтпақшы көпшілігінің «баюға ұмтылу» деген көзқарас тым өзгеше: тойымсыздық пен ашкөздікке ұрыну деп қабылдайтындай. Мұндай ескі түсінік неден қалыптасты деп ойлайсыз?


– Мұның екі себебі бар. Біріншісі, Кеңес үкіметінің байларды жағымсыз етіп көрсету идеологиясы санаға сіңіп қалған. Екіншісі, елімізді жаулап алған жемқорлық. Қарапайым халық шенеуніктің табысын жобалап болса да  біледі. Оның жалақысымен керемет көлік мініп, үлкен коттедж тұрғызуына мүмкіндігі жоқ екенін көреді. Бірақ солардың бәрі бай тұрады. Сондықтан халық олардың таза ақшамен келмегенін пайымдайды. Еуропаны қараңыз, «Министрі велосипедпен жүреді, шенеунігі автобуспен қатынайды, қарапайым үйде тұрады» дегенді естиміз, оқимыз. Олар үшін бұл намыстанатын жағдай емес. Әрине, осыдан кейін халықтың көзқарасы өзгермегенде, байлықтан жерімегенде не қалды?! 
«Байлық» дегеннен шығады... Шынтуайтына келсек, кәсіпкер болудың бір ұшы «материалдық жағдайды көтеру» дегенге кеп тіреледі. Осы тұрғыдан келгенде сіздің шеберлік мектебіңіз жастарға қандай бағыт-бағдар бере алды?


– Менің ойымша, (үлкен мансап жолындағы қызметкерлерді қоспағанда) жалақымен-ақ тұрмысымды жақсарта аламын деген жаңсақ пікірге ұрынбау керек. Мәселен, үлкен банк басшылары айына 20-30 мың доллар алады дейік. Солай бола тұра үлкен дәулет құрай алмауы мүмкін. Себебі оның жалақысына сәйкес өмір сүру шығыны да болады. Жүрген ортасына сай ішіп-жейді, киінеді, үйіне қытай жиһазын қоя алмайды, тойға да 50 доллар апара алмайды, солай ғой?! Сондықтан ең абзалы – бизнесмен болу. Бизнесті неден бастасам және қалай бастасам деген сұрақ қоғамның 90%-ын мазалайды. Біреуде бірнеше жақсы идея болуы мүмкін. Бірақ қаражаттың жоқтығы қолын байлайды. Енді біреу несие алып, бар жиған-тергенін бизнеске арнап, сәтсіздікке ұшырайды да тақырға отырады. Менің жобам осылай өз бағытын таппай жүрген жандарға арналады. Бәрінің дей алмаймын, біразының мәселесін шешіп бере аламын. Қай саланы таңдаймын, қай жерде тиімді, қайтсем қателеспеймін? Міне, осы сұрақтарға тренингімде жауап беремін.
– Кәсіпкерлікке баулу мектебі елімізде бұрын-соңды қалыптаспаған сала. Соның салдарынан ба, бірі күдік-күмән артса, енді бірі «желілік маркетингпен» шатыстырады. Сіздің тренингтерге де сенімсіздікпен қарағандар болды ма?


– Болды, әрине. Қазір жастар сіз айтып отырған «желілік маркетингтің» соңынан кетіп жатыр. Несие алып, қарызға белшесінен батқандар да жоқ емес. «Мұнша сома доллар алып келіп, соңыңнан 3 адам ала келуге тиіссің. Сонда осынша уақытта саған пәленбай мың доллар өздігінен түсіп отырады» деген құрғақ қиялға сендіріп, оңай олжамен халықтың санасын улайды. Мен «желілік маркетингті» өзгенің есебінен күн көру деп түсіндірер едім. Өзіңді де, өзгені де қарызға батыру. Көптеген өркениетті мемлекетте «желілік маркетингке» тыйым салған. Ал біздің жастар неге осыған ұрынады?! Себебі, «желілік маркетингті» жарнамалайтындар оны бизнес деп түсіндіреді. Бизнес бастауға үйрететін шеберлік кластарға шақырсам, жастардың біраз бөлігі «желілік маркетингке» адам жинап жатыр деп ұғыпты. 
– Жол бастау – үлкен тәуекел. Жастарға бағыт сілтеп, жолын ашу сіздегі табыс көзінің бір бөлігі ме, жоқ әлде ұлтқа деген патриотизмнің бір көрінісі ме?


– Қазақ бизнес жасамасын, мүлік алмасын деген заң жоқ. «Біз әлі ұйықтап жатырмыз». Чип-чиптеп, аспанға қарап, барымызды тойға шашып жүрміз. Кәсіпті басқалар істеп, мүлік пен жерге басқалар ие болып жатыр. Бұлай кете берсек, кейінгі ұрпақ артымыздан топырақ шашатын болады. Жұмыс істеп, керек білім алып, жер алып, кәсіпорын ашу керек. Сонда болашаққа егеменді елді тапсыра аламыз. Кез келген нәрсенің екі ұшы болады. Бір жағынан, қазақтар кәсіпкерлікті білсе екен, қазіргі заманға сай бизнес жүргізсе деймін. Екінші жағынан, бұл менің коммерциялық жобам болмақ. Себебі мен кәсіпкермін. Кәсібім маған табыс әкелу керек, сондықтан тренингтер ақылы. Ақылы болғанда да қаржысы қомақты болады. Жобаның аясында мен қатысушының қолына ақша әкелетін, дайын бизнес жасап беремін дей аламын. Әрбір қазақ өзінің ұрпағы әл-ауқаты төмен елде өмір сүрсін демесе, қажетінше тырмысып бағуы тиіс. Алла қаласа, немерем болады. Әр адам немересінің сау болғанын, жақсы тұрғанын қалайды. Немерем жақсы тұрсын десем, мемлекетім де жақсы болуы керек. Басқалай мүмкін емес. Кейінгі ұрпағым, немерелерімнің замандастары сауатты, жеке кәсіпті игерген, білімді әрі бай-қуатты болғанын қалаймын. Менің де келешегі зор, экономикасы дамыған шет мемлекетке қоныс аударуыма болады. Менің оған шамам жетеді. Бірақ мен олай етпеймін. «Ит  тойған жеріне» дейді ғой. Ал мен ит емеспін. 
– Кімнен үйрену керек, неден жирену керек?


– Америкадан – бизнес идея, Жапониядан – бизнестің технологиясын, Қытайдан көшіру жағын үйрену керек. Әр халықтың қажет деп тапқан жақсы қасиетін алу керекпіз. Әуелі біз қырғыздардан-ақ үлгі алуымызға болады. Қырғыздар бізден әлдеқайда дамып кетті. Жерасты байлығымыз біздің сорымыз болды ғой. «Голландская болезнь» деген түсінік бар, біз сол ауруға шалдықтық. Голландия жерасты байлығына сеніп қаншама жыл дамымай қалған. Бюджет біткенде бәрі банкрот болып қалды. Мәселен, үштұғырлы тіл деген түсінік қалыптасқалы оған «Тіліміз айыр болып кетті ме?» деп наразылық танытқандарды көріп жүрміз. Бұл саясатты дұрыс түсіну керек. Мысалы, әдебиетті, мәдениетті білгің келсе, қазақ тілін оқы. Ал, техника, бизнес тілін үйренгің келсе, орыс-ағылшын тілін меңгер. Мен кейінгі 20 жыл ішінде 1000 кітап оқысам, соның жиырмасы ғана қазақша болды. Қалғандарын орысша оқыдым және солай етуге мәжбүр болдым. Мен өндіріс орнын қолыма алдым. Соны дамыту үшін қазақша материал іздеп, ештеңе таппадым. Маркетинг, қаржы, логистика, өндіріске қажетті ғылым тек қана орыс тілінде болды. Менің білімім жетіспеді. Сондықтан күні-түні оқыдым. Ал, менің қазақша білім қорым 30 жасқа дейінгі жиған-тергенімнен тұрады. Кезінде Павлодарда 4 жыл тоқтап тұрған үлкен жиһаз фабрикасы банкрот болып, қараусыз қалғанда мен Қазақстандағы ең бірінші әлемдік деңгейдегі өнім шығаратын кәсіпорынға айналдырдым. Екі жыл ішінде үлкен дәрежеге жеткіздім. Новосибирскіге барып Сібірдің алтынын біздің өнім жеңіп алған болатын. Сол кезде мен біздің жиһаздарды суретке түсіремін деп Мәскеуден арнайы фотографтар шақырып, студия жасақтауға мәжбүр болдым. Себебі, Қазақстанда оны суретке түсіретін мүмкіндік болмады. «Америкада сатуға лайық өнімді Қазақстаннан бірінші рет көріп отырмыз. Оның халықаралық талаптарға сай каталогы болу керек. Жиһазды суретке түсіру қиын. Ол үшін үлкен студия керек», – деді. Содан кейін Мәскеуден он шақты адамнан тұратын команда алдырттым. Олар 1 ай жатып, үлкен студия жасақтады. Фотосессия жасады. Қашанға дейін өзгелердің мүмкіндігін пайдаланып, өзгенің көмегіне жүгінеміз?! Өзгеде бар, өзімізде жоқ нәрсені игеруге талпыну керек.
– «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген стереотип сізге арналмағандай көрінеді.


– Мінезімнен де бар, бір жаңа нәрсе көрсем, қызығып, соны істегім келіп, оған дейінгі айналысқан ісімнен көңілім қалыңқырап қалады. Әр нәрсенің басын шала беретінімді кемшілік деп білемін. Дегенмен, заман талабына сай технология, менеджмент дамиды, енді жүйесін дұрыс игере алған адамдарда он, жиырма, отыз кәсіпорыннан бар. Тетігін тапсаң қаншама бизнесті игеруге болады. Қазір керемет дарынды, жалынды қазақ жастарын көремін. Жасырмаймын, сол 25 жасар жігіттерден барып сабақ аламын. Кәдімгідей партаға отырып, компьютерімді ашып, екі айдай сабақ оқыдым. Білмейтін нәрселерімді үйрендім. Соларды көрген кезде кеудемде «Шіркін, қазақ жастарының барлығы осындай болса» деген керемет қуаныш орнайды. Менен жүз есе ақылды, менен жүз есе мықты жігіттер бар, тек ісінің тетігін таба алмай жүр. Сол бір тұсын игерсе, қазақтың дүр етіп көтеріліп, жақсарып шыға келетініне өз басым кәміл сенемін. 
– Тетігін таппай жүргені – экономикалық сауаттың аздығынан болар? Бәлкім, жастарды кәсіпкерлікке жастайынан баулу керек шығар? Мектеп бағдарламасындағы базалық білімге «экономика, қаржы» саласын қосу жөнінде не айтасыз?


– Жүз пайыз қолдаймын. Өте қажет. Елбасы «алдымен экономика, содан кейін саясат» деп айтады ғой. Расында да, тәуелсіздіктің басты кілті – экономикалық еркіндікте. Мемлекет, мысалы, өз ісін дұрыс жүргізе алмаса, зейнетақыны төлей алмаса, ол қалай тәуелсіз бола алады? Мектеп бітірген түлек өмір сүруге дайын болуы керек. Экономика, менеджмент, қаржы деген салалардың әліппесін біліп шығуы керек. Сонда ғана іргесі сөгілмейтін, жастары айбынды, болашағы зор мемлекетке айналамыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңіз оңға бассын!

*Біздің анықтама
Ахметбек Нұрсила қазақтілді бизнес-тренер, «Швабские колбаски» шұжық комбинатының, «Саржайлау» қымыз-шұбат өндірісі компаниясының иесі. Семей-тері тон тігу комбинатының негізін қалаушы. 2001 жылдары Қазақстан Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болған. 

Сұхбаттасқан Қозыбай ҚҰРМАН.