Адамзаттың шырағы сөнбесін

Уақыты: 01.08.2017
Оқылды: 1442
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Халықаралық деңгейде өтіп жатқан ЭКСПО – 2017 көрмесінің аясында Алматы облысының Астанадағы мәдени күндері аталып өтті. Жоғары деңгейде өткен, Астана тұрғындары мен жалпы көрме қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырған осынау шараға қатысып қайтқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «ҚР Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Бикен Римова атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Кендебай Темірбайұлымен арадағы әңгімеміз көрме тақырыбында өрбіді.

– Көптеген отандасымыз еңбек демалысын алып арнайы жол шегіп жатқан Астанаға, ондағы «ЭКСПО» көрмесіне жұмыс сапарымен барып қайтудың сәті түсіпті. Ендеше ең алдымен жер жаннаты Жетісу өлкесінің мәдениет күндерінің қалай өткендігі жайында қысқаша айтып өтсеңіз. Әлем назарындағы Астанадан қандай өзгерістерді байқадыңыз, астаналық тұрғындар жетісулық бауырларын қалай қарсы алды?
– Астанамыз, бас қаламыз болып табылатын ғажайып шаһарға жыл сайын барып тұрамыз десек, артық айтқандық емес. Кей ретте осы жолғыдай жұмыс бабымен барудың сәті түссе, тағы бірде қызымыз, құдай деген құдаларымыз тұратын қалаға туыстық жолымен де жол шегіп жатамыз. Ең кереметі, қай кезде барсақ та Астананы  бұрын байқамаған басқа бір қырынан көргендей, өзгеше бір жақсы жағынан жаңа танығандай күй кешеміз. Бұл жолғы сапарымызда да сондай бір керемет әсерлерді сезініп, тебіреністі сәттерді басымыздан өткердік.
Көрме өтіп жатқан кезеңді әсем ән мен күмбір күй сазына бөлеп, шараның мазмұнын байыта түсу мақсатымен де облыстардың мәдениет күндерінің ұйымдастырылып отырғаны өз-өзінен белгілі жайт. Біз барған кезде басқа да бірнеше облыстың мәдениет қызметкерлері Астананы ән-күйге бөлеп жатты. Әйтсе де жетісулық өнерпаздардың өнеріне жұртшылықтың айрықша жоғары баға бергендігін атап өтпей болмайды. Соның ішінде әлем, қазақ классиктерінің шығармаларын сахналаған біздің Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының ұжымы да көрермендердің өзгеше ықыласына бөленді. Біз қойған үш қойылымды да көпшілік қызыға тамашалады. Мәдениет күндері аясында өнер көрсеткен Сүйінбай атындағы облыстық филармония, облыстық халық шығармашылығы орталығы, мұражайлар мен кітапхана ұжымдарының, қолөнер шеберлерінің өнерлері жайында да осыны айтуға болады.
– Осындай қарбалас шаруалардың арасында көрмені тамашалап қайтуға уақыт таба алдыңыз ба? Астанаға арнайы барып тұрып көрмені көре алмай қайтсаңыз өкініші естен кетпестей болар еді ғой...
– Оныңыз рас. Қуанышқа орай, қойылымдардың арасында бір күн бос уақытым болып көрмені аралап қайтудың сәті түсті. Бұл күнді өмірімдегі естен кетпес шақтардың бірі деп есептеймін. Театрда бірге қызмет атқаратын зайыбым, Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова сол күні дайындықтан қолы босамағандығы себепті көрмені қызықтауға бара алмады. Дегенмен ол да Астанада дәл осы күндері қалыптасқан өзгеше көңіл-күйді, «ЭКСПО-ға» деген қызығушылықты жан-тәнімен сезінді десем болады. Мен болсам, осы күні ертегі әлеміне еніп кеткендей ғажайып күйді бастан өткердім.
– Ендеше осы күнге кеңірек тоқталып өтсеңіз. Ондай күннің әсері оңайлықпен ұмытыла қоймайтын шығар?
– Оған сөз бар ма? Қазір де бәрі көз алдымда тұрған сияқты. Біз Астанаға 10 шілде күні табан тіредік. Арада бір-екі күн өткеннен кейін, яғни 12 шілдеде таңертеңнен «ЭКСПО» қалашығын бетке алдым. 
Білетіндер адамның белгілі бір мәселе бойынша пікірінің қалайша қалыптасуы алғашқы әсерге байланысты деп жатады емес пе? Бұл орайда «Театр киімілгіштен басталады» деген тәмсіл де ойға оралмай қоймайды. Сол айтқандай, біздің де алғашқы әсеріміз жаман болған жоқ. Көрме аумағына кіретін төрт қақпаның бірінің алдынан бізді қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сайрап тұрған  ұл-қыздар әдеппен қарсы алып, бірімізге билет алуымызға көмектессе, енді бірімізге білгіміз келген мәселелерді түсіндіріп, құрақ ұшты. Қақпадан еніп кеткенімізше жанымызда болып, «күндеріңіз сәтті өтсін» деген ақ тілекпен жол сілтеп жатты.
Сөз орайы келгенде көрме қалашығының ішінде «адасып» кетудің мүлдем мүмкін еместігін де айта кетейік. Олай дейтінім, барлық елдердің павильондары орталық нысанды – жұртшылық «Шар» деп атап кеткен «Нұр Әлем» павильонын қоршай орналасқан. Мұның тиімді шешім болғандығына көп ұзамай-ақ көз жеткіздік. Өзіңнің тамашалап болған нысандарың да, әлі бара қоймаған павильондар да тұтастай алғанда көз алдыңда деуге болады. Соның нәтижесінде айналаны тез бағдарлап, уақытты барынша нәтижелі өткізу мүмкіндігіне ие болдық. 
Қалашықтың бұлайша салынуының тағы бір артықшылығы – ана елдің павильонына көрнекті жерден орын берілді, бізді орыннан қысып тастады дегендей өкпе-ренішке жол берілмейтіндігі дер едік. Жолбасшылардың түсіндіргеніндей, әр мемлекет алдын ала қанша орын сұраса, соншама көлемде жер берілген, жоғарыда айтып өткеніміздей, қалтарыста, әлдебір қағаберісте көрінбей қалған нысан жоқ. Содан кейін де шығар, әр елдің өкілдері келушілерді өзгеше ықыласпен, жылы қабақ, жарқын көңілмен қарсы алып жатты. Алдымен үй иелерінің табағына емес, қабағына қарайтын қонақжай халықтың перзенттері емеспіз бе, қарсы алушылардың жылы қабақтарына қарап біздің де көңілдеріміз өсіп жүре берді.  
Әрине, ең алдымен көңіл аударғанымыз, айрықша ден қойып тамашалағанымыз өзіміздің Қазақстанның «Нұр Әлем» павильоны болды.
– Дәл осы жерде аталған нысан жайында кеңірек әңгімелеп өтсеңіз. Жасыл энергетиканың, жаңғыртылатын қуат көздерінің маманы болмасаңыз да зымыран уақытпен бірге қарыштап дамып бара жатқан технология жайынан хабардарсыз ғой. Ұлттық павильон өзінің «орталық» деген атына сай ма екен?
– Жалпы көрмеге келушілердің қатары қалың көрінді. Арасында шетелдіктер де аз емес, кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінен отбасыларымен, бала-шағаларымен келіп жеткен өзіміздің отандастарымыз да жетіп артылады. Солардың барлығының ең алдымен орталық нысанға – «Нұр Әлем» павильонына бағыт алатындықтарын байқадым. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Ең алдымен, павильонның мазмұны өте бай. Жаңа айтып өткендей, жасыл энергетиканың маманы болмасақ та бірден қызықтырып тартып әкетеді. Содан кейін де шығар, жасымыз жетпіске таяп қалса да жас баладай әр экспонатты айналшықтап, қызықтап жүріп қалыппыз. Мәселен, бір құрылғыны аяқпен, қолмен айналдырсаң электр қуаты пайда болады, енді бірін ұстай қалғанның өзінде жарығы жылт етіп, сезімталдығын байқатады. Секіргеннің, адымдап жүргеннің өзінен де қуат өндіруге болатындығын байқадық.
«ЭКСПО – 2017» көрмесінің архитектуралық символына айналған, тұтастай алғанда сегіз қабаттан тұратын «Нұр Әлем» сферасының диаметрі 80 метрді, жалпы биіктігі 100 метрді құрайды екен. Әлемдегі ең үлкен сфера ғимаратының үстіндегі шолу алаңынан бүкіл көрме қалашығы алақандағыдай көрінеді.
Тағы бір атап өтетін жайт – мұндағы әрбір экспонат, әрбір құрылғы өзгеше мәнге, маңызға ие. Бәрі қосыла келгенде еліміздің өткенімен бірге қазіргі жай-күйінен, жарқын болашағынан мол мәлімет береді. Мұның барлығы көрменің орталық нысанының да, басқа құрылыстарының да кеңінен ойластырылып жасалғандығын көрсетеді.
Осынау үш ай бойы бүкіл әлемнің назары Қазақстанда болады десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Осы ретте көрмедегі әр елдің павильонынан орталық «Нұр Әлем» нысанына ойша тартылған тура жол Қазақстан деген киелі шаңыраққа шаншылған сансыз уықты көз алдыма елестетті. Ондай киіз үйдің от болып жанып тұрған шағын макетін орталық нысаннан да көрген болатынбыз. Мұны еліміз болашағының жарқын болатындығының айқын нышанына баладым.
– Көрмеге қатысушы өзге елдердің павильондарынан қандай өзгешеліктерді байқадыңыз? Ауқымды шара бір ғана тақырыптың аясында өтіп жатқандықтан бірін бірі қайталау орын алмады ма?
– Ондай қайталау оқиғасын байқамадым. Керісінше, әр елдің павильонының өзіндік қайталанбас ерекшеліктері көзге ұрып тұрды. Содан кейін де шығар, таңертеңгі 8-ден кешкі сағат 8-ге дейінгі 12 сағат уақыттың қалай өтіп кеткендігін сезбей де қалғандаймын. 
Жайшылықта адам дүкен аралағанның өзіне қалжырап, шаршап қалады емес пе? Бұл жолы шаршағанымды тіпті де сезінген жоқпын.
Жалпы алғанда Тайланд пен Малайзияның, Еуропа мен араб елдерінің, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің павильондары ерекше есте қалды. Соның ішінде маған ерекше ұнағаны Жапония мемлекетінің көрмесі болды. Озық технологияны өте жетік меңгерген елдің мемлекеттік тілімізге деген құрметіне де тәнті болдым. Мұндағы жолбастаушы гидтер бастан-аяқ таза қазақша сөйлеп, бәрін қазақша таныстырып тұрды. Тілді түсінбегендер болса ағылшын, орыс тіліндегі жазбалардан мәлімет алды. Өркениетті елден үйренетін өнегеміздің бірі осы екен деген ойға қалдым.
Біз барған күні көрмеде Германияның Ұлттық күні аталып өтті. Есте қалатындай мазмұнды шараның бірі осы күн аясында ұйымдастырылғанын айтып өтуіміз керек. Көрменің жарқын жаңалығының бірі де осындай Ұлттық күндердің аталуы екендігін осы жерде естідік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде «Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы» деген халық даналығын келтірген болар едім. Сол айтқандай, елімізде тұңғыш рет өткізіліп тұрған көрме жайында қанша естісең де оны көзбен көргендей болмайды.
– Ел мен жердің атын шығаратын да осындай ауқымды шаралар емес пе? 
– Көрмені тамашалау үшін шекара асып келгендердің көпшілігінің Қазақстанды тұңғыш рет көріп тұрғандығына сенімдімін. ЭКСПО-ны қызықтау барысында айшықты Астанамыз бен кең-байтақ Отанымыздың көрікті жерлерін көрген шетелдіктердің еліміз жайында жақсы пікірлерінің орнығып, өзара қарым-қатынастың нығаятындығы, көрмеде паш етілген озық технологияның ел дамуына серпін беріп, болашақта пайдаға асатындығы сөзсіз. «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, ондай жақсылықтарды көрмей жүрген кейбір замандастарымыз жайында не айтуға болады?..
– Сөз соңында газет оқырмандарына қандай тілек айтар едіңіз? 
–Электр қуаты дегеніміздің өзі түптеп келгенде жарық, яғни жылу, шырақ деген ұғымға келіп тіреледі емес пе? Сол жарық пен жылуды, өндіріске қажет қуатты өндіретін табиғи отын көздерінің уақыт өткен сайын ортайып, тіпті түгесіліп бара жатқаны қынжылтады. Ондай байлықтың күндердің күні түгесілетіндігі де анық. Мұның өзі адамзаттың назарын жаңғыртылатын энергия көздерін кеңінен пайдалануға, демек, ғарыштың, күн мен биомассаның, жел мен судың, кинетиканың қуатын барынша қажетке жаратуға аударып отыр. Табиғи байлығының, қуат өндіретін отын қорының молдығына қарамастан бұл мәселені Қазақ елі де қазірден ойластыруда. Оған жарқын дәлел ретінде бүгінгі өтіп жатқан көрмені келтіруге болады.
Осының бәрін ойлай келгенде көкейіме дана бабаларымыздың «Шырағың сөнбесін» деген ақ тілеуге толы батасы оралды. Иә, еліміздің тәуелсіздік таңымен бірге жанған шырағы, жалпы бүкіл адамзаттың шырағы ешқашан сөнбесін деп тілейміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген
Нүсіпбай Додабайұлы.