Алпыстың асуында

Уақыты: 03.08.2017
Оқылды: 1531
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ділмарлар даналығын өміріне арқау ете білген парасатты елдің тектілігіне қарата айтылған нақылдар жетерлік. Тіпті, өрісті өнеріне де өзге ел қызыға қарайтыны бар емес пе?! Мәселен, қазақ музыка өнерінің қазыналы қамбасына еркін бойлаған Г. Потаниннің бағалау мен таңдану мәнерінде айтылған ойын еске түсірелік. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деген пайымы ақиқатпен астасып жатыр. Өйткені, ғасырлар үнін әнмен әрлеп, күймен көркемдеп келе жатқан композиторларымыздың легі бір үзіліп көрген емес. Сол санатта өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген Өмірсерік Араповтың шоқтығы биік екенін жасыра алмаймыз.

Кешегі Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды есімі елге жайылған тұлғалар салған сара жолды жалғап, ән аспанында өзіндік орнын сайлаған Өмірсерік Араповтың туындылары – көпшіліктің көңілінде жатталған, кеудесінде қатталған қазына. Руханиятқа қосылған сол маржан дүниелерді еліне еселеп ұсынып жүрген сазгер бүгінде алпыстың асуына табан тіреді.
Қаламгерлер тал түс деп білетін асуды еңсерген өнер иесі әр сайына саз ұялап, әр бұтасына ән қонақтаған киелі Жетісу өңіріндегі айдынды Алакөл ауданына қарасты Қазақстан ауылында өмір есігін ашқан. Ауылдың топырағына аунап өскен болашақ өнер адамы кіндік қаны тамған атырапта саз сиқырына бойлайды. Яғни, 1967 жылы Үшарал қаласындағы          М. Төлебаев атындағы музыка мектебінің шәкірті атанып, сырнай аспабы бойынша Ермек Бұлдыбаевтың сыныбынан дәріс алады. Кейіннен білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы      А.Жұбанов атындағы республикалық арнаулы музыкалық мектеп-интернатын, одан кейін әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтын «Халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері» мамандығы бойынша бітіреді.
Бойындағы талантын біліммен жетілдірген ол еңбек жолын білікті ұстаздардың дәрісін тыңдап жүрген шағында-ақ бастап кеткен. Шырайлы Шымкентте оқып жүріп, облыстық халықтық «Достық» ән-би ансамблінде сырнайшы, оркестрант және бишілер тобының сүйемелдеушісі (концертмейстері) болып жұмыс істеген. Ал, 1976-1977 жылдары Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрында музыкалық сүйемелдеуші, 1981-1982 жылдары Алматы қаласындағы облыстық «Алматы әуендері» ансамблінің әртісі ретінде клавиштік аспапта ойнаған.
Білікті де білімді, талантты сазгер өнер әлемінде сан аспапты еркін игергендігімен дараланып, қызметін абыроймен атқара білген. Сол табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында көптеген жетістікке жетіп, арнайы марапаттарға да ие болды. Ол өз бойындағы телегей білімі мен өмірден шым-шымдап жүріп жиған тәжірибесін ізбасар жас таланттардың бойына сіңіруге айтарлықтай үлес қосқан қазақ сазгерлерінің бірегейі десек, артық айтқандығымыз емес. Мәселен, 1982-1983 жылдары Сарқан қаласының Мәдени-ағарту училищесінде сырнай аспабының оқытушысы болып жұмыс істесе, одан кейінгі екі жылды І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтында музыка факультетінің  халық аспаптар кафедрасында оқытушы әрі сырнайшылар оркестрінің дирижері, көркемдік жетекшісі ретінде абыроймен қызмет атқарған болатын. Міне, сазгердің өнер жолындағы осындай елеулі еңбектерін, қызметін санамалайтын болсақ, жылдар жылнамасы ретінде тізбелей берсек, оны бір кітапқа арқау ететініміз анық. Ал, нақтылы бедерлесек, ұлт өнері үшін туған азаматтың айбыны асқақ, мерейі үстем екені айтпаса да түсінікті.
Негізінен Өмірсерік Бақытжанұлы 1989 жылдан бастап ән шығара бастаған көрінеді. Шалқар шабыттың асау толқыны кеудесінде ойнақ салғанда ойлы да дана халықтың қазыналы қамбасына өз жауһарларын тоғытуды мақсат тұтқан. Сол мұратына бүгінгі таңда толықтай жетті. Шығармашылық қоржынында әртүрлі жанрдағы 80-ге жуық ән және жеке қобыз аспабына арналған «Дала сыры» атты шығармасы бар. 
Әндері ел жадында жатталған көрнекті сазгердің шығармалары 1999 жылдан бастап Қазақ радиосында үзілмей беріліп келеді. Мұның өзі еңбегінің елге жеткендігі және сазгерді қанаттандыратын жайт. Ал композитордың сан байқауға қатысып, талай мәрте жеңіс тұғырынан көріне білгендігі өз алдына бір пара әңгіме. Оған  2006 жылы Талдықорған төрінде өткен облыстық  М. Төлебаев атындағы композиторлар байқауында төрт номинация бойынша Гран-при иегері атанғандығы мысал.
Композитор ретінде Қазақстан авторлар қоғамының мүшесі әрі көрнекті сазгердің шығармашылық әлеуеті жоғары, тынысы кең, әндері мен туындыларының иірімі нәзік әрі адам жүрегін баурап аларлық бояуға қанық һәм сиқырға толы. Мұны байтақ дала атырабында әнмен әлдиленіп келе жатқан тыңдарман қауымның мақұлдары сөзсіз. Сондықтан да болар, мөлдір туындыларын Өмірқұл Айниязов сынды бірқатар эстрада жұлдыздары мен Қазақстанның  Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбек сіңірген әртістері Мырзахмет Мукаманов, Тұрсынхан Қарақожаева, Бақтияр Тайлақбаевтар орындап жүр. Осының өзі композитордың жеке әлемінің қалыптасқандығының, әр туындысы қараша жұрттың құлақ құрышын қандырып жүргендігінің дәлелі. Мерейтой иесі күзде әнсүйер қауым үшін «Талдықорған – Жетісудың қаласы» атты шығармашылық кешін өткізбек. Сазгер алпыс деген асуға жетіп, тағдырының «тал түсіне» табан тіреген сәтте әр туындысын сүйетін, тынбай сұрау салатын елі барын естен шығармай, шығармашылық жолын әлі де жалғай түссе екен дейміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ