Қытай халқының еңбекқорлығына таңқалдым

Уақыты: 14.08.2017
Оқылды: 1944
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ қызын бетімен жібермеген. Дегенмен, Қытайда оқитын қаракөздеріміздің саны көбейіп келеді. Жаман айтпай жақсы жоқ. Аспан көгінде асыр саламын деп айдаһардың аузына түссе не болмақ? Қадым заманнан  бері қыз баланың қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығымен өлшенген. Оған қатысты ырым-тыйымдар да толып жатыр. Шетелде оқитын жастарымыздың шырайын кетіріп, шілдей тоздырмасына кім кепіл?!  «Қызым үйде, қылығы түзде» дегендей, арулардың болашағына алаңдауымыз заңдылық. Осы орайда Қытайдағы «Ningxia» университетінің студенті Ләззат Күнісбековамен әңгімелескен едік.

– Ләззат, аспан асты елінде біліміңді шыңдап жатырсың! Бұл әркімге бұйыра бермейтін бақ десек болады. Қарапайым қазақ қызы онда қайдан тап болды? Бұл білім ошағына қалай түстің?


– Ілтипатыңызға рахмет. Шетелге бару, әлемдік деңгейде білім алу кез-келген ойы ұшқыр жастың арманы. Сол сияқты мен де білімімді ұштау мақсатында шетелге оқуға түсу жолдарын қарастырдым. Қазіргі таңда шетелде білім алуға көптеген жағдай жасалған. Сондай мүмкіндіктің бірі – «Қытайға жол» бағдарламасы. Мен осы бағдарлама арқылы құжаттарымды тапсырдым. Бағыма орай, Қытай университетінің талабына сай болды. «Оқуға түстің» дегенде қуанышымда шек болған жоқ. Ата-анам басында жібергісі келмеді. Артынан болашағымды ойлап, ақ батасын берді. Осының бәрі І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-дан алған білімімнің арқасында жүзеге асып отыр. Қытай әлемдегі ең танымал елдердің құрамына еніп үлгергендіктен, ондағы дипломыңыз Қазақстанда немесе шетелде жұмысқа тез орналасуға септігін тигізеді..
– Қытайда білім алуыңа не түрткі болды? Оның тілі мен әдебиетін жетік меңгергеніңмен, сол салада Қазақстаннан жұмыс табу жоқ іздегенмен бірдей. Уақытымды жоғалтып алам деп уайымдамайсың ба?


– Қытайда оқу, тұру мен тамақтану ақысы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан. Аз ғана бюджетпен сіз еш қиындықсыз оқи аласыз. Қытай мәдениетімен танысуға және саяхаттауға да қол жеткізесіз. «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл» демекшi, менің ең басты мақсатым тіл меңгеру болды. Сол үшін аянбай еңбек етудемін. Алдыға қойған жоспарым өте көп. Қытай тілі мен әдебиетін терең меңгере отырып қазақ тілімен салыстыру жұмыстарын жасағым келеді, нақтырақ айтатын болсам, екі тілдегі тұрақты сөз тіркесінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын зерттей отырып ғылыми жұмыс жазуға болады. Әрине, оның бәрі оңай дүние емес, бірақ барынша тырыссаң алынбайтын қамал жоқ деп білемін.
Мәселен, қазіргі таңда қытай-қазақша аударма сөздігі жоқтың қасы. Тек қытай қазақтарының төте жазумен қолданатын сөздіктері бар. Біз төте жазуды білмегендіктен, орысша сөздікке жүгінеміз. Оның өзі айтар ойды толық жеткізуге мүмкіндік бермейді. Қазіргі алға қойған мақсатым, алдағы уақытта үлкен жұмыстар атқаруға жететіндей білімімді толықтыру. Аударма саласына да қызығушылығым жоқ емес. Қытай ғұламаларының көлемді туындыларын қазақ тілінде сөйлетсем деген ойым бар. Неге десеңіз, мен қытай халқының білім мен еңбекке деген құмарлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Біз әрқашан жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренсек қана алға озамыз. Сондықтан, уақытымды жоғалтып аламын деп емес, уақыт ұтып жатырмын деп сеніммен айта аламын.
Төте жазуды тілге тиек еткеніңе қарағанда, А. Байтұрсынов енгізген реформадан, біздегі қазақтардың бейхабар екенін нұсқап отырсың. Бәлкім, латын әліпбиіне көшсек, осы мәселенің де шешімін табармыз.  

   
– Қытай тілі – ең қиын тілдердің бірі. Оларда алфавит жоқ, оның орнына иероглифтерді қолданады. Қытай иероглифінің жазуын пиньинь арқылы үйренеді. Пиньинь латын тілінде де жазылады. Олар әлемдік стандартқа сай осылай жасаған. Бізге де латын тіліне көшсек басқа тілдерді меңгеру оңайға түсер еді. Орысшадан ағылшын тілі басымырақ болғаны жақсы. Себебі, латын алфавитін дамыған елдердің көбі пайдаланады. Оның үстіне ағылшын тілінің халықаралық дәрежедегі рөлі басым. Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі әрі қарай жаңғыруына ықпал етері сөзсіз.
 – Әлемді аузына қаратқан алып елдің мәдениеті төмен деп мәлімдеуде барып көргендер. Осыған келісесің бе? «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дейді. Ауық-ауық ауылды аңсайтын шығарсың? 
– Әрине, туған елдің топырағы қашанда ыстық. Басында қиынға соққанын жасырмаймын, бертін келе бәріне де үйреністім. Қазақ болған соң, ауылдың дәмін сағынбай тұра алмайсың. Ұлттық тағамдарымыздың жөні бөлек қой, шіркін. Қай халық болмасын асты жоғары бағалап, қадірлей білген. Сондықтан адам қажеттіліктерінің ішінде тағамды жоғары қойған. Астан үлкен емеспіз. Қытай студенттерімен дастарқандас болған кезім де болды. 
Біреулерге «қытай елінде оқимын» дей қалсаң, бақа-шаянның ортасында жүргендей зәре-құты қалмайды. Иә, олардың жәндіктер мен теңіз тағамдарын сүйсініп жейтіні рас. Алайда, мен қазақ болған соң, ондай заттарға жоламаймын. Тіпті, жолағым да келмейді. Менің міндетім – білімімді жетілдіру, ағылшын мен қытай тілін жетік меңгеру және мол тәжірибе жинау. Сонымен қатар, өз елімнің «Мәңгілік Ел» болу жолында гүлденіп, өркендеуіне, өз үлесімді қосу.
– Сөзіңе қарағанда, сондағы қазақ жастарымен жиі жолығып тұратын көрінесің. Бір-бірлеріңе бауырмалдық танытасыңдар ма?  Қателеспесем, сендермен қатар арман қуып барған басқа ұлт өкілдері де шаш-етектен. Олармен тіл табысып кете алдың ба? 


– Иә, жан-жақтан жиналған жастардың санында шек жоқ. Ерігіп келген ешкім жоқ. Барлығы да Қытайдың беделі мен бағындырған белесіне аса қызығушылық танытып отыр. Бәрімізді байланыстыратын сондағы білім ошағы. Ортақ тіліміз – ағылшын мен қытай иероглифтері. Қытай тілі күрделі болғандықтан көбі ағылшынша сөйлейді. Тіпті, араларында Қазақстан деген елдің бар екендігін білмейтіндері де табылып жатты. Оларға картадан елімізді көрсетіп, Елбасымыздың ерен еңбегін және әлемнің назарын аударған «ЭКСПО – 2017» көрмесін айтып беремін. Барлығы біздің ұлан-байтақ жерімізге және достығы жарасқан ел екендігімізге таңданыс білдіреді. Тағы бір айта кететінім, тіл үйренуге шетелден келген жастардың көмегі көп тиюде. Мәселен, мен жатақханада Судан елінен келген Тасмин есімді қызбен бірге тұрамын. Ол ағылшын тілінде таза сөйлейді. Күнделікті тұрмыс жағдайына керекті мәліметтерді, жаңа сөздерді, тілдің дұрыс дыбысталуын содан үйреніп жатырмын. Былай айтқанда, бір оқпен екі қоянды ату үстіндемін. Мадагаскардан, Африка елдерінен келген жастармен де тез достасып кеттім. Олар мені өз елдеріне қонаққа шақырып та үлгерді. Айтпақшы, америкалық құрбым осында келмекші болған, бірақ мен тілді толық үйреніп алмайынша шақырмауды жөн санадым. Оқып жатқаныма бір жыл болса да, қазір қытай тілін бір адамдай-ақ сөйлеймін. Келесі жылға дейін ағылшын тілін жақсартып алсам, ары қарай кедергі тумайтынына кәміл сенемін. 
Ондағы қазақ жастары үйренсем, білсем, оқысам деген ниетте. Бір-біріне деген жанашырлығы көздерінен көрініп тұрады. Қиналғанда қолұшын беріп, жәрдемдесуге асық. Қайткенмен де, шет елде қазақтың қазаққа ыстық көрінетіні айтпаса да белгілі ғой. Оқуға түскен студенттердің көп бөлігі қыз болғандықтан, сырласып, емен-жарқын әңгімелесіп тұрамыз. Ол кезде қазақ тілінің мәртебесі артады.
– Оқуға түскен жастардың басым бөлігі қыздар деп қалдың. Сөздің шыны керек, қазақ қызынан қалыңдық іздеп жүрген өзге ұлттың өкілдері өте көп. Кейде маған «Күйеу жаман болса қызыңнан» деген мәтел осыны ескертіп айтылғандай көрінеді. Қытай қоғамында қазақ қызына деген көзқарас қалай? 


– Сұрағың өте орынды. Қазақ қызына сөз салып жүргендердің көп болғаны көңіл алаңдатады. Олардың нендей оймен мұндай әрекетке барғанын білмейміз. Қызын қымтап ұстаған ешқашан да ұялмақ емес. Ар-ұятымызға сақ болғанымыз абзал. Дана халқымыз «Қыз бен жылқы жаудыкі» деп мейлінше тәрбиесіне сақтықпен қараған. Өз басым, қытай қоғамынан қазақ қыздарына көз алартып қарағанын көргенім жоқ. Қайта бізді құрметтеп, әдет-ғұрпымызға сай жоралғылар жасап тұрады. Ұлттық ойындарымызды ұйымдастырады. Алдыңғы жылы Ұлыстың ұлы күнін думандатып өткіздік. Осының бәрі қазақ еліне деген құрметі деп білемін. Ата-анасы жақсы тәрбие берсе, қыз ізетті әрі ұқыпты болады. Ал, мен қазақ қыздарының сондай екеніне сенемін.
– Қазақ халқы қызды ұлттың ұятына телиді. Қытайға кеткен сен сияқты талай қыздар қайтып келмей жатыр. Мұндайда әр түрлі ойға кетеді екенсің. Арман қуып барып, ұлттық болмысыңды ұрлатып алам деп қорықпайсың ба?


 – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық болмыстың өзегін сақтау керектігін атап айтқан. Мен ана сүтімен дарыған ұлттық сана-сезімнен, салт-дәстүрімнен, қазақ қызына тән қасиеттен аттап кете алмаймын. Кейінгі кезде, қытайдағы қазақ қыздарының қылығы қоғамда дүмпу туғызды. Бірі білім қуып барып, шұнқырға түсті деп шошытса, бірі қытаймен құда боламыз деп қырық-пышақ болуда. Меніңше, мұның бәрі әшейін қауесет іспетті. Мемлекет сол жақтағы қазақ жастарын үнемі бақылауда ұстаған абзал. Сонда ғана мұндай әнтек әңгімелерден тиылар едік. Өз басым, тегін грантты иеленіп, тектілігін жоғалтқан қыздарды көрмедім. Бес саусақ бірдей емес. Бәлкім, бар да шығар. Бірақ соның алдын алатын азаматтарымыз қайда жүр? Тәрбие тал бесіктен дейді. Балаға ата-ана жақсы өнеге көрсете алса, оның шалыс баспайтыны айдан анық. «Қыз – ұлттың бояуы» деген дана халқымыз. Қыз  баланың тәрбиесін ұлттық болмыстың барлық іргетасымен астастыратын халықтық қағиданы бүгінгі таңда біз де қалтқысыз ұстануымыз қажет. Ұлт тағдыры қыздарға байланысты екенін ешқашан санамнан шығарған емеспін.
– Түсінікті, Ләззат. Шамыңа тидім-ау деймін шамалы. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» деген тәмсіл бар. Сенің батылдығыңа дән риза болып отырмын. Сұхбатымызды түйіндесек. Бізге не жетіспейді? Қытайдан нені үйренуіміз керек? Осы тұрғысынан өз ойыңды айтсаң?


– Елбасымыздың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында атап өткендей, қазақ тілінің басымдылығын сақтай отырып өзге тілдерді үйренуіміз қажет. Жаңа технология, индустрия және экономика салаларының 90 пайызы ағылшын тілінде ақпарат алмасып, жүзеге асады. Әрбір екі жыл өткен сайын олардың көлемі екі есе ұлғайып отыратындығы және бар. Сол себепті біз заман талабына сай білімді болуымыз қажет. Дәуір талғамы жастардың бойынан табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қашанда елдің болашағы саналы ұрпақтың қолында. Біз өркениетті ел болуымыз үшін жаһандық жаңалықтардан да хабардар болуымыз қажет. Әрине ол үшін тілдің маңызы зор. Қазірдің өзінде Елбасымыздың жүргізіп отырған саясаты да соны аңғартады. Қазақ жастарының жердің түкпір-түкпірінде ең беделді деген жоғары оқу орындарынан білім алып келіп жатқандығы, еліміздің мәртебесін өсіріп қана қоймай, әрі жастардың рухани дамуына септігін тигізуде.
Әлемді аузына қаратқан Қытай мемлекетінің жеткен жетістігін бір жіптің бойына тізу мүмкін емес. Алпауыт елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанымызға 23 жылдан асып отыр. Содан бері саяси-экономикалық, сауда-саттық, мәдени және әлеуметтік стратегиялық бағыттағы байланысымыз артып келеді. Менің бір таңғалатыным, қытай халқының еңбекқорлығы. Олар таңнан кешке дейін үздіксіз жұмыс жасайды.      
Бір ұл тәрбиелесең бір әулетті тәрбиелегенмен, бір қыз тәрбиелесең бір ұрпақты тәрбиелегенмен бірдей. Өйткені, қыз – болашақ ұрпақтың анасы. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою, өле-өлгенше баласына қамқорлық көрсету әлемнің бірқатар елінде сақтала бермейтін дәстүр. Жасыратыны жоқ, біз қыз баланы тәрбиелеуде ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерінен алшақтап кеттік. Мұның өзі үлкен тақырыпқа өзек болар ауқымды мәселе. Оның түбін қазбаласақ ұзаққа барарымыз  анық.  Мен ешқашанда ұлтымның ары мен абыройын аяққа таптауға жол бермеймін. Қазір де, болашақта да. Маған сенім артып оқуға жіберген әке-шешемнің үмітін ақтауға бар күшімді саламын.
– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан  
Мұхтар КҮМІСБЕК.