Ұлан даланың ұлы перзенті

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1583
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Біздің апыл-тапыл аяқ басып, тәтті тілмен былдырлай бастаған бал балалығымыз тәуелсіздікпен тұспа-тұс келді. Үш ғасырлық төзіммен, үш жүзден астам толқумен жеткен, атқа қонып, алдаспан асынғандардың арманына айналған, Алаш арыстарының талпынысы, тізе қосып, күні-түні Тәңірден тілегені, кешегі мұз жастанған Желтоқсан жастарының намысын жанып, жалын атқан жүрегіне түрткі болған, одан қала берді көне түркі дәуірінің дарабоздары кір жұқтырмаған кәдімгі қымбат тәуелсіздік. Қазақ үшін құндақтаулы сәбидей аяулы, жылдап күткен шақалағын кеудесіне құшырлана басқан асыл ананың аңсарындай қастерлі, естілген мезетте еңсеңді көтеріп, рухыңды оятатын тұтас ұлттың ұран сөзіндей ұлы ұғым.
Үш жаста екенбіз ақ түйенің қарны жарылып, Алаш жұрты ақсарбас айтқан тарихи күн туғанда. Көш бастағандарды кісендеп, ұлт серкелерін сүргінге ұшыратқан ұзақ жылдық езгіден егемендікке қарай өткел салу тағдыршешті қадам жасауды талап етіпті. Кеңестік биліктің он бес елді бір-бірінен ажыратпас үшін құрған айла-шарғысы – өрмекшінің торындай шырматылған өнеркәсіптік жүйесі қиратылып, әр республика өзінше отау тікті. Қуанышты сәттің басы-қасында болмасақ та, балалық пейілмен бостандықтың лебі ескенін ерте сезіндік. Сырт көз жер аумағы жағынан тоғызыншы орынға табан тірейтін кеңес құрамындағы елдің болашағына сенген жоқ. Саяси сарапшылардың кейбір тобы шикізат көзі саналған алып жердің аумағынан өндіріс орындары ашылып, асқақ Астананың іргетасы қаланарын, ұлттық валютасы шығарылып, тұңғыш Гимні шырқаларын, Көк Туы желбіреп, қос пырақты Елтаңбасы ілінерін дәл болжап біле алмапты. Осыған орай: «Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық. Сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық», – деп жазады Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты соңғы шыққан жаңа кітабында.
Жаңа кітап демекші, «Ұлы дала ұлағаттары» атты Елбасының ойтолғамдары менің қолыма тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойы қарсаңында, былтыр өткен Астанадағы Жастар форумында тиді. Тәуелсіздік сарайының іші әдеттегіден жарық. Айнала отыра қалған жігерлі жастар Ұлт Көшбасшысын асыға күтіп отыр. Мыңға жуық жас орындарынан бір көтеріліп, бір отырып, кезекпе-кезек толқын жасап айқайлайды. Бұл – әбестік емес, керісінше, жастарға тән ерік-жігер мен жаңашылдық көрінісі. Қазақстанның әр бұрышынан бас қосқан мақсаты айқын, міндеті белгілі жас буын сарай ішін салтанатқа бөледі. Қайта-қайта: «Қазақстан! Нұрсұлтан! Қазақстан, алға!» – деген ұранмен Елбасына зор құрмет көрсетті. Кенет Мемлекет басшысының өзі әсем басып залға кірді. Манадан бері ұрандатып отырған патриот жастар сілтідей тынды. Президенттің жүректен шыққан сөзіне құлақ түрген. Елбасы бар болмысымен, салтанатты жүрісімен-ақ ұлағаттылық пен ұлттық мүддені ұқтырып тұрғандай. Бізге сыйға тартқан жаңа кітабы да даналыққа толы.
Қаз-қалпында құлағымда, Елбасының жастармен амандасқаннан кейінгі алғашқы әңгімесі мемлекет үшін қастерлі ұғымдарды тарқатып айтудан басталды. Жақыннан осымен үшінші мәрте көруім. Алғаш ҚазҰУ қабырғасында оқып жүргенде көргенмін. Студенттер қалашығының 75 жылдық тойына ат басын бұрған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры мұнда да тағылымды дәріс оқып, студенттердің білімге деген құлшынысына жоғары баға беріп кетіп еді. Кере қарыс маңдайы, отты жанары, мұқият тыңдайтын қағілездігі ғасырда бір туатын дарынды елестетеді. Әсіресе, көп алдындағы ешбір мүдіріссіз сөйлейін сөзі еріксіз өз алдына бір мектеп тәріздес көрінеді. Бұл жолы да әдеттегідей емін-еркін, маңайын түгел барлап отырды. Жас толқынға қойған сұрағы да мірдің оғындай, дәл, нақты және түсінікті.
Жұмыс компьютердің алдында отырумен өлшенбейді. Кез келген істі компьютер атқара берсе, адамзатты еңбектендірудің орнына енжар етуі мүмкін. Дала төсінде дәнді дақыл себетін, ми қайнатқан мың градустық ыстықта темір қорытатын, білек күшімен зәулім үйлер тұрғызатын, механика мен машиналарды техникалық жөндеуден өткізіп, жүргізе білетін шын мәніндегі жұмысшы жастарды құрметтеуге міндеттіміз. Ел экономикасы осындай күн астында маңдай терін төккен жұмысшылардың қолымен ғана дамиды. Жастар форумында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ғылымда, мәдениет пен спортта, өнер мен өндірісте алда жүрген өрендерге азаттық алған алғашқы жылдардағы уақытша экономикалық қиындықтарды, әлеуметтік ауыртпалықтарды айтып берді. Расында да, Елбасы әр сұхбатында сонау егемендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды жиі мысалға келтіреді. Мұның да өзіндік тағылымы, кейінгі буын жастар алар сабағы бары екені айтпаса да түсінікті.
Қолыма тиген кітап мені бірден баурап әкетті. Форум басталмай тұрып-ақ алғашқы беттеріне кірісіп кеттім. Бұған дейінгі Елбасы кітаптары тым саяси бағытта жазылушы еді. Сондықтан да, оқырманын ә дегеннен тарта алмайтын. Осы жолы жатық тілде жастарға ұлағатты әңгімеден сыр шертеді. Бірыңғай ойтолғамдар топтасқан кітапта тараушаларға тартымды тақырыпшалар қойылған. Қоғамда ең көп талқыға түсетін тақырыптар кітап бетінде тұр. «Өткен күндердің жылнамасы да адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Мемлекетіңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің араласқаның, сан қилы сын сағаттарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа кітабының кіріспе парағында.
Иә, Елбасы сонау егемендіктің алғашқы жылдарында, біздің балалық шақта көрген әлеуметтік, экономикалық ауыртпалықтарды, сол сәттегі тарихи шешімдерді еске алуды ұмытпайды. Мемлекет басындағы маңызды басқосулар, тұңғыш шығарылған тәуелсіз шешімдер, әрине, балдәурен қызығына батқан бізге білінбеді. Алғашқы адымдардың ауыртпалығынан, экономикалық дамудың қиындықтарынан, әлемдік жаңа нарық талабына бейімделу жұмыстарынан ойын баласының мүлде бейхабар болғаны анық. Алайда біздің буынның маңдайына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұрмыс тапшылығын көру, экономикалық дағдарысты еңсеру жылдарына куә болу жазылыпты. Әлі есімде, көше-көшеде күн көсемінің басы бар сарғылт ақшаны арқалап, ерсілі-қарсылы ағылған адамдар сеңдей соқтығысып жататын. Кеңес кезінде есігі жабылмайтын зәулім дүкендер, екі, үш ауысыммен істейтін зауыттар қараусыз қалды. Халық мемлекет асырайды деген әлеуметтік инфантилизммен өмір сүруге көшті. Нарық әлемімен тұңғыш рет бетпе-бет келген адамдар бірінші кезекте кез келген бұйымды сатуға кірісті. Елбасы осындай қиындықтарды қайыра еске түсіріп, халықты «Аязби, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», – деген ертегідегі нақылға жүгінуге шақырады. Яғни, әрбір адам табысына тасынбай, артылса, ағайын-туысқа, алыс-жақын дос-жаранға, мұқтаж жандарға қол ұшын со-   зып, қандай жағдайда да шүкіршілікпен өмір сүруді әдетке айналдыру керек. Тәуелсіз Қазақстанның басты әлеуметтік қағидасы да осыған саяды.
«Осынау тәуелсіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кешірдік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық, – дейді Елбасы. – Қашанда халық бірлігі сарай салғызып, қамал тұрғызады. Бұл сөзді де талмастан айтып, ту етіп көтеріп келеміз. Бағзы бабаларымыздың ұлы аманатын орындау жолында иыққа түскен жүкті ешқашан ауырсынған емеспіз». Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Елбасы әр сөзінде бұл ойын түрлі мысалдармен сабақтастырып, өзінше өрбітіп отырады. Әрбір қазақстандық тарихтың қанды парағын ашуға, оқуға, білуге міндетті. Сонда ғана отансүйгіштік рух оянып, ел мен жерге деген жауапкершілік қалыптасады.
Біздің буын азат елдің аспанында есейді. Бірақ сол бір экономикалық дағдарыстардың салқыны санамыздан өшкен емес. Бастауыш сыныптың оқушысы екенім есімде. Бір күні көрші-қолаңның бірінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы тікелей эфирге шығып, халықпен тілдеседі, қойған сұрақтарына жауап береді деген әңгіме тарады. Өкінішке қарай, ол уақытта бізде теледидар болған жоқ. Күн шыңылтыр аяз. Бірақ жуырда жауған жұқа қар еріп, жердің беті лайланып жатқан. Әлгі хабарды естіген анам да аядай үйде тыныш отыра алған жоқ. Мені қолтықтап, қараңғы түнді жамылып теледидары бар үйлерге қарай аяңдады. Ауылда кешқұрым үйге кіру қиын. Иттері бос. Одан қалса, ұры-қарыдан үрейленген кейбір көршілердің қақпалары тарс жа-бық. Оның үстіне, телефон керек. Ал телефон санаулы үйде ғана бар. Бірнеше үйді аралап көрген анам кері қайтты. Жолай бір көршінің терезесінен теледидар көрініп тұрды. Мен сол жерде қаққан қазықтай қатып, Елбасының тікелей эфирдегі сөзін тыңдағаным жадымнан кетпейді. Анам сонда қандай тұрмыс тапшылығын бастан кешірсе де, Елбасына бар болғаны тәуелсіздік үшін алғыс білдіргісі келіпті. Бірақ ол ойы Президентке жеткен жоқ. Анам әсіресе Алматыда жүргенде отаршылдық езгіні қатты сезінген еді. Ол уақытта ауылдан келген ағайын ана тілінде шүйіркелесуге жүрексінетін дәрежеге жеткен. Қоғамдық көліктерде күнде айқай-шу. Орыс тілінде сөйлеуді талап еткен кейбір топтар ауыл тұрғындарына өктемдік танытып, ұрыс-керіс шығарып жататын.
Тәуелсіздік қандай қастерлі ұғым болғанын бізден бұрын кеңестік кезеңнің қысымын сезінген аға буын жақсы білді. Мұндай жағдай ушыға келе Желтоқсан көтерілісіне ұласқаны, ұлт араздығын қоздыратын, намысын таптайтын қитұрқы әрекеттің басы Мәскеуден шыққан шалағай шешімде жатқанын 1986 жылдың толқуы айқындап берді. Осындай қиын-қыстау кезеңде тұрғындар психологиясын нарыққа бейімдеп, тәуелсіздік ұғымын ұлықтау жұмыстарын жүргізу оңай болған жоқ. Алыс-жақын кейбір елдер бұл кезеңде қантөгіске жол беріп, азаматтық соғыстың аз-ақ алдында тұрды. Бірақ Мемлекет басшысы саясаттан бұрын экономикалық жаңғыртуларға күш салып, халықты демократиялық дамудың даңғыл жолына түсірді.
Жетістікке толы жиырма бес жыл. Өткен ширек ғасырды осылай түйіндеуге толық негіз бар. Өйткені, ХХ ғасырдың соңындағы дағдарыстарды дін аман өткеріппіз. Бір сөзбен айтқанда, өткен ғасыр мен қазіргі кездегі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Ішкі өнімі еселеп өсті. Экономикасы тұрақталды. Осыған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар тек әлеуметтік бағытқа, өнеркәсіпті өркендетуге, жұмыссыздықты жоюға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция құюға арналып келсе, күні кешегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халыққа мүлде жаңа сілкініс әкелді.
Рухани жаңғыру – халық тарихын ешбір кеңестік идеология тұрғысынан емес, шынайы ақиқат жолында зерттеу, туған жеріне тағзым ету, алыстап кеткен бабалар мұрасымен сусындау, беймәлім киелі аймақтарды тізімдеу, ең бастысы латын графикасына өту реформасы. Әлемнің алпауыт елдері Қазақстанның руханиятқа бет бұрған қадамын өте жоғары бағалап отыр. Себебі, дамыған Еуропа бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өрістегенімен, рухани тығырыққа тірелгені туралы түрлі ақпараттар тарауда. Демек, осы тұста Елбасы тағы да дер кезінде шешім қабылдап, мемлекетін рухани байлыққа қарай ойыстырды. Бұл – болашақта жемісін беретін бірегей бастама.
Біздер – жасампаз елдің жас ұрпағымыз. Тәуелсіздік – біз үшін ең қастерлі ұғым. Ұлы далада бір-ақ ұлы ұғым бар. Ол – тәуелсіздік! Елбасы айтпақшы, Қазақстан ендігі кезекте әлемге Ұлы дала елі деген ауқымды атпен танылуы тиіс. Біз сол жолда келе жатырмыз. Бақыт дегеніміз бостандық, оның ішінде рухани бостандық екенін ұғынатын кез жетті. Білге мен Тоныкөк, Күлтегін мен Ер Тоңға, Қабанбай мен Бөгенбай, Абылай мен Бұқар жырау, соңғы ханымыз Кенесары, кешегі Алаш арыстары армандап кеткен азаттық, міне, біздің қолымызда тұр. Тәуелсіздік тәубемен таразыланбайды. Тәуелсіздік тегеурінді жас ұрпақтың білімімен, білігімен, ел іргесін нығайтар бастамасымен, Мәңгілік Ел жолындағы жарқын соқпағымен сақталады. Сол жолда жан беруге дайын ұрпақ қана Мәңгілік Елді мәңгілік етеді.
 
Қуаныш ТҰНҒАТАР.