Қарттарға құрмет көрсетті

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1645
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар», – деп бекер айтылмаған. Төрде отырған ақсақалдар мен ақжаулықты әжелерімізді көргенде төрт құбыламыз тең екені сезіліп, байлығымыз бен базарымыз көбейіп, көңілің бір жайланып қалады. Немересін құшағына алып, мейірленген ата-әжелер бақытты бейнесімен-ақ шаңырақтың берекесін кіргізіп жібереді. Алтын буын асылдарымызды құрметтеуді қазақ баласы еш уақыт естен шығарған емес. Осы орайда Талдықорған қаласының әкімі Бағдат ҚАРАСАЕВ Қарттар күнінің құрметіне облыс орталығындағы жүз ардагердің басын қосып, ізгі ілтипатын білдірді.

Халықаралық мереке аясында «Заңғар» мейрамханасына жиылған ата-апалардың құшағы гүлге толып, кеудесін қуаныш кернеген. Жайылған ақ дастарқан басындағы ақсақалдарымыздың алдына Бағдат Әбілмәжінұлы шығып, құттықтау сөзін арнады.
– Елдің киесі де, иесі де сіздерсіздер, құрметті ата-апалар, – деп бастаған қала әкімі Талдықорған қаласының даму барысына тоқталды. Қаламыздың жайнап, құлпыруына қариялардың да үлестері бар екенін айтқан әкім бар ақсақалдарымыздың ұлағатты сөзі мен көрсеткен тағылымды шаралары бүгінгі жастардың қанаттануына көп септігін тигізіп отырғанын жеткізді. 
 Әр уақытта қоғамдық жұмысқа белсене атсалысатын ардагерлердің еңбегі өлшеусіз. Ақсақалдардың игілікті істерін тілге тиек еткен қала әкімі қарттарымызды төл мерекесімен құттықтап, естелік сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, жастарға ата дәстүрді насихаттауда, қоғамдық жұмысқа атсалысып, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлуде көп еңбек сіңірген Тортай Ізбасқанов, Марат Байханов, Сағым Қабақбаев, Білімдік Қасенов, Дәнекүл Сейтқұлова, Адалят Шарафеев, Барыс Қауысов және Роза Ақжеркенова, Арман Махатов, Елдос Баялышбаев сынды белсенді буын өкілдеріне қала әкімінің Алғыс хаты мен грамотасы табысталды.
Өнер иелері қарттарымызға арнап әннен шашу шашса, ақсақалдарымыз кезек-кезегімен шығып, құттықтау сөзін арнап, құрмет көрсеткен қала әкіміне және оның аппаратына ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын арнады. Бақыт пен шаттықтың құшағында көңілдерін бір серпілткен ардагерлер әуезді әнге би билеп, жайылған ақ дастарқаннан дәм татып, қуанышпен тарқасты.

 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ.