Халықаралық байқауда топ жарды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1229
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Мүмкін сіз достықты жай ғана адамдардың бір-біріне риясыз сенуі, ішкі құпиясымен бөлісуі немесе қиындығын бірге көтерісу деп қана ойларсыз. Шынтуайтына келгенде, достық – жеке бастың ғана емес, тұтас мемлекеттің, күллі әлемнің, дүйім дүниенің құндылығы». Осылайша ой толғаған талдықорғандық оқушы Жайна Тұрарбек Халықаралық түркі елдері ақын-жазушылары бірлестігі мен Қырғызстанның балалар мен жасөспірімдерге арналған «Кырчын» әдеби-көркем журналы ұйымдастырған «Достықтың туын желбіретіп» атты шығармалар байқауының жеңімпазы атанды.

«Астана. ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне орай өткізілген бұл байқауға Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Түркия елдерімен қатар Қазақстанның бірнеше облысынан оқушылар қатысты. Байқаудың әділқазылар алқасының ақтық саралауы Бішкек қаласында өтіп, қазақстандық оқушыларға марапат Алматы қаласында табысталды.
Облыс орталығындағы №25 орта мектептің оқушысы Жайна Тұрарбекті байқауға баптап қосқан, бағыт беріп, ойы мен тілдік шеберлігін шыңдаған осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күләш Келдібаеваның айтуынша, шәкірті халықтар арасындағы достық туралы эссені тақырыпқа сай көркем оймен жеткізіп, шеберлік танытқаны үшін бағаланып, бірінші орын иеленген. 
Қазылар алқасының төрағасы, Халықаралық түркі елдері ақын-жазушылары бірлестігінің Қазақстан бойынша өкілі, ақын Саят Қамшыгердің қолынан Жайна I дәрежелі диплом алса, ұстазы Күләш Келдібаева Алғыс хатпен марапатталды. 
– Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан білім ошақтары да тыс қалып жатқан жоқ. Түркі әлемінің әдебиетіне бет бұру, өзара достық пен ынтымақты ту ету, балаларды сөз өнеріне баулу, ойын еркін жеткізуге мүмкіндік беру – оқушыларды шыңдайтын өте үлкен дүние. Байқауға қатысу барысында біз осы аталған мүкіндіктердің бәрін баланың шынайы сезінгенін, ой түйіп, қанаттанып қайтқанын көрдік, – дейді ұстазы.
Қазылар құрамындағы ақындар Саят Қамшыгер, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Әділғазы Қайырбеков балаларға әдебиет жайында келелі әңгімелер айтып, пікір алмасты. 
Жан-жақтан жиналған оқушылар С. Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің Алматыдағы әдеби-мемориалды музейінде, Жазушылар одағы ғимаратында болып, үлкен әсермен қайтты.

Өз тілшіміз.