Әжелер салған ән қандай!

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 3143
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әр бұтасына өнер қонақтаған Жамбыл жерінде өнерімен көпшілікке танымал болып жүрген ұжымдар көптеп саналады. Сондай өнер ұжымдарының бірі  – «Ақ әжелер» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблі. 

1986 жылы Наурыз мерекесі қарсаңында құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің атағы бүгінде бүкіл елімізге таралған. Аудан, облыстарды аралаған ансамбль мүшелері екі-үш жыл көлемінде бір ғана жоқтаудың 60-тай, жарапазанның 20-дай, сыңсудың 15-тей нұсқасын, беташар, бесік, тұсаукесер, бәдік жырларының ондаған нұсқаларын жинап, қағазға түсірді. Бұл нұсқаларды арқан керу, құйрық-бауыр асату, құда сүйреу, ат қою, қыз ұзату сынды салт-дәстүрімізбен әдемі әдіптеп, сахналандыру өнерінің де саңлағы атанды. Нәтижесінде Мәскеуде өткен халық шығармашылығы байқауының жеңімпазы атанып, бірінші жүлдені иеленіп қайтты. Ансамбль мүшелері түгел Құрмет қағазымен марапатталып, дауыстары орталық радионың Алтын қорына жазылды.
Бұл – 1989 жылдың желтоқсаны болатын. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнерпаз әжелер сол жылдары Қазақ теледидары ұйымдастырған, тікелей эфирден берілген Наурыз мерекесіне бірнеше рет қатысып, көрермендер ризашылығына бөленді. Келесі жылғы наурыз айының 27 – 30 күндері Қазақ циркінде өткізілген «Наурыз – Думанда» өнер көрсеткен әжелер тобы көкірек түкпірінде көздің қарашығындай сақталып келген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді өнер тілінде жеткізе білді. Сол жылдың желтоқсанында Алматыдағы өнер институтында өткен мерекеде дүниенің төрт бұрышынан жиылған сазгерлердің ыстық ықыласына бөленген ансамбль мүшелері түгелдей марапат қағазына ие болды.
1991 жыл ансамбль үшін ең жемісті жыл болды. Осы жылы ансамбль мүшелері Варшава университетінің ректоры Анна Чекановсканың шақыруымен Польшада болып, қазақтың фольклорлық өнеріне қызығушылық танытқан жұртшылық алдында өнер көрсетіп қайтты. Ал наурыз айында Түркия азаматтары Мансұр Тәйжі, Абдулқайым Үнаман, Құмарбек Өмір мырзалардың шақыруымен Түрік елінің Қазақкент аймағында болып, қандастарымызды халқымыздың -салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен қайта бір қауыштырып қайтқанын қалай ұмытамыз?
Ансамбль мүшелері шеберлігінің өсу деңгейін ескере келе Мәдениет министрлігі 1991 жылдың 15 шілдесінде өнерлі әжелерге «Халық ансамблі» деген жоғары атақ берді. Құрылғаннан бергі уақыт ішінде өнерпаз әжелер тобы Алматы облысының барлық аудандары мен қалаларын, бірнеше облысты аралап өнер көрсетіп, бабалар дәстүрін, ұлттық әдет-ғұрпымызды жастарға дәріптеп келеді. Мұндай шаралардың қатарында сол кездегі Кеген ауданының Қарқара жерінде өткен Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресінің ұлы тұлғаларын еске алу күндері, Дүниежүзі қазақтарының І, ІІ Құрылтайы, ежелгі өркениет үлгілеріне куә «Таңбалы тастағы» тағылымды Жібек жолы кездесуі, Алматы облысының 80 жылдығы, Ж. Жабаевтың 150, 160, 170 жылдығы, Қарасай батырдың 400 жылдығы, Астана қаласының мерекесі, Түркістанның 1500 жылдығы, Тараздың 2000 жылдығы, Сүйінбай ақынның 200 жылдығы, М. Әуезовтің 100 жылдығы, Б. Момышұлының 100 жылдығы, т.б. шараларды айтуға болады.
Әжелер өмірі «Адамның жан дүниесі», «Балғын шақ», «Әурелең», «Жыр кесе», «Халық өнері», «Сүйінбай», «Қарасай», «Біржан сал», «Халық дәстүрі», «Президенттің бір күні», т.б. фильмдерде көрініс тапты.
Әжелер ансамблінің мүшелері 1990 жылы өз күштерімен бос қалған интернат ғимаратын жөндеуден өткізіп, колөнер цехын ашты. Онда кілем тоқитын    3 станокта 18 қыз-келіншек жұмыс істеп, бір бөлмеде ұлттық киімдер тігіліп, екіншісінде кестеленіп, үлкен бөлмесінде киіз, пима басылып, сырмақ сырылып, киіз қалпақтар тігілді. Жасалған бұйымдар Алматы қаласындағы «Мирас» дүкенінде сатылып, цехта жұмыс жасаған 30 қыз-келіншекке жалақы болды. Үйрету жұмыстарының барлығын тегін атқарған әжелер жастардың өнер үйреніп, отбасыларын асырауына көмектесті. Цехта белгілі тұлғалар мен сұраныс берген басқа да азаматтардың кілем-бейнелері тоқылды. Сұраныстар тек Қазақстан тұрғындарынан ғана емес, Ресейдің  Санкт-Петербург, Новосибирск қалалары мен Украинаның Днепродзержинск каласынан да түсіп жатты. Цех 5-6 жыл үзбей жұмыс жасап, көптеген жастарды өнерге үйретіп шықты.
Қолөнерін жақсы меңгерген Тұрсынхан мен Гүлнұр тәрізді келіншектер қазір жеке шеберхана ашып, сонда еңбек етуде. Шынар, Әлия, Нәзира сынды шәкірттері өнер колледжін бітіріп, дизайнер болып жұмыс істеп жүр. 
2002 жылдың маусым айында Францияға Қазақстаннан арнайы шақырылған делегация құрамында ансамбль жетекшісі Күміс Пармашқызы да болды. Ол Париж қаласының іргесіндегі «Шантелей» спорт кешенінде тігілген он үйдің бірінде әжелер қолынан шыққан ұлттық нақыштағы әсем бұйымдармен шетелдіктерді таныстырып, алаша, кілем тоқитын өрмек әдістерін көрсетіп, француздардың таңдайын қақтырды. Бұйымдары жоғары баға алып, «Диана - Ермес» атындағы арнайы сыйлыққа ие болып, ел мерейін өсірді.
Өнерімен танылған «Ақ әжелер» халық ансамблі 2001 жылдың қараша айында мәдениет пен өнерді қолдаудың мемлекеттік қоры ұйымдастырған «Шаңырағымыз берік болсын» атты фольклорлық фестивальға облыс атынан қатысып, абыройға ие болды. Үш күнге созылған өнер сайысының қорытындысында «Ақ әжелер» тобы бірнеше номинация бойынша жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болды. 
Қазақстан Республикасының Мәдениет пен өнерді қолдау мемлекеттік қоры да «Ақ әжелер» тобын дипломмен марапаттап, арнайы сыйлық тапсырды. «Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы» әскери бөлімінде өнер көрсетіп, сарбаздарға отаншылдық тәрбие беруге сіңірген еңбегі үшін 0111 әскери бөлімнің дипломымен және Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Бірнеше рет Б. Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімнің Мақтау қағаздарын иеленді.
Облыс намысын алыс-жақын шетелдерде абыроймен қорғап жүрген ансамбль мүшелері өнер ұжымының 20 жылдығына орай автокөлікке ие болды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өтетін аудандар мен қалалардың мәдениет күндерінде шығармашылық шеберліктері үшін бірнеше рет Алматы облысы әкімінің арнайы дипломымен марапатталды. 
Әжелер тобы жастарға отаншылдық тәрбие беру үшін тарихи-танымдық мәні зор саяхаттар ұйымдастыруға да күш салуда. Мәселен, 2006 жылдың тамыз айында «Жамбыл – шежіре» атты экспедиция ұйымдастырып, жыраудың кіндік қаны тамған Жамбыл тауынан бастап Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан өңірлерін аралап, ақын атамыздың 160 жылдығына орай үгіт-насихат жұмысын жүргізіп қайтты. 2010 жылғы қарашада осындай саяхат «Б. Момышұлы рухына тағзым» ұранымен Жамбыл облысындағы батыр мұражайына ұйымдастырылды. Әжелер тобы жастарды өнерге тартуға да көп еңбек сіңіруде. Мәселен, жеті жыл ансамбль құрамында болған Жанар Бұланбаева  консерваторияны бітіріп, қазір Астана теледидарында қызмет істеп жүр. Он жасынан жарапазан айтып, ансамбль мүшесі болган Бейбіт Мамытбаев  та өнер институтын бітіріп, сыбызғы маманы болып шықты. 
Қазір де өнер жолына тәрбиеленіп жүрген 5-6 немересі бар. Соның бірі Айболат А. Жұбанов атындағы саз мектебіне қабылданды. Тәбиға Селезнев атындағы хореографиялық училищеде, Әмина мен Құралай өнер мектебінде. Осындай ортақ мүддеге үлес қосып жүрген «Алтын алқалы» Нұржамал Ыбырайжанова, Абдрахманова Орын мен «Күміс алқалы» Гүлсімхан Әжнұр,  Күміс Кемелбекова, Зарлыхан Ерұзақова, Зульфия Дүйсенова,  Сәткүл Үсіпова, «Қазақстан Республикасының білім беру үздіктері» Абдрахман Байғанаев, Фаина Баймұрзаева,  Бәтек Мұхаметжанова, Шаймхан Исаева, Шекер Сәрсенбиева, Бүкілодақтық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері Алтын Әліпбаева  мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Гүлсім Каренеева  жайында да көп мақтау айтуға болады. «Қазақтың 100 әні» конкурсының жүлдегері Тұрсынхан Жанаманова, 85 жастағы атақты биші әже Үмітжан Ботбаева, әншілер Үміт Тайжанова, Асылхан Нүсіпбаева, Ақылай Күмісбекова, Базаркүл Әжіқожаева, Күлжан Естібаева, Асылхан Мұхаметжанова, Дана Маханова, Алтынай Лесбекова  әжелеріміздің есімдері әрдайым ілтипатпен ауызға алынады.
2016 жылы Жамбыл ауданы әкімшілігінің қолдауымен өздерінің 30 жылдығын тойлаған әжелер тобының әлі де берері көп.

Гүлзада Тұрлаш.
Жамбыл ауданы.