БАС ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1279
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«DA models» сән мектебінің оқушылары «World Asia Beauty – 2017» және  «Universe Beauty – 2017» сұлулық байқауларынаН жүлделі  оралды. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен арнайы брифинг өтті. Брифингке «World Beauty» жобасының жетекшісі және облыс бойынша директоры Әлия Қисапова, «DA models» мектебінің оқушысы Дана Асқарова қатысты. 

«DA models» сән мектебі 2017 жылдың сәуірінде ашылды. Бүгінгі күні сән мектебінде 5-25 жас аралығындағы 23 оқушы бар. Күнделікті жаттығуларын Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткізеді. Ол жерде оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлініп жұмыс жүргізеді. Құрылғанына аз ғана уақыт болған сән мектебінің жетістіктері көңіл қуантады. Облыс атынан халықаралық жарысқа қатысқан 14 жастағы Дана Асқарова Францияның Лакост қаласында өткен «World Asia Beauty –2017» байқауында «Super Model Universe Beauty – 2017» номинациясы бойынша Гран-Приді жеңіп алды. Жерлесіміз 14–25 жас аралығында топ жарды. Одан бөлек, 5 жасар Азалия Кибраева вице-мисс атанса, 9 жастағы Әмина Қасен 2-орынды, Кира Тарасенко      3-орынды алды. 
– Байқау жыл сайын әлемдік сән әлеміндегі аңыз адам – Пьер Карденнің қолдауымен өтеді. Бұл фестиваль достықты ту етеді. Ол жерде дінге, ұлтқа және елге қарамайды. Керісінше, бір атаның бабаларындай араласады. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, ойларымызды айтып, қолдау көрсетеміз. Мен әлі жаспын, әлі де еңбектенуім керек. Осы саланы таңдадым, осы бағытта өзімді дамытамын, – дейді жас модель Дана Асқарова.   
 Бастапқыда Дана Асқарова өз қаржысымен қатысқан. Фестиваль жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы қаржымен марапатталып, келесі жарысқа шақырту алады. Дана келесі жарысқа дайындықты қазірден бастап кетіпті.  
– Мектебіміздің мақсаты – балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, дұрыс сөйлеу мәнерін қалыптастыру, дене-бітімді қалыпта ұстап тұру, камерамен жұмыс жүргізу. Талдықорғанда сән мектебінің ашылғанына аз уақыт болса да  шәкіртіміз, жас модель Дана Асқарованың бүгінгі жетістігі өте жақсы. Болашақта сән мектебіне қатысушылардың санын арттырамыз деген үміттеміз. Ер балаларды қабылдау да ойымызда бар, – дейді «World Beauty» жобасының облыстағы директоры Әлия Қисапова. Облыстағы сән саласын дамытуды көздеген, өзіне мақсат тұтқан сән мектебінің директоры болашақта Жетісу өңірінен жақсы сәнгерлердің шығатынына сенімді.

Мұрат ҚҰЛАН-АЙ.