Құқық қорғау орталығы ашылды

Уақыты: 07.12.2017
Оқылды: 1287
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қарапайым халықтың құқықтық қажеттілігін өтеуді мақсат еткен облыстық прокуратураның бастамасымен Құқық қорғау қызметі орталығы ашылды. Жұртшылықтың прокуратура, ішкі істер департаменті, сотталғандарға қолдау көрсету қызметі, адвокатура, медиация сынды қызметтерді бір жерден алып, уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ, облыс прокуроры Азамат ЖЫЛҚЫБАЕВ қатысып, әлеуметтік маңызы зор нысанның лентасын қиды.

Салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы:
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзінші қадамын іске асыру шеңберінде облыс орталығы Талдықорған қаласында Құқық қорғау қызметтерін көрсету орталығы құрылды. Орталықтың қызметі азаматтар мен заңды тұлғалардың құқық қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға, әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған, – деп жаңа орталықты ашуға мұрындық болған облыстық прокуратураға ризашылық білдірді. – Ғимаратты жөндеу жұмыстарына және орталыққа арнайы құрылғылар алу үшін облыстық бюджеттен 47 миллион теңге бөлінді. Облыс тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған орталық кабинеттермен, күту дәлізімен, аудио-бейнежазу құрылғысымен, ақпараттық экранмен жабдықталған. Прокурорлар мен ішкі істер қызметінің мамандарынан бөлек мұнда нотариус, адвокат, медиатор, әділет және пробация қызметінің кабинеттері жұмыс істейді. Заңдық тұрғыдан кеңес тегін көрсетіледі. Тұрғындарды құқықтық және қажетті қызметтермен қамтамасыз ету билік пен халық арасындағы әлеуметтік байналысты нығайта түседі. Сондықтан орталықтың мемлекеттік органдардың жұмысының тиімділігін, ашықтығын және жариялылығын көрсететін маңызды тетік боларына сенім мол.
Одан соң облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев, прокуратура саласының ардагері Рахымжан Жұмағұлов сөз алып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Бұдан соң салтанатты шараға қатысушылар Құқық қорғау қызметі орталығына кіріп, ондағы жұмыс тәртібімен танысты. Мамандардың жұмыс кестесін көріп, тікелей бейнебайланыс арқылы шалғайдағы Райымбек аудандық прокуратурасының мамандарымен тілдесті. 
Жаңа орталықтың жұмысын жоғары бағалаған облыс басшысы мамандарға құтты болсын айтты.

Мәди АЛЖАНБАЙ.