Сәл нәзіктеу бұл қызыңның өлең еді қанаты

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 2914
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ поэзиясында нәзік сезімнің шынайы суреткеріне айналып, қайталанбас туындылар тудырған Фариза Оңғарсыновадай жауқазын жанды ақындардың сара жолын жалғап келе жатқан Мақпал Мысаның өлең өлкесіндегі қолтаңбасы ерек. «Жетісу» газетінің Қапшағай қаласы мен Іле ауданындағы меншікті тілшісі,  әріптесіміз  Мақпал Мыса жуырда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Алтын тобылғы» байқауында топ жарып, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мақсаттарды жүзеге асыруға арналған «Туған ел» арнайы тақырыптық номинациясының бас жүлдегері атанған еді. Сол жетістігін жалпақ жұртқа сүйіншілеп, сырлы өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық, зерделі оқырман.

АНА, СЕНІ ТҮСІМДЕ КӨРДІМ...

Сен түсімде,
Нанасың ба?..
Ойламай-ақ бас қамын,
Ақша бұлттар арасында
Ағараңдап ақ шәлің.
 
Саған жету қайда маған,
Мен – жердемін, көкте – сен.
Қол бұлғайсың, қайран Анам,
Жетер едім жет десең.
 
Менің жарық жұлдызымның 
Қасиетті бар аты,
Сәл нәзіктеу бұл қызыңның,
Өлең еді қанаты.
 
Сені көрдім  түсім ғана,
Жорып қоям мұңдана.
Мені көру үшін де, Ана,
Сол жұлдызға бір қара!
 
Күн мен күнім жалғасқанда,
Қоңылтақсып үйіміз.
Өң мен түсім алмасқанда,
Жолығамыз жиі біз.
 
Өңімдесің, түсімдесің,
Барын қайтем басқаның?
...Ақша бұлттың ішіндесің,
Ағараңдап ақ шәлің...
 
Саған жетер құсым да өлең,
Ақ нұрға оран, лайым!
Сені көру үшін де мен,
Жерде жүре тұрайын...
 
МЕНІ ОЙЛА
 
Бiз сүйген биiктiк тауларда,
Аққуы қонбаған көл бар ма?
Менi ойла оңаша қалғанда,
Арманға қол созған жолдарда!..
 
Аруға өмiрi жыр дейтiн,
Сыйлады жүрегiн гүлдер де.
Менi ойла кiрпiгiн iлмейтiн
Ай сүйген жұлдызды түндерде!..
 
Толқындар жағаға асылып,
Алтын күн шомылса арайға.
Алыс бiр сапардан асығып,
Оралған сәтiңде менi ойла!..
 
Арманың самғасын арымай,
Өңiңде жүрейiн, түсiңде.
Мен бар деп ойларсың, жаным-ай,
Сен мiнген ұшақтың iшiнде...
 
 Толқыным торықса – тағдырдан,
Өзенде, көлдерде, теңiзде.
Ақ кеме көрiнсе алдыңнан,
Жарығым, менi iзде!
 
Қайықтай керiлген желкенi,
Жазғаны жазылар талайға.
Бұл өмiр сен үшiн ертегi,
Болмауы үшiн де менi ойла!
 
ЕКЕУМІЗ
 
Екеуміз оқитын жырлар да бөлек,
Тілі оның тағдырдың тілі.
Қуатын едік қырдан көбелек,
Жаңбырлы күні...
 
Екеуміз санайтын жұлдыз да басқа,
Жарығы оның анамның көзі.
Жаратқан шығар бұл қызды баста,
Ғаламның өзі...
 
Екеуміз қосылар сарын да бөлек,
Жүректің сонда құштар құмары.
Үзіліп түскен жанымнан ерек,
Құстардың әні...
 
Екеуміз айтатын әңгіме биік,
Ұйқымды ұрлайды тағы да өлең.
Өзіңді жаңа көргендей сүйіп,
Сағына берем...
 
Екеуміз ұшатын кеңістік ерен,
Тұмасы тұнған мөлдір өлеңге.
Қоштасып мәңгі жер үстіменен,
Кетейік сол бір әлемге.
 
Екеуміз қалсақ жанды ұғып көңіл,
Миуалы бақтан жеміс теремін.
– Онда бар, – дейді – Мәңгілік өмір –
Періштелерім...
 
ҚИЯЛИ ӨЛЕҢ
 
Ғарыш жолы көпке елес,
Ой кірпігін ілмейді.
Бақыт деген көкте емес,
Жер бетінде жүр дейді.
 
Өрге тартып өрлейтін,
Қанат керек әуелі.
Өлең мәңгі өлмейтін
Ғұмырымның әуені.
 
Арнамды да толтырдым,
Көкті кезген құсым ба?
Мендік арман сол түннің,
Кірпігінің ұшында.
 
Бұл дертімнің айт емін,
Көңіл рас жаралы.
Жәудіресе қайтемін,
Жұлдыздардың жанары?!.
 
Қанаттылар төбемде,
Ілестіріп күн көшін.
Көшіремін өлеңге, 
Құстың тілін білгесін.
 
Ей, қиялым,
Жел боп ес,
Бар жүгіңді мұңға артып.
Бақыт деген жерде емес,
Көк жүзінде жүр қалқып...
 
              ***
Өлеңім – ардың жолы,
Жаныммен егіз еді.
Сенгенім – тағдыр жолы,
Кешкенім теңіз еді.
 
Қиқулап құстың легі
Елсізде сан егіліп.
Жаным-ай, ұшқым келді,
Жағадан сені көріп. 
 
Түсім бе,
Өңім бе еді,
Жүрегім елеңдеді.
Сүргенім өмір ме еді,
Жазғаным өлең бе еді?!.
 
Көз ұшы – құстың легі,
Өмір бұл талай, талай.
Сенімен ұшқым келді,
Төменге қарайламай...
 
ӘУЕДЕГІ ӨЛЕҢ
 
Аспан,  жердің арасы тұр ағарып,
Беу, Астана, қош дейін жылап алып.
Көкте қалқып барамын,
Көкте қалқып,
Есіл қалып, артымда,
Нұра қалып.
 
Құлагерлер жүгірген құбадай бел,
Жанарлары жәудіреп құралай көл.
Ән де естіліп барады жүрегімде,
Сәл кешігіп ұшқанмен мына лайнер.
 
Аймаласа ақ таңдар ұяңда арай,
Көкке самғап ұшпайсың қиялдамай.
Алашымның арманын аялаған
Астананың әз жұртын қиям қалай?!
 
Ақ нұрлары ақ қардай жауар еді,
Қазағымның даласы, тауы әдемі.
Ақша бұлтпен жарасып жаным бүгін,
Қалқып ұшты өлеңім әуедегі...
 
Оспан атам, Жазкен ағам,  кер жорға жайлы баллада
 
Анам Бибісара Оспанқызының рухына арнаймын
 
Сан сырымды алдыңа тіздім-ау кеп,
Қоңсы қонып отырған ордалыңмен.
Бір білерім – ежелден біздің әулет,
Жүйрік баптап, жаратып, жорға мінген.
 
Бұл тірліктің өзгеше бар ағысы,
Болмаса да байлығы уыстаған.
Нағашы атам Осекең қара кісі,
Тұлпар мініп о бастан ту ұстаған.
 
Парызыңды ұрпағың өтеседі,
Өзің жайлы жыр толғап шабыт күттім.
Оспан атам анамның әкесі еді,
Алды жарық болсыншы жарықтықтың.
 
Жалғыз ғана Жаратқан, Иең пенде,
Айтылмаса естелік көнереді.
Жазкен, Дәурен бастаған жиендерге,
Жан атамның көңілі бөлек еді.
 
Тағдырынан білемін сый күткенін,
Жабы тірлік көңілін қарайтады.
Жорғасы мен Оспанның жүйріктерін,
Көзкөргендер Қайнарда әлі айтады.
 
... Бәрін сездім
бала едім, бәрін көрдім,
Сол бір үндер әлі де құлағымда.
Жорғасымен жарысып Нарынқолдың,
Кер жорғамыз бәйге алған құнанында.
 
Төгілтеді,
Су жорға бұрылмайды,
Сол бір сурет санамда жасайды анық.
– Райымбек бабам! – деп шырылдайды,
Жазкен ағам бақыттан басы айналып.
 
Бір армандар көкейде көктеп еді,
Көз сап тұрып шаң созған шақырымға.
Көз алдымда есейіп кеткен еді,
Жазкен ағам кер жорға тақымында.
 
Жиі оралар сол сурет әсте маған,
Көңілімде көктеген көктемді көр,
Кер жорғаны тайпалтып Жазкен ағам,
Бірінші боп мәреден өткен күндер.
 
...Бал-бұл ұшты бастағы дара бақыт,
– Кім туды екен оңбағыр бөлтірікті?
Қызғаныштан қызыл ит абалатып,
Кер жорғаға у беріп өлтіріпті.
 
Осы хабар жайлады түнгі алапты,
Табылмады әулеттің көңіл емі.
Оспан атам күрсінді, ойға батты,
Жазкен ағам егілді, еңіреді...
 
Маңдайына тас тиді, байқағаным,
Көкейіне сан арман толған ұлдың.
– Тірі жүрсем кегімді қайтарамын!
– Құдай берсін сазайын оңбағырдың!
 
Көкейімнен білдің бе төктім нені,
Намысымыз ең алғаш тапталғаны.
Бауырларым жорғаға көп мінбеді,
Оспан атам бақиға аттанғалы.
 
Жылдар, күндер ғасырдан көшкен аман,
Бүгін, енді, оның да басқа алаңы.
Иномарка рөлінде Жазкен ағам,
Жорға жайлы сиректеу еске алады.
 
Мен сағынам озған күн, тозған айды,
Жан бауырым тағдырға бас игесін,
Жорға жайлы әңгіме қозғамайды,
Оқта-текте мақтайды мәшинесін.
 
Алдымыздан күтеді тойлар анық,
Жетелейді бұл өмір армандыны.
Оспан атам кей-кейде ойға оралып,
Кер жорғаның көңілімде қалған мұңы...
 
Жылдар өтті атамның қайтқанына,
Құйқылжысын көңілдің құсы, мейлі.
Зұлымдыққа лағынет айтқаны ма,
Сол кер жорға түсімде кісінейді...