Құдайы қонақ

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1273
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тақия тақылеттес төбеге қарай жеңіл көлік зулап келеді. Жолдың екі қапталы түгел егін, су толы атыздың ішінде бой тіктеген күріш самал желмен ырғала тербетіледі. Шілденің шіліңгір ыстығы таңдай кептіріп, кабина ішін қапырық жайлаған.
– Балам, мені қайда апара жатырсың? – деді ақсақал шоқша сақалын сипап. Әжім басқан кең маңдайынан тер сорғалап, шүңірек көзін жасауратып келеді. 
– Әке, орайы келген соң ол жерге соқпай кеткеніміз жөн болмас. Бұл жаққа енді қашан келеміз?
Баласының ұялы телефоны шырылдай жөнелді. Қоңырау шалған Ким мырза екен. Тұтқаның ар жағындағы жағымды дауыс іш-бауырына еніп, елітіп барады.  
– Ким мырза, сәлем бердік. Біз де келіп қалдық, – деді Тұрлыбек баласы нақтылай. – Иә, иә, Бастөбе тауына қарай бет алып барамыз...
– Жақсы, біз таудың етегінде  күтіп аламыз, – деді таныс дауыс.
Көп ұзамай сүліктей қара көлік жоғары өрлеп, Бастөбе тауының етегіндегі сүрлемді жолға түсті. Таудың оң қапталындағы зираттардың жанына келіп тоқтаған. Ақсақал көліктен түскен бойда елгезек кәріс жігіті жылы жымиып қарсы алды. Бақкелді ақсақал белін жазып, терең тыныстады. Жарықтық, жусан иісі мұрын жарып, аптап ыстықта маңайды хош иіске бөлеп тұр. Желдің толқынды лебі жіпсіген маңдайын өпті. Бойы тапалдау, төртпақ денелі, жарқын жүзді кәріс жігіті ақсақалмен қос қолдап амандасқан.  Өзі бұрыннан таныс жандай еркін сөйлейді. 
– Қалай жеттіңдер? – деді кәріс жігіті құрақ ұшып. Күнқағар қолшатырын қарияға тақап, көлеңке түсірді.  
– Е, жақсы айналайын, рахмет! – деген Бақкелді беторамалымен маңдайын сүртіп, төңірекке көз тастады.  
– Сіздер келеді деген соң шатыр тігіп, салқын сусын әзірлеп қойдық. Төрлетіңіздер, – деп тағы бір кәріс жігіті зырылдап жүр. 
   Ақсақал баласына қарады. «Әй, мыналар бізді бір бастықтармен шатастырып алған жоқ па?» деді көңілі сеніңкіремей. Баласы күлімсіреп:
–  Әке, олар бізді күтіп отырды,  –  деді. 
– Бізді күтетіндей не жақсылық жасап едік? 
– Ой, әке, құдаңыздың ауылына бара жатқанда Эдикке хабарласып едім, сізді келсін, сыйлап жіберейік деп болмай жүріп осында шақыртты емес пе?
– Ә, солай ма? – деді ақсақал аң-таң болып. Жан-жағында қоғадай жапырылып жүрген кәрістерге ойлана қарап қалды. Бәрі көлеңкелі шатыр астына жайылған мол дастарқанға келіп жайғасты. 
– Әке, танысып қойыңыз, бұл Эдик деген балаңыз болады. Кимнің немересі.
–  Қай Ким? – деді Бақкелді бейтаныстың жүзіне үңіле түсіп.
– Ақсақал, сіз бұл жерді жақсы білуіңіз керек? – деді Эдик. Бақкелді жотада күнге темірі шағылысқан зираттарға сөз салды. Бұл жерге көптен бері келмеген екен. Айналаға жол түсіпті. 
– Е, жас кезімізде осы қасиетті жердің суын ішіп, ауасын талай жұттық қой. Ол күндер ұмытыла ма? 
– Ақсақал, сіздің жастау кезіңізде менің атам Ким отбасымен сіздермен бірге бір үйде тұрыпты. 
– Е, солай де... Ким жарықтық өте пысық адам еді...   
Бақкелдінің есіне сонау отызыншы жылдардағы қиын-қыстау заман түсті. Әлі есінде, Үштөбеге темір жол арқылы эшалондармен талай бейтаныс ұлт өкілдері келіп еді. Қаншама күн суық вагон ішінде аштық пен ауыртпалық арқалап, Қаратал топырағына аяқ басқан мүсәпір жандардың аянышты халі, жәутеңдеген жанарлары көз алдынан кете қояр ма? Үстілеріне көнетоз киім киінген, түйіншектерге оралған азғантай заттары, шиттей балалары бар бейтаныс адамдар вагондардан аңтарыла түскенде жұрт таңырқап қалған еді. 
Отағасы таңертең дабырлаған дауыстарды естіп, қоржын тамнан шықты. Қарсы алдынан үстінде күпәйкесі, басында ақ шалмасы бар, қысық көзді, түр-тұлғасы қазаққа келіңкірейтін бейтаныс адамдарды көрді. Жанында кірпігіне қырау қатқан әйелі мен тісі-тісіне тимей қалшылдап, бүрсектеген баласы тұрды. Көше бойында сырттан келгендерді әр үйге орналастырып жүрген басқарманың дауысы жарқын-жарқын естіледі.  
– Ағайындар! Сонау Қиыр Шығыстан елімізге корейлер келді. Бәріміз бауырмалдық танытып, құшақ жая қарсы алайық! 
Хрустальдай сыңғырлаған шыңылтыр аязда иттердің абалап үрген дауысы қоса естіледі. Бақкелдінің соңынан әйелі Ұрқия шыққан. Есігінің алдында суық пен аштықтан дірдек қағып тұрған бөгде адамдарды көріп, тосырқап қалды. 
– Бұлар кімдер, отағасы-ау?  
– Кәрістер дейді. 
– Байқұс-ай, бастарына не күн туды екен?!
– Е, басқа түссе, баспақшыл деген. Әне, басқарма бұларды әр үйге кіргізіп жатыр. Біз де бұл байқұстарды үйімізге кіргізіп, паналатайық. 
–  Отағасы-ау,  үй дегенің екі бөлме емес пе? 
– Көңіл сыйса, бәрі сыйады, кемпір. Бұлар енді қайда барады? Далада үсіп өлмей ме? Ана баланы қарашы, суықтан дірдектеп тұр. 
Жұбайы үндемеді. Екі көзі ана мен балада. Аналық мейірімі оянып, қарақаттай көздері күлімсірей қарады.  
– Ассалаумағалейкум! Қош келдіңіздер! – деді Бақкелді алдарынан шығып. Емен-жарқын амандасқан. Отағасының жылышырай танытқанына іші жылып қалған кәріс жігіті басын изеп, көздері күлмеңдеп сала берді. Жанында тұрған әйелі мен баласын құшақтап қояды. Бәлкім, өз еркімен үйіне кіргізген жергілікті тұрғындарға риясыз көңілін көрсеткісі келді ме? Әлде, отбасының неше күнгі аштық пен суықтан аман қалғанына Жаратқанға шүкірлік қылып, жасаған ишарасы ма? Бақкелді бейтаныс мейманның мерейі тасып тұрғанын байқады.     
Бейтаныс адамдар тоқал тамның ішіне енген. Жылы үйге кіргенде жылап жіберуге шақ қалған. Аяз аймалаған алқызыл албырт жүздері пеш ішіндегі жалқын жалынның қызуымен шырайланып сала берді.   
– Ал, үй осы, жайғасыңыздар! – деді отағасы босағада үрпеиісіп тұрған құдайы қонақтарға. Үстіндегі сырт киімдерін шешіп, төрге оздырды. Жат жұрттықпен шүйіркелесіп, еркін сөйлесіп кетпесе де, ыммен, көзқараспен бәрін түсінгендей болған. Ұрқия шай демдеп, дастарқанға азын-аулақ азықты шығарды. Дөңгелек үстел үстіне бірер тілім нан, бес-алты түйір құрт, бір тостаған бидай қойылды. Аштықтан арып-ашып, есін енді жиған жұртқа бұл молшылық еді.  
– Келіңіздер, төрлетіңіздер! – деді Бақкелді малдас құрып. 
– Алыстан келген екенсіздер, әлденіп, жылынып алыңыздар. Бүгіннен бастап сіздер бізге бөтен емессіздер. Осы үйдің бір мүшесі боласыздар. 
Өзін Ким деп таныстырған кәріс жігіті «жақсы, мақұл» дегендей, ишарамен басын изеп отырды. Шай ішіліп болған соң Бақкелді:
– Ұрқия, екі бөлменің бірін босат. Мына кәріс бауырларымызға берейік. Қысылмай, еркін жайғассын, – деді. Сол күннен кейін Кимнің отбасы бір атаның баласындай болып кетті. Кейде үйде ас болмаған күнде кепкен бір тілім нанды екі отбасы теңдей бөліп жеді. Бақкелді кәріс жігіті екеуі қыстай Қаратал өзенінен балық аулап, қоян-қарсаққа тұзақ құрып, көкөзек шаққа тарықпай жетті. Эшалондардан түскен кәрістердің кейбіріне үй жетпей, Бастөбе тауының етегіне жертөле қазып, ғұмыр кешті. Көктемде ауыл бастығы жер бөліп, кәрістерге күріш ектірді. Бақкелді сонда кәріс ағайындардың еңбекқорлығына аса сүйсініп еді. Жазғытұрым кәрістер жеке баспана тұрғызып, ел қатарына қосылған. Қазір ойлап қараса, өткен өмірінің  бәрі ертегі секілді...
– Ақсақал, сізді Ким атам жиі еске алып, аузынан тастамай айтып отыратын, – деді  Эдик. 
– Е, о заман да бастан өтті ғой. Тәуелсіздікке жеткенімізге Жаратқанға мың да бір шүкір. Атаң жақсы адам еді. Сен де атаңа тартқан қайырымды жан екенсің. 
– Атам да, әкем де дүниеден ерте озды. 
– Иманды болсын! – деп ақсақал бет сипады. – Бұл Қаратал өлкесі талайларға пана болған киелі жер ғой. Анау зираттарда осы ауданның, елдің өркендеуіне өлшеусіз  үлес қосқан азаматтар жатқанын білемін. 
– Ақсақал, сізді көріп, атамды көргендей болып отырмын. Атам да, әкем де сіздердің қиын-қыстау кезде жасаған қайырымдылықтарыңызға алғыс айтып жүр деп жиі айтатын. Атамның аманаты – біз үшін қасиетті. Ақсақал, атамның, әкемнің, бүкіл корей ұлтының қазақ халқына алғысын тасқа түсіріп едік. Соны сізге көрсетсек дейміз. 
Бәрі тегіс жиылып, Бастөбе тауы етегіндегі шаңырақ іспеттес монумент алдына келді. Эдик марқұм болған аруақтарға құрмет ретінде бір тал гүл шоғын қойды. Бақкелді ақсақалдың көзіне тасқа қашалып жазылған жазулар оттай басылды. «Қазақ халқына мың алғыс!». Тасқа бәдізделген осынау сөздерді іштей күбірлеп, қайталай берген қарияның жанарын жас жуып, ақ сақалына бойлай сіңіп жатты.

Асхат Өмірбаев.