Қасиет қайдан демеңіз...

Уақыты: 15.10.2023
Оқылды: 2142
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жоңғар Алатауының сілемдерінен оқшаулау орналасып, алыстан мұнартқан Баянжүрек тауының батысындағы  Қоңтәжі шыңы мен шығысындағы Алтыншаңырақ, Аршалы таулары көрген адамды тамсандыратын тұмса табиғатымен ерекшеленеді. Бұлтпенен тілдескен осы таулардың етегіндегі  мың сан бұлағы сылдырай аққан Мұзбұлақ жайлауында Қапал ауданының шопандар тойы өтіп жатқан.   Мал тұяғы тимеген, шалғыны белуардан келетін жасыл алқапқа тігілген ақ шаңқан үйлер  көркем өлкеге  одан сайын көрік беріп, мереке мәртебесін асыра түскендей.  Бір жерде  аламанға қосылатын сәйгүліктер осқырынса, енді бір тұста  балақ-жеңдерін түрген балуандар ойқастайды. Ауыл сыртындағы қазан-ошақтан көкке көтерілген түтіннің айналасында  ас қамымен жүрген қауымның өз қызықтары өздерінде. Ал, жалпы жұртшылық ашықтау алаңға орнатылған сахна маңына жиылып, әнші-бишілердің өнерін тамашалауда.

Бұл өзі қарапайым адамдардың еңбегіне ерекше мән беріп, лайықты марапат көрсететін кез еді ғой. Соның ішінде төрт түлікті түлеткен малшы қауымы жылына бір рет осылай құрметке кенеліп, әжептәуір марқайып қалатын. Салтанатты жиынның ашылғаны жайлы хабарланғаннан кейін сахнаға қалақтай домбырасын құшықтаған қара бала шығып, шопандарға жырдан шашу шашқан. Ақынның тойға арнау айтуы  дәстүрде бар дүние.  Сөзге бір табан жақын болғандықтан мен баланың өлеңіне құлақ қойғанмын. Мектеп оқушысы дейтін емес, сөз саптасы ірі. Ойлары жұмыр, сөздері шымыр шығып жатты.  «Домбырасының құлақ күйін әдемілеп келтіріп беріп, баланың ел алдында айтатын арнау өлеңін біреу жақсылап-ақ жұптаған екен» деген ойдың сол заматта қылаң беріп өткенін несіне жасырайын. Одан кейін ұзақ баяндама оқылып, артынан озат шопандар марапатталып, жылына бір мәрте қайталанатын  қызық-думан жалғасын тапқан. Мұның соңы ән мен биге, балуандар күресі мен аламан бәйгеге ұласты. Арадағы бір үзілісте аудандық газетке берілетін материалға тұздық болу үшін  өлеңін ала қояйын деп жаңағы жыршы баланы іздестірдім. Алысқа ұзай қоймаған екен. Додалы дүбірден оңашалау бір тұста, үлкен қой тастың үстіне шығып алып, етектегі табиғаттың құбылысын тамашалап отырған үстінен түстім.

- Жаңа жыр-шашу айтқан өзің емессің бе? Мен аудандық газеттің редакторы, Қуат деген ағаң боламын. Жаңағы өлеңіңді бере қойшы, газетке басып жіберейін, – дедім әңгімені созбақтамай. Бала бетіме тайсалмай қарап:

- Мен өлеңді сол жерде шығарып айттым. Қазір не айтқаным есімде жоқ!.. – деп қарап тұр.

Мұндай жауапты күтпегендіктен бірден не айтарымды білмей, «Жарайды, онда әуре болма...»  дей бергенім есімде.

Дәурен Қуат деген болашақ қаламгермен алғаш рет осындай жағдайда танысқан едім. Кейіннен Талдықорған облысының намысын қорғап жүрген айтыс ақындары Қаныша, Жандарбек, Айтақындардың жанынан жиі көретін болдық.  Талабына сүйсінгеніміз де рас. Алқалы топтың алдында суырып салып өлең шығарудың қаншалықты қиын да күрделі екенін білетіндіктен  інімнің әр қадамына сәттілік тілеп отыратынмын. 

Сөйтіп жүріп Дәуреннің Қапал  кәсіптік-техникалық училищесінде қызмет жасайтын ағалары Боранбай, Қойшыбайлармен таныстым. Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақ-адал, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін тәрбиелі, дегдар жігіттер екен.  Білісе келе ағайындай араласып  кеткенімізді сезбей қалыппыз. Олардың шаңырағындағы той-қуаныштың ортасынан табылатын болдық.  Орталығы Суықсай ауылында орналасқан «Ақсу» қой кеңішарында  шопан болып еңбек ететін ата-аналары қазақылықтың қаймағы бұзылмаған  өлкенің азаматтары болып шықты. Әкелері Қасен (Қасейін) ақсақал жас демей, кәрі демей келген қонақтың барлығын құрметпен қарсы алып, мырзалық танытса, анамыз Қуанышхан аста-төк дастарқанын жайып отыратын.

Ет желініп, шай ішілгеннен кейін кезек әңгімеге берілетін. Теміржолдағы әскери тәртіпке мойынсұнып өткен әкем мен анамның тақ-тұқ тірлігі мен интернаттың тәрбиесін көрген мен үшін бұлардың мамыражай өмірі, таусылып бітпейтін өнегеге толы естеліктері, ғибратты әңгімелері тіптен қызық. Жай айтып отырған сөздерінің өзі  көркем шығарманың кестелі тіліндей өріледі. Мақал-мәтелдер мен қазақтың көне нақылдарын орын-орнымен қолданғанда таңдайыңа тәтті түскендей тамсанатының тағы бар.  Қуанышхан анамыз сөйлеп кеткенде  ойын мақалдап жеткізетіні,  одан Боранбай мен Қойшыбайдың да қалыспайтынын сан аңғарғам. Мәселен, қорылға басып жатқан әлдекімге қаратып: «Мына сабаздың жау түсіріп келгендей ұйқысын айтсаңшы...» – дей салуы немесе әңгімеге киліге берген жанға кейігенде: «Әй, өзің шаужайға жармаса бермей, сөзге қонақ берсеңші...»  деп тәпсірлеуі сүйсіндірмей қоймайтын. «Шаужай» дегеннің не екенін қазақ тілінің кәусарына қанбаған жанның біле бермеуі мүмкін. Қазақы сөздің қаймағын қалқып ішкен  өнегелі де өрелі отбасының үлкен ұлы атанғаным да осы кез...

Аздан кейін айтысқа да кезек  берілетін.  Мұндайда осында аға шопанның көмекшісі болып еңбек ететін анамыздың бауыры, Дәуреннің нағашысы – Құрманақынға жетер ешкім жоқ. Азан шақырып қойған аты ұмытылып, былайғы жұртқа Ақын аға атанып кеткен  сабазың өлеңге келгенде қамшы салдырмайтын. Келе-келе еті қызған жүйріктей жүйіткитінін қайтерсің. Мен анда-санда «әу» дейтін әдетіме салып ұйқас іздеп ышқынып отырғанда, ол қазақтың қара өлеңінің сүрлеуімен  өлең-жырды тоғытқанда тоқтау сала алмай амалың құриды. Небір ажарлы ой, ұтымды ұйқас, сергек сөздерді осы ортадан кездестірген едім. Қасиет қайдан демеңіз... Осындай ортада бұла өскен Дәуреннің әдебиетке немқұрайды қарауы, қаламгер болмауы мүмкін емес қой.

Мектепті бітіріп, жоғары оқу орнына түссем деген Дәуреннің алғашқы қадамы сәтсіздікке ұшырағаннан кейін ауылы Ащыбұлаққа қайтып келіп, әскерге аттанғанша әке-шешесінің жанында болуды ұйғарған екен. Осы хабар құлағыма шалынысымен шаруашылық басшысы, ол да Дәуреннің нағашы ағасы – Жолай Мергенбаевқа  хабарласып, ақын баланы шұғыл Қапалға жеткізіп беруін сұрағам. Орайы келсе талапты жасты жұмысқа алсам деген ойым бар. Ол кезде шалғайдағы аудандық газеттерге маман келтіру қиын еді ғой. Көп кешікпей Дәуренім де редакцияға келді.  Аз-кем әңгімеден кейін алдына ақ қағазды қойып, жұмысқа кіру жөнінде арызыңды жаза ғой демеймін бе. Дәурен болса: «Мен жалпы «арыз» деген нәрсені суқаным сүймейді. Соны жазбай-ақ қойсам қайтеді...» – дейді қасқайып. Оның мына сөзіне қитыға қалсам да сабырға жүгініп: «Ендеше «өтініш» деп жаз!» десем керек. Осылайша кеше ғана мектеп қабырғасынан түлеген жас жеткіншек Қапал аудандық «Қапал еңбеккері», «Капальский труженик» газетінің тілшісі болып шыға келген.

Мектепті жаңа бітірген жас талап былай тұрсын, қалтасында дипломы бар маманды да кейде хабар жазудан бастап қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ондайлардың талайын көрдік те. Алайда Дәурен  газет жұмысына бірден тартылып, жанр-жанрды тез меңгеріп кетті.  Оған сол кезде тағдырдың қара желі айдап Қапалдан табылған қабырғалы қаламгер, кәсіби аудармашы Мұрат Тоқбергеновтың да септігі тисе керек.  Жұмыстан қолдары  босағанда Дәурен екеуі  қазақ-кеңес әдебиетін ысырып қойып, әлем әдебиетін шарлап кететініне сан куә болғам.  Бірі кәрі, бірі жас – екі бойдақтың әңгімелері таусылмайтын.

Дәурен  алғашқы мақаласымен-ақ  қатарымызға қосылып жүре берді демедім бе.  Колхоз-совхоздарда  атқарылып жатқан жұмыстар, шаруашылықтардың жетістіктері мен кемшіліктері оның қаламына іліксе, құлпырып шыға келетін. Дегенмен, әлеуметтік мәселелер, жеке адамдардың тағдыр-талайы оң жамбасына келетіні де сезілген.  Мәселен, аудан орталығындағы құрылысшылар жатақханасында тұратын жалғызбасты әйелдің ауыр да аянышты тірлігі жайлы жазылған «Көп ішіндегі бір жалғыз...» атты мақаласы үлкен толқыныс тудырғаны есімде. Жас шағында айтулы өнер тұлғаларының концерттерін жүргізген конферансье келіншек ауруға шалдыққаннан кейін далада қалып, ақыры Қапалдан бір-ақ шыққаны шынайы әрі жеріне жеткізіле айтылғаннан кейін  қуылып отырған жатақханасында қалғаны біздің жеңісіміз болғаны анық.  Бүкіл ауданның берекесін алып жүретін арызқой әйелдің заңға қайшы әрекеттерін әшкерелейтін «Зауал» атты үлкен мақаласының соңы үлкен дауға айналып, ақыры «Егемен Қазақстан» газетінің араласуымен біздің пайдамызға шешілгені өз алдына бөлек әңгіме.

«Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу!»  демекші, Дәуреннің аты, дақпырты жоғары жаққа да жетіп жатқан екен. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұста қаһарынан қаймықпастан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына қарсы шығып, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған облыстық «Октябрь туы» газетінің бас редакторы, үлкен жүректі,  ұлтжанды азамат Тұрсын Әбдуәлиев  хабарласып, Дәуреннің жағдайын сұрағанда алғашында таңғалғаным жасырын емес. Сөзінің соңында ағамыз Дәуреннің алдын бөгемей,  үлкен жолға салу қажеттігін айтып, облыстық газетке қызметке шақырды. Алдында ғана әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетіне сырттай түсіп келген Дәуренге ақ жол тілеп, шығарып салдық. Ұлымыздың мәртебесі өскеніне шындап қуанғанымыз да рас!

Ол облыстық басылымда жемісті еңбек етіп, жазбаларымен жұртшылықтың назарын өзіне бірден аудара алды. Мақалалары айтылар ойдың маңыздылығымен ғана емес, әдемі сөз кестесімен де ерекшеленетін. Салақұлаш кіріспе сөзді ұнатпайтын ол салып ұрып мәселеге төте баратын да тақырыпты талдап, таразылап оқырманның ойындағыны дөп басатын, ондыққа ғана тигізетін. Осындай дүниелерімен көзге түскен Дәуреннің баспасөздегі дәурені баянды болатыны анық еді. Айтқандай-ақ,  көп кешікпей оны республикалық «Халық Кеңесі» басылымы Талдықорған облысы бойынша меншікті тілші етіп қабылдаса, артынша еларалық «Қазақ  елі» газеті  өзіне жұмысқа шақырған.  Жастардың басылымы болып саналғанымен, таралымы мен абыройы  әлдеқайда жоғары «Жас Алаш»  газетінде еңбек еткен жылдары да жемісті болған еді.  Оқырмандардың Дәурен жазған дүниелерді, әсіресе ішкі саясат пен халықаралық жағдайларға жасаған шолуларын іздеп жүріп оқитынына сан куә болдық. Ал, сонау Ақтөбеден кейін Атыраудан жарық көрген  «Алтын Орда» газеті Дәурен  басқарған жылдары  өңірлік басылымнан республикаға кеңінен тарайтын газетке айналғанын көзіміз көрді. Басқа басылымдарда жариялана бермейтін,   шырқыраған шындықты ашық айтатын дүниелер осы апталықта жарық көріп жатты. Бұл үшін бас редакторға көрегендік пен саясаткерлік қана емес, жүрек жұтқан батырлық қажет екенін сала мамандары жақсы біледі.

Дүбірге толы дүниеге сергек қарайтын Дәурен  әлемде электрондық ақпарат құралдарына басымдық беріле бастағанын бірден түсінді де 2009 жылы мазмұны бай, мінезі өткір, аудиториясы ауқымды, шын мәнінде интернет-басылым деп ауыз толтырып айтуға лайық «Abai.kz» ақпараттық порталын ашып, «Абай-ақпарат» қазақ интернет кеңістігін  дамыту қоры» қоғамдық қорының құрылтайшысы болды.

Сол бозбала кезінде өзі таңдаған ақпарат саласына деген адалдығынан жаңылмаған Дәурен Қасенұлы бұл күндері   қаламгер атаулының алтын қазығына айналған «Қазақ әдебиеті» газетін басқарып, руханиятымыздың өркендеуіне хал-қадірінше өз үлесін қосып келеді.

Дәуреннің журналистік қызметтегі жетістігі өз алдына бір төбе дейтін болсақ, жазушылығы да алты Алашқа әйгілі. Оның қаламынан туған «Әлқисса», «Бөрісоқпақ», «Қаңтардың соңғы шілдесі» атты жинақтары қазақ прозасына қосылған сүбелі шығармалар екені талас тудырмайды.  Өмірдің  шынайы болмысын тілге тиек ете отырып қазақтың көркем де кестелі тілімен баяндалатын Дәуреннің дүниелері ешкімді бейжай қалдырмасы анық.  Ол өз шығармаларында  тіршіліктің ақиқатын айтып қана қоймай,  адам психологиясының терең тылсымдарына үңіледі. Дәурен Қуат қаламдас замандастары кетеуін кетіріп, бәсін түсіре бастаған  қазақтың көркем, ойлы, құнарлы тілін қазақ әдебиетінде қайта жаңғыртты. Жасыратыны жоқ, Дәуреннің туындыларынан кейін кейінгі жас толқын жазушылардың тілі түзеле бастады. Әдебиеттегі түрлі ағымдарға, «...измдерге» еліктеп-солықтап жүргендер Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпағы» кітап болып басылып шыққан күннің ертеңінде ойланып қалды.

Жазушы жасаған фауна әлемінде ұшқан құс, жүгірген аң да адам сияқты ойлап, қайсыбірі пенделік  қимыл-әрекеттерге барып жатады. Оқи отырып әрі-сәрі күй кешесің.   Осындай қуатты қалам иесі Дәурен Қуаттың шығармалары бұл күндері әдебиетті ұғар жандардың жоғары бағасын алып үлгерді десек қателеспейміз. Дегенмен, оның елге берер әйдік шығармалары әлі де  алда деп білеміз.

Осы уақыт ішінде алған марапаттары мен қанжығасына байлаған жүлделері жайлы сөз болғанда Дәуреннің шеке тамыры тырыса қалатыны бар. Мақтағанды жақтырмайды.  Десе де  бауырымыздың 50 белесті бағындырған тұсында  жұртшылыққа  оның алған асулары жайлы айта кетудің айыбы бола қоймас. Мысалы, Қазақстан және  Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. М. Қашқари атындағы түркі дүниесі жазушылрына арналған  сыйлық пен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.  Шығармалары Қазақ әдебиетінің үздік туындыларынан іріктеліп БҰҰ-ның алты тіліне  аударылған антологияға  енгізілгені де  мақтанышпен айтатын жетістік.  Хикаяттары мен әңгімелері  түрік, қырғыз,  жапон, орыс тілдеріне аударылған.  Өзге де салалық және мерейтойлық медальдармен қатар, «Құрмет» орденін өңіріне таққанына біраз жыл болды. Бұл – ақпарат саласының майталманы, қара сөздің қаһарманы Дәурен Қуат жайлы айтар әңгімеміздің басы ғана. Ендеше, алдағы уақытта оның  мәуелі бәйтеректей жемісін жұртына берер шағына куә болуды жазғай...

Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы