ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ӘКІМ

Уақыты: 15.10.2023
Оқылды: 1948
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Береке мен молшылық әсіресе күз айында қамбадан ақтарылып төгілетіндей көрінеді. Күз мезгілі осы бір қасиетімен де адам жанына жақын ба дерсіз. Тіршіліктің қыза түскен уақытында қарбаласқан еңбектің нәтижесі жемісті болса диқан  да, шопан да, үлкен де, кіші де дән риза болады. Алажаздайғы ерен еңбектің мол жемісін көру әрбір шаруа адамы үшін үлкен қуаныш. Қаланың қайнаған қызу тірлігінен ұзап, ауылдың кеңдігі мен берекесін аңсап, ойлы оқырманмен қауышу сәтін Көксу ауданынан бастадық. Жыл сайынғы дәстүр бойынша «Jetіsý» газетінің тілшілері киелі Көксу мекеніне ат басын тіреп, ауданның тыныс-тіршілігін көзбен көріп, қалам ұшына іле келдік.

Халық үніне құлақ асып, елге бір табан жақын жерде қызмет етіп жүрген аудан әкімі Марлен Көлбаевтің қыруар жұмыс атқарып келе жатқанына дүйім жұртшылық куә. Бұл – білімді де білікті басшының жүйелі жұмысының нәтижесі.  

Журналистер қауымымен тығыз байланыста жұмыс істейтін Марлен Қапашұлы облыстық «Jetіsý», «Вестник Жетісу» газетінің қызметкерлерін қуана қарсы алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, руханият жағдайы жайлы айтты.  

– Киелі Көксу ауданы ауылшаруашылық аймақ болғандықтан біз барлық басымдықты осы сала жұмысына арнаймыз.  Ауданда 1961 шаруа қожалығы бар. Ауылшаруашылығы саласында атқарылған жұмыстың 10 айлық өнім көлемі 16 миллиард 93 миллион теңгені құрады. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Биыл 2510 гектар жерге күздік, 11 461 гектар жерге жаздық дәнді дақылдар егілді.  Оның ішінде жаздық бидай, жаздық арпа, дәндік жүгері, күнбағыс, соя, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары, қант қызылшасы егілді. Биыл зауыт 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын қабылдауды жоспарлап отыр. 1 тонна қант қызылшасын 40 мың теңгеден қабылдайды, оның сыртында қосымша тасымалдау жолақысы төленеді. Жол жөндеу, жарық жүргізу, құрылыс жұмыстарына да бюджеттен ақша бөлініп, жоспар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Тұрғын үй мәселесі де кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарындағы мәселенің бірі – халықты табиғи газбен қамтамасыз ету. Міне, осы тұрғыдан да күн-түн демей жұмысты қадағалап, газбен қамтамасыз етуді басты назарда ұстап отырмыз. Көксу ауданында бүгінде шағын және орта бизнеспен айналысатын 3950 кәсіпкер бар. Оның ішінде өнеркәсіп және жеңіл өнеркәсіп, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету және туризм салаларында 35 жасқа дейінгі 82 жас кәсіпкер ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда, – деді аудан басшысы Марлен Қапашұлы. 

Жаңашылдыққа жаны құмар аудан басшысы облыстық ата басылымға жарияланған әрбір дүниені назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Ұлт руханияты жолында ұлықты ұлды, қылықты қызды тәрбиелейтін басты құрал – газет екенін тілге тиек етіп, баспасөзге жазылуда көксулық оқырмандар жақсы нәтиже көрсететінін айтты. Аудан әкімімен өткен келелі кездесуден салмақты ой түйіп, көңіліміз көтеріліп, Кеңес Одағының Батыры атағын алған 28 панфиловшы жауынгердің бірі Мұсабек Сеңгірбаев ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көруге аттандық.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Руслан ҚАДЫРОВ