Ұрпақ жадында жаңғырса

Уақыты: 01.03.2018
Оқылды: 2152
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өткен дәуір көптеген халық үшін қаралы  күндерге толы болды. Талайдың жанын қиған саяси қуғын-сүргіннің өзінен миллиондаған адам қаза тауып, сұрақсыз атылып, асылды. Кейбірі итжеккенге айдалды. Қызыл империяның қысымымен қуғын көрген халықтардың арасында чешен-ингуштарды күштеп қоныстандыру саясаты тарихи шындық.

Тарихшы-ғалым Абдурахман Авторханов КСРО-ның қылышынан қаны тамған қадамын «халықтарды қыру» деп атап көрсетеді. Сталиннің жеке басына табынушылықтың соңы бейбіт жатқан ұлттар мен ұлыстардың қуғын көруіне, онда да Жайық немістерінің, Қырым татарларының, финндер мен қалмақтардың, бұлғарлар мен корейлердің, түрік-месхетиндер мен гректердің, қарашай-балқарлардың, Балтық пен Батыс Украина халықтарының қуғындалуына апарды. Олардың әрқайсысы әртүрлі атаумен аталып, түрлі сылтауларға түрткі болды. Мысалы, вайнахтарды туған жерінен қуып шығу операциясы «Чечевица» деп аталыпты. 1943 жылдың қазан-қараша айларында белсенділікпен жүргізілген бұл операцияның алғашқы кезеңінде чешендер мен ингуштарды Омбы және Новосибирск облыстарына, Алтай және Красноярск аймақтарына қоныс аудару жоспарланыпты. Алайда Кеңес басшылығы ақырында Қазақстан мен Қырғызстанды дұрыс деп табады. Тұтқиылдан басталған шұғыл операцияның неліктен дәл 23 ақпан – Қызыл Армия күні өткізілгені белгісіз. Белгілісі, таңға жуық қалың ұйқыда жатқан бейбіт халықтың мал таситын вагондарға күшпен тиеліп, қарсыласқандардың жалғыз оқтан ажал құшқандығы. Топырлата айдап әкелген вагондарға қысыла-қымтырыла кірген жұртқа жейтін тамағын да алдырмайды. Қысқа уақытқа теміржол бекеттеріне тоқтаған эшелондардан су алу үшін 2-3 адамның шығуына рұқсат беріледі. Қайтыс болғандарды жолдағы бекеттерге түсіріп кете беретін, көмуге тыйым салынады. Сөйтіп, ауыр жағдайдан елдің азық-түлігі таусылып, аштық пен сүзек ауруы белең алады. Жүк пойызынан түскен халықты қабылдайтын, орналастыратын орынның жоқтығынан суықтан, аштықтан және жұқпалы аурудан қаза тапқандар көбейе берді. Оларды жерлеудің өзі зор күшті қажет етті. Алғашқы екі жылдың ішінде чешендер мен ингуштардың саны күрт азайып, қайтыс болғандардың саны 230-250 мың адамға дейін жетті. Қайткенде де бұл бүтін бір ұлт үшін үлкен қасірет.
Сондай ауыртпалыққа ұшыраған чешен-ингуштарды қолындағы барымен қарсы алып, үйінің бұрышынан орын ұсынған қазақ халқының кеңпейілдігі, қонақжайлығы құрметке лайық. Сол тұста ауылдан алысқа ұзамауы қатаң ескертілген чешен-ингуштар байқаусызда елді мекеннен шығып кеткені үшін 25 жылға сотталып жатты. Отағасы айдалып кеткен отбасыларды шиеттей бала-шағасымен өз қамқорлығына алған жергілікті халықтың мейірімі, ықылас-пейілі кавказдан келген жұрттың еңсесін тіктеуге септігін тигізді. Соның арқасында өшкені жанып, өлгені тірілгендей болды. Бүгінгідей қалетке жетіп отырғанымыз діндес бауырымыз – қазақтардың жанашырлығынан. Сондықтан да қуғын көріп, азапталған аз ұлттарға бір үзім нанын бөліп берген, әкесі жоққа әкенің жылы алақаны, анасы жоққа ананың мейірімі болған аталарымыз бен ақжаулықты аналарымыздың рухына басымызды иіп тағзым етеміз.
Жаратқан Алла Тағала бүгінгі Қазақ елінің болашағын жарқын, келешегін кемел етсін! Ел іргесі берік, шаңырағы биік болып, ырыс-құт, бақ-берекесін молынан берсін!

Адам Бойсаев,
облыстық чешен-ингуш этномәдени «Вайнах» орталығының төрағасы