Қарт Тараздан Қарасазға

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1792
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өткен жылғы мамыр айының мамыражай шағы болатын. Соңғы қоңырауға дайындық қызу жүргізіп жатқанмын. Біздің мектепте және қаламыздың көптеген білім ордаларында көркемдік жетекші болып қосымша жұмыс атқаратын облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлшат Қыпшақова апай ойда-жоқта қоңырау шалып, өзінің көкейінде жүрген игі ойымен бөлісті. 

«Ғалымжан-ау, «Туған жерге туыңды тік» дегендей, кіндік қаным тамған өлкеме бір жақсылық жасасам деген ой есімнен еш шыққан емес. Енді, міне, соның сәті келгендей. Жинақталған зейнетақы қорымды алып отырмын. Өзім білім алып, әріп таныған мектебіме әуенді, әуезді дейміз бе, сазды дейміз бе, қоңырау орнатып беруді жоспарлап отырмын. Сендердің мектептеріңде сондай қоңырау бар еді ғой, соны орнатқан адамды тауып берсең, осы туралы ақылдасайын», – деді апай ағынан жарылып. Мен мектебіміздегі қоңырауды жақында ғана жаңалағанымызды және өзім-ақ одан хабарым барын, жәрдем бере алатынымды айттым.
Бар жұмысымды тастап, апайдың ауылына барып мақсатын орындауға атсалысуға бірден келістім. Оның өзіндік себептері де бар.  Мен де, біздің ұжым да жалпы ол кісінің өнеріне, өміріне тәнтіміз. Бәріміз апайдың сөзін екі етпейміз, алдынан қия өтпейміз. Ол кісі де, жолдасы Жұмахан Әбдіқадыров та облысымыздың аса қадірлі, құрметті адамдары. Басқа еңбектерін айтпағанда бірін қазақтың батыр Баяны десе, бірін махаббат пен сұлулықтың символы Айша бибі деп атап кеткені баршаға мәлім.
Содан апай екеуміз керек-жарағымызды түгендеп алдық та 21-ші мамыр күні «Қайдасың, Қарасаз!», – деп жолға шықтық.
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым  елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім! – деп жырлаған қазақтың ақиық, алдаспан ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазды көру жырақтағы кез келген өлеңсүйер адам үшін алғаусыз арман екені сөзсіз. Кішкентайымнан Мұқаңның жырларын жаттап, сүйіп оқығандықтан ба, ақынның өзін көрмесем де, көзін көргендермен жолығып, кіндік қаны тамған ауылына бару мен үшін де арман еді. Енді, міне, сол арманыма жеткендеймін. 
Қарт Тараздан Алатау бөктеріндегі Алматыға келіп, Құлжа күрежолымен Аспантаулар аясын бетке алып жолға шықтық. Гүлшат апай ат құлағында айнап өскен тау қызы  емес пе, “темір тұлпардың” да тілін тауып алған. Жол бойы ауыл-аймақ, тау-тас, жазықтарды таныстырып келеді. Ара-арасында өзінің Нарынқолда, Сарыжазда және Талғар ауданына қарасты Тұздыбастауда оқығанын, ол мектептерге де сый-сияпаттарын жасағанын айта кетті. 
Көкпектің жазығына жеткенде Гүлшат апай «Қателеспесем, әулиелер қатарына енген марқұм Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жарықтық осы жазыққа «Болашақтың қаласын салам» деп армандап кеткен деседі халық», – деді. Асулардан асқан сайын соған байланысты аңыз-әңгімелерді айта берді, айта берді. Әсерлі әңгіме тыңдап, табиғаттың тамаша көрінісіне көзім тояр емес. Тәңірдің осыншама сұлу жаратылысына таңдай қақпасқа амал жоқ. Осылай қазақ даласының дарқан да көркем болмысына сүйсініп келе жатып Қарасазға қалай жеткенімізді де аңдамай қалыптық.
Ауылға кіреберісте бір қауым адам бізді тоқтатты. Мен сол елдің алыстан қыз келгенде құрметпен күтіп алу дәстүрін берік ұстанатынына куә болдым. Және де Гүлшат апайымның жерлестерінің алдындағы қадір-қасиетінің қаншалықты екенін түсіндім. 3-5, 8-9 жастағы ұл-қыздар Мұқаңның және өздері шығарған өлеңдерін кезек-кезек оқи жөнелгенде арқам шымырлап, керемет бір күйге ендім. Одан әрі бізді Мұқағали мұражайына (суретте) алып барды. Менің бірінші рет келе жатқанымды ескерсе керек, мұражайдың алдында апай оқыған қазақта Албан Асан – екінші Асанқайғы атанып кеткен Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының директоры Әділжан Нүкеев бастаған оқушылар күтіп алды. Ақиық ақын Мұқағалидың отты жырларын жалынды ұл-қыздар бірінен соң бірі іліп алып кетіп, мұражайды түгел таныстырып шықты. Мен өзімді нағыз бір поэзия мекенінде жүргендей сезіндім. 
Мұражайдан шыққан соң Әділжан аға бізді мұғалімдер қауымының күтіп отырғанын айтты. Кабинетте немесе мәжіліс залында кездесерміз деп ойлағам. Жоқ, ауыл салты мен қазақы дарқан көңілдерімен ақ дастарқанын жайып, бүкіл мұғалімдер күтіп алды. Дастарқан басында апайымның ата-анасы, бауырлары жайлы, жалпы шыққан тегі туралы көп әңгіме айтылды. Бала күннен бірге өскен жан құрбысы, бүгінде кітапхана меңгерушісі әрі әнші Тұрсынбүбі Әбуқызы: «Гүлшат қай жағынан болса да өте қабілетті, қолынан келмейтіні, ойлап таппайтыны жоқ еді. Тіпті, билей алмасақ ұрып тұрып билететін, ренжімейтінбіз», – деп отырғандарды бір күлдіріп алды. Сол ауылдың тумасы Жұмаш Мұхамеднұрұлы өзіне және Әділжан ағаға Гүлшат апайдың үлкен ағасы Ілияс Қыпшақовтың сабақ бергенін, ол кісінің мұғалім бола жүріп, халық театрында Қобыланды батырды ойнағанын жыр ғып айтты. Және де аңызға толы аймақ, өскен өлке туралы, сонымен қатар ұстазы І. Қыпшақов жайлы кітап жазып жатқанын айтып еді. Сол Жұманұр аға өткен шілде айында бақилық болғанын естідім. 
Ауылдың әрбір үшіншісі ақын, әрбір жетіншісі емшілікке бейім бе деп қалдым. Бәлкім, бұл қазаққа Мұқағалидай дарынды сыйлаған топырақтың қасиетінен шығар! Ойлап қарасам ақындар, әнші-жыршы, зергер шеберлер, актер-актрисалармен қатар елімізді әлемге танытып жүрген боксер қыздардың басым көпшілігі осы өлкеде дүниеге келіпті. Олар туралы бөлек әңгіме, әрине.
Ауыл да, қоршаған табиғат та тәңірдің қайталанбас ғажап туындысындай. Көз алмай қарай бергің келеді. Ерекше сезім кешіп, тебіренесің. Бейне бір қолыңа қалам алып, ақын болып кеткің келеді. Гүлшат Қыпшақова туралы жазған қаламгерлердің неге, не үшін «табиғаты тылсым, болмысы ерекше актриса» деп айтатындарын осы сапарда түсініп қайттым.
Әттең, уақыт тығыз болды. Апайым екеуміз шаруамызды аяқтаған соң оқушылармен, мектеп ұжымымен, халықпен, ауыл ағасы Әділжан ағамен қимай қоштасып, жолға шықтық. Бас-аяғы 1-2 күннің ішінде бауыр басып қалдым ба, білмеймін, артыма қайта-қайта қарап, қимасымды қалдырғандай ұзай бердім, ұзай бердім.
Жол бойы Қарасаз көріністерін көз алдымнан өткізіп, қатты толқыдым, толғандым. Тіпті, Таразға жетпей сағынып та үлгердім. Ақиық ақынның: «Сағынайын, сарғая сағынайын...» деген өлең жолы менің жан дүниеме сіңді де кетті.  

Ғалымжан Әліқұл,
дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған 
«Білім-инновация» мектеп-интернатының музыка пәні мұғалімі
Тараз қаласы