Ұстаз, ғалым, тәлімгер

Уақыты: 03.03.2018
Оқылды: 1530
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Асыл текті ата-бабасының қанымен, анасының ақ сүтімен бойына дарыған абзал қасиеттерінің, дарын-қабілетінің арқасында әлемдік деңгейде ғылыми жаңалық ашып, есімі елімізден тысқары жерлерде де үлкен құрмет-ілтипатпен аталып жүрген Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент  Марат Мәлтекбасов қандай да болмасын мақтау-марапаттарға лайықты жан. Олай дейтінім, Марат Жабықбайұлы ататегінен баршаға қадірменді, зиялы  педагогтар әулетінен шыққан.

Арғы аталарын айтпағанның өзінде Мараттың әкесі марқұм Жабықбай ақсақал есімі күллі одаққа танымал ұлағатты ұстаз, тағылымды тәлімгер еді. Жер жаннаты Жетісудың шұрайлы өлкесі Ақсу өңірінде өскен Жабықбай ақсақал 17 жасында қолына қару алып, теңізшілер қатарында соғысқа кіріп, әйгілі «Ленинград блокадасын» бастан кешкен. Қан майданда неміс-фашист басқыншыларына қарсы от пен оққа кеудесін тосқан батыр майдангер  «Ерлігі үшін» медалі мен өзге де марапаттардың иесі. Ұлы Отан соғысынан Жеңіспен  оралған соң зиялы азаматқа тән бойындағы оқу-білімге деген құштарлығымен Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтына келеді. Оны үздік бітіріп, көпшілікке арман аспирантурада қалып, ғылым жолына түспей туған жерге туын тігуді ұйғарған абзал азамат Қапал ауданы, Арасан ауылындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Сөйтіп осы бір білім ордасында мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, директоры болып, жеткіншек ұрпақтың білім-тәрбиесінде 47 жыл қажырлы еңбек етті. Сол үшін де «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын иеленіп, төсбелгісімен және де бірқатар басшы органдардың Құрмет грамоталарымен марапатталады. Жабықбай ақсақалдан тәлім алған көптеген шәкірттері бүгінде тек еліміз ғана емес, одақ көлемінде түрлі салаларда абыройлы еңбек етіп жүр. Ал ата жолын қуып  педагогтар әулетін жалғастырған  5 баласы да ұстаз. Дәлірек айтқанда, аудандық білім бөлімін басқарып, Қапал ауданында тұңғыш орта мектеп базасында гимназияны енгізген Әскербек марқұм, бүгінде әкесінің ізін басқан сол Арасан орта мектебінің директоры  Амантай математик, Марат физик, Ғалия филолог, келіндері Люда, Ғалия, немерелері Тимур, Мая, Арман, Динара, Дамира да педагогикалық сала мамандары.  
Иә, асқар таудай әкесі Жабықбай мен ұзақ жыл мектеп кітапханашысы болып еңбек етіп, білім саласына айтулы үлес қосқан абзал анасы Дәметкен Жанболатқызының үміт-тілеуіне сай Марат Жабықбайұлы бала кезден ерекше зейінді де қабілетті, еңбек-сүйгіштігімен ерекше өскен.
Марат Жабықбайұлы жайлы бізбен әңгімесінде ұзақ жыл Талдықорған қалалық әкімдігінде жауапты лауазымдық қызмет атқарып келе жатқан қарындасы Ғалия Жабықбайқызы ағасының бала кезден ақылдылығымен, елгезектігімен ерекшеленгенін ризалықпен еске ала айтты. Арасан ұжымшарының түрлі саласындағы маусымдық жұмыстарға белсене қатысумен қатар ата-анасына көмектесіп, қой да баққандарын, картоп та өсіргендерін, өзге де күнделікті үй шаруасындағы іс-шараларды атқарғандарын толғана айтты.
2005 жылы  Талдықорғандағы «Арай плюс» телеарнасында қызмет етіп жүргенімде Қазақстан Республикасы Ақпарат министрлігінің тапсырысымен кейіпкеріміз жайлы «Тағдырлар» циклында көлемді телеочерк жариялаған тұста сол кездегі университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры марқұм Любовь Зорина Марат Жабықбайұлы жайлы өз пікірін былайша айтқан еді:
– Марат Жабықбайұлын мектеп қабырғасынан білем. 1972-1974 жылдары мен институт бітірген соң Арасан ауылындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болдым. Әрі оның сынып жетекшісі де едім. Сондықтан да оны оқушы шәкіртім ретінде де жақсы білем. Меніңше тәртіптілік, жинақылық пен зерделілік, жоғарғы жауапкершілік әрі тапсырылған істі аяғына жеткізе тиянақты орындау асыл тегінен әрі анасының ақ сүтімен бойына дарыса керек. 
Сол тұстағы университеттің музыка және педагогика факультетінің деканы болған, қазір кафедра меңгерушісі, доцент Есен Шораұлы Теміров та кейіпкеріміз жайлы өз ойын білдірген-ді.
– Өмір жолымызда талантты адамдарды кездестіруіміздің өзі бір ғанибет әрі өз-өзіңді жетілдіруге де ынталандыра  итермелейді екен. Біздің Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде талантты да шынайы шығармашылықпен жұмыс істейтін еңбекқор жандардың қатарында жаңашыл жетекші Марат Жабықбайұлын ерекше айтқым келеді. Оның басшылығымен университетте оқыту-әдістемелік және тұтастай алғанда ғылыми жұмыстарды тереңдете жүргізу де ілгерілеушілік күрт белең алды. 
Иә, расында да талай мерзімді басылымдарда көрініс тапқан Марат Жабықбайұлының тағылымды ғұмырнамасы кімге болса да үлгі-өнеге. 1975 жылы Қапал ауданындағы Арасан ауылындағы орта мектепті бітірген соң Ресейдің Томск мемлекеттік автоматтандырылған басқару жүйелері және радиоэлектроника институтына оқуға түсіп, 1981 жылы ойдағыдай аяқтады. Болашағынан үлкен үміт күттірген дарынды жас маман Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мемлекеттік педагогика институтына қызметке шақырылды. Сөйтіп жалпы физика және физиканы оқыту кафедрасына аға лаборант болып еңбек жолын бастады. Қызметі осы кафедрада оқытушы, техникалық физика және техникалық пәндер кафедрасының стажер-зерттеуші, электрорадиотехника кафедрасында аға оқытушы, инженерлік-экономикалық факультет деканы, оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, оқу жұмысы жөніндегі проректор, ұйымдастыру жұмысы, әлеуметтік және студенттік сұрақтар бойынша проректор қызметтерімен жалғасты. Бүгінде университет ректорының кеңесшісі. Міне, осындай лауазымды қызметтерді талапқа сай атқара жүріп Марат Жабықбайұлы қаланың ғана емес, облыстың қоғамдық өміріне белсене атсалысып келеді. Қоғамдық ахуалды сергек пайымдайтын ол халықпен де тіл табыса түрлі тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін шешуде шынайы азаматтығын танытып жүрген халық қалаулысы. Осылайша 2006 жылдан бастап қатарынан үш шақырылымда Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. Бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты. Жасынан білім-ғылымға ден қойған Марат Жабықбайұлының республикалық және халықаралық баспаларда басылып таралған 95-тен астам ғылыми еңбектері, 4 оқу құралы мен 3 монографиясы бұл күнде республика көлемінде оқу үрдісінде пайдаланылуда. Білім-ғылымға құмарлығынан өзінің сол ерекше дарын-қабілетін таныта 1991 жылы ҚазҰУ-де аспирантура бітіріп,  «Қатты денелер физикасы» мамандығына кандидаттық ғылыми диссертациясын табысты қорғады. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясы доцент атағын берді. 2010 жылы «Кәсіптік білім берудің теориясы мен методикасы» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын сәтті қорғап, педагогика ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алды. Осы орайда Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі де болып отырған Марат Жабықбайұлының Талдықорған қаласының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы екенін де айта кеткен лазым.
Ең бастысы, бүгінде Алматыдағы Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Олег Юрьевич Приходьконың жетекші болуымен  сонау 1991 жылы аспирантурада оқып жүргенінде физикадағы екі бірдей эффект ашқан еді. Сол тұста дарын-қабілетінің арқасында  Марат Жабықбайұлы  табиғатта адамзатқа беймәлім болып келген бірі биополярлық фотоөткізгіштік және де екіншісі биополярлық дрейф эффектілерін ашуға сәті түскен болатын. Сөйтіп Марат Жабықбайұлы инновациялық патент иеленген өңіріміздегі бірден-бір жаңашыл ғалым болып отыр. Бұл инновациялық патент өнертапқыштық құжат болып табылатындығынан әлемдік деңгейде ғылым саласындағы еңбегінің маңызы зор екенін көрсетеді. Іс жүзінде осы «Биополярлық фотоөткізгіш эффектісіне ие күші бар халькогенидті шыны тәріздес жартылай өткізгішті аморфты қабыршақтарын алу тәсілі» дүниежүзіндегі ең алғашқы өнертапқыштық жаңалық болумен бірге өндірісте пайдалануда мүмкіншілігі де кең екені белгілі болып отыр.  Ол жөнінде елдегі мерзімді басылымдарда «Большая победа казахского ученого», «Есімін Ресейге мойындатқан ғалым» тақырыптарында мақалалар жарияланған болатын. Ресей ғалымдары да Марат Жабықбайұлының ғылымдағы әлеуетінің жоғары екенін мойындап, небір атақты ғалымдары енген «Ученые России» энциклопедиясына  Марат Жабықбайұлының есімін енгізді де Ресей жаратылыстану академиясының арнайы сертификаты салтанатты жағдайда тапсырылды. Бүгінге дейін мұндай энциклопедияға қазақстандық ғалымдардың еңбегінің бірде-біреуінің енбегенін айтар болсақ, мұның өзі үлкен жетістік әрі халқымыздың зор мақтанышы.
Марат Жабықбайұлының зиялы әулетке тән өнегелі шаңырақтың отағасы екенін де айта кеткен жөн. Жан жары Ғалия Райымбекқызымен өмірлерінің жалғасы да, үкілеген үміті де Арманы мен Динарасын заман талабына сай еліміздің саналы азаматтары етіп тәрбиелеп өсірді. Зиялы педагогтар әулетінің игі дәстүріне сай әке жолын жалғастырған Арман қолданбалы математика мамандығына бакалавриат, магистратура, аспирантураны оқып бітіріп, нәтижесінде бүгінде іс жүзінде балабақшалардағы балаларын ата-аналардың ұялы телефонмен қадағалауы және басқа салаларда заманауи «айти технологияны» қолдана «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына өз үлесін қосып жатса, бакалавриат, магистратураны оқып бітірген Динарасы да одан қалыспай педагогика және психология мамандығына доктарантураның 1-ші курсын тамамдау үстінде. 
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына Жолдауын ұсынып келеді, – деді. Марат Жабықбайұлы педагогика ғылымының докторы ретінде педагогика саласына деген өз көзқарасын білдірді. Жолдаудың маңыздылығы мен мәнділігі сол – көп ұлтты Қазақстанның қуатты, еш әлеуметтік құлдыраудан қорқытпайтын елге айналуының негізін қалады. Өткенді екшелеп, болашаққа бағдар алу өмір қағидасы. Президенттің әр Жолдауы бір-бірін жүйелі толықтыра түсетін құнды құжат. 
Иә, «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп дана халқымызда  айтылғандай, асқаралы жасты алқамдаған бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – ұлағатты ұстаз, әлемдік деңгейдегі айтулы ғалым, бірқатар жас мамандардың ғылымдағы өмірлік жолын ашқан тағылымды тәлімгердің бұл ой-толғаныстары мен пікірлері де өте орынды әрі тәлімді. Оның өзі мерей жасына орай барлық игі жақсылық-тілекке әбден лайықты  абырой асқарындағы абзал азаматтың шынайы зиялылығының айқын келбеті де.

Болат Жұматаев, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі​