ІЗДЕНГЕНГЕ ІНЖУ ІЛІНЕДІ
Жақсы адамның қырық қатпарлы, алуан астарлы адамгершілік қасиеттерін, азаматтық ажарын, кісілік келбетін ашу үшін теңіздей терең ойдың өткелін кешесің. Жүріп өткен өмір жолдарының сүрлеуі, еткен еңбек, төккен терінің дерегіне көз жүгіртесің. Білгенің мен көңілге түйгеніңді ой таразысында салмақтайсың. Қолға қалам алып, ойға арқау еткелі отырған атпал азамат – өнегелі отбасының отағасы, үлкен ұжымның ісін ұтымды ұйымдастырып жүрген білікті басшы, бүгінгі таңда алпыстың жалын тартып мінген Бақыт Салиев. Ол қай қызметті атқарса да адами қадір-қасиетін, табиғи болмысынан жырақтамады. Халықтың қамын ойлап, ел құрметіне бөленді.
Б. Салиев 1959 жылы қаңтарда Панфилов ауданының Бірлік ауылында, шопандар отбасында дүниеге келген. Қаршадайынан Сарытаудың салқын самалын құшырлана жұтып, шыңдарына шығып, шатқалынан шаңғымен құлдилай сырғанауды дағдыға айналдырған Бақыт спортты жанына серік етті. Ол мектеп қабырғасында жүргенде волейболдан, футболдан түрлі аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, ауылының намысын жоғары ұстаған. Әдетінен жаңылмаған Бақыттың бұл қасиеті күні бүгінге дейін өзін тың, сергек сезінуіне өлшеусіз пайдасын тигізіп келеді.
Бақыт Мауылұлы 1976 жылы интернатта онжылдықты ойдағыдай бітіріп, орта білім алып шыққан соң автомектептің арнайы алты айлық курсын тамамдап, жүргізуші куәлігін алады. Содан кейін 1977 жылы Кеңес әскері қатарына алынып, борышын Карелия автономиялы Республикасында өтейді. Ленинград маңайындағы Фин шекарасының аумағында арнаулы сапер ротасында үш жылға жуық қызмет етеді. Азаматтық борышын абыроймен атқарып, 1979 жылы желтоқсанның басында туған ауылына оралғаннан кейін Жаркент қаласындағы кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, «Киномеханик» және «Автомеханик» мамандықтарын меңгеріп шығады. Жалындаған жас Бақыт аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып орналасып, жүргізуші әрі киномеханик, меңгерушісі ретінде еңбек жолын бастайды.
1983 жылы өмірлік жары Эммамен танысып, екеуі бір жылдан кейін шаңырақ көтереді. Отбасы жағдайына байланысты Андреев ауданына жұмысқа ауысып, аудандық атқару комитеті төрағасының, кейіннен аудандық партия комитеті бірінші хатшысының жүргізушісі болып қызмет атқарды. Осы жерде жүріп Көкшетаудың заң академиясында сырттай білім алады.
Кеңестік жүйенің тас-талқаны шығып, бұрынғы ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап, әркім өз еншісін бөліп алып, жеке бөліне бастаған кезеңде Бақыттың да басқа кәсіппен айналысуына тура келді. Талдықорған қаласында оншақты азамат ел қатарлы бір үлкен корпорация құрып, сауда-саттықпен айналысты. Ол жабдықтаушы болып қызмет атқарған корпорация Қытайға темір-терсек өткізіп, ол жақтан Қазақстанға қант алып өтумен шұғылданған екен. Осылайша, бизнеспен айналысып, сауда саласында біраз тәжірибе жинақтаған ол 1994 жылы Талдықорған жеміс консервілеу зауытының жабдықтау бөліміне жұмысқа орналасты. Төрт жылдан кейін зауыттың жабылуына байланысты Бақыт басқа жұмыс іздей бастайды. Реті келіп, айы оңынан туған Бәкең Алматыдағы «Зеленстрой» деген ірі кәсіпорынның шаруашылық бөлімінің басшысы болып қызметке орналасады.
Жылдар өткен сайын Бақыттың да тәжірибесі толысып, біліктілігі арта түсті. Білімін де жетілдіруді естен шығармай, сырттай түскен академиясын ойдағыдай бітіріп, жоғары білімді маман атанады. Бұған қоса, Тараздың Дулати атындағы гидромелиоративті институтын сырттай оқып, «су жүйесінің инженері» мамандығы бойынша аяқтайды. Тумысынан адалдық пен ақиқатты жанына серік еткен ол талай қордалы мәселенің күрмеуін шешуге бір кісідей атсалысып, өз саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қоса білді. Кез келген істе өзін жақсы қырынан көрсетіп, ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжымды ұйыта білетін жігерлі жан екенін танытты. Осыны ескерген кәсіпорынның бас директоры Т. Шорманов білімді де білікті маманды Панфилов автобус паркіне бас инженерлікке тағайындайды. 1999 жылдың қаңтарынан бастап осы қызметке білек сыбана кірісіп кетті.
Істі ұтымды ұйымдастыра білген білікті басшыға үлкен сенім артқан бас директор енді оны сол кезде жұмысы ақсап тұрған Текелі қаласындағы автобус паркіне 2002 жылдың басында директордың орынбасары етіп ауыстырады. Екі жылдың ішінде парктің жұмысын жақсарту жолында қыруар шаруаны тындыруға өлшеусіз үлес қосқан Б. Салиев екі жылдан кейін кеншілер қаласындағы автобус паркінің директорлығына тағайындалғаннан кейінгі атқарылған жұмыстары туралы кейіпкер:
– Текелі – Алматы маршрутын жақсы жолға қойып, Текелі – Үштөбе, Текелі – Талдықорған бағыттарын қалпына келтіруді ойластырдық. Сол уақытта қаланың ішінде екі бағыт бойынша ғана автобус қатынайтын. Біз 2007 – 2008 жылдары автопаркті жаңғырту жұмысын белсене қолға алып, жаңа автобустармен толықтыра бастадық. Қытайдан арнайы тапсырыспен су жаңа 4 үлкен автобус, 10 шағын автобус және «Газельдің» жаңа шыққан кезінде 15-ін сатып алдық. Соның арқасында Текелі қаласының ішінде 7 бағыт бойынша автобустар бес минут сайын жүріп тұратын болды, – деп әңгімеледі.
Сонымен қатар, қала басшылығының ұсынысымен Бақыт Мауылұлы 2012 жылы Текелі қаласындағы су құбыры мекемесіне директор болып ауысады. Бұл жауапты жұмысты да мүлтіксіз атқару үшін өзінің көп жылғы тәжірибесі мен білімін көрсете білген кейіпкеріміз қазір де аталмыш кәсіпорын жұмысын жандандыру үстінде. Соның арқасында қаладағы ауызсу сапасын жақсарту ісі ілгері басты.
Қазіргі таңда ауызсуды тазарту стансысына беру Ескелді ауданындағы «Карабулакирригация» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты Қора өзенінің суландыру арнасынан жүзеге асырылады. Содан кейін ғана қаланың бөлу жүйелеріне беріледі. Қыста су алып отырған өзен қатып қалатындықтан қиыншылықтар туындайды.
Қаланың географиялық орналасу жағдайы түрлі технологиялар кезінде жазғы кезеңде қаланы таза ауызсумен қамтамасыз етуге ешқашан мүмкіндік бермейтін. Десе де, жаңа басшы кәсіпорын тізгінін ұстағалы осы мәселені оңды шешіп, тұрғындарды таза сумен қамтамасыз етудің амалдарын іздеумен болды. Ақыры «Ізденгенге інжу ілінеді» дегендей, ұзақ жылдар бойы қордаланып, тұрғындар тарапынан көптеген наразылықтар туғызып жүрген мәселе шешімін тапқандай.
Бірнеше жыл Бақыт Мауылұлы су тазартудың заманауи жаңа тәсілдерін қарастырып жүріп, әйтеуір өткен жылы су тазартудың жағдайын барынша жақсартуға жақсы мүмкіндікке қол жеткізді. Кәсіпорын басшысының бастамасымен «Су технологиялары және су-химиялық режимі» орталығы бұл іспен белсене айналысып, ақыры тығырықтан шығудың жолын тапты. Сөйтіп, бұл орталық көпқабатты сүзгіштер арқылы таза су алу әдісін ұсынды. Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаевтің ұсынысты қолдауының нәтижесінде тұрғындардың көп жылғы арманы іске асып, бұл көкейкесті мәселе бүгінде шешілу үстінде. Осылайша, қолына алған іске білек сыбана кірісетін Б. Салиевтің жетекшілігімен Текелі қаласы әкімдігінің «Текелі Су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тұрғындар талабын орындау жолында барлық мүмкіндіктерді пайдалануда.
– 2017 жылдан басталған Солдатсай шатқалынан 150 – 200 метр тереңдіктегі жерасты суларын сыртқа сорып шығаратын бұрғылау жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталуға таяу. Енді оның су сапасының сынамасы және су қорының көлемі анықталуда. Егер бәрі талапқа сай болса, келер жылға дейін ауызсуды жерастынан алатын боламыз. Бұл біздің тұрғындардың сапалы ауызсу ішуіне мүмкіндік туғызады. Ал, таудың суы жауын-шашын кезінде, әктас көтерілгенде, жер қозғалғанда лайсаң болып кететіні құпия емес. Солдатсайдан шығатын су 40-50 мың адамды, яғни, Текелі тұрғындарын толығымен қамтамасыз етететін болады. Демек, сол жерден сүзгіш стансысының ғимараты, ұңғымалар тұрғызылады және 500–1000 текше метрлік 4-5 резервуар орналастырылады. Экологиялық жағынан таза. Оның үстіне су жоғарыдан өз екпінімен құйылғанына байланысты оны қалаға жеткізуге көп күш жұмсалмайды. Электр қуаты көп қолданылмайтындықтан қаражат үнемделеді. Ал, қазіргі су беріп отырған стансымыз электр қуатын көп қажет етеді. Мұның бәрі біздің жұмысшылардың жалақыларын уақытылы алып тұруына және олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына ықпал етеді, – дейді өз ісінің маманы.
Жақсы адамның серігі – ақыл, күш-қуат, әдеп, қанағат, сабыр, бірлік. Осындай қасиеттерді ғұмырлық серігі еткен азамат өмірлік жары Эмма екеуі 35 жыл бақытты ғұмыр кешіп, бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
Бұл мерейлі отбасының негізгі құпиясы – сыйластық. Ата-ана мен балаларының арасындағы бір-біріне деген құрмет кімді де болсын сүйсінтпей қоймайды. Ақылы асқақ абзал әкеден, мейірімі мол аяулы анадан, тәлім мен тәрбиені бойына сіңірген қамқор баладан тұратын бұл әулеттің тірлігіне қызығасың.
– «Еңбек түбі – зейнет» деп халқымыз айтқандай, мен бақытымды еңбектен таптым деп мақтанышпен айта аламын. Отбасылық дастарқан басында жиналғанымызда марқұм әкем: «Еңбек етсең емерсің». Тағы бір айтарым: соңыңнан ерген бауырларың да үнемі саған қарайлап өседі, үлгі алады. Оларға ақыл айтып, тәрбиелеу – сенің міндетің, ағалық парызың», – деп құлағыма құйып отырушы еді. Әке аманаты жүрегімнің түбінде мәңгілік сақталып қалып, алпыстың ат жалын тартып, ата болып отырған шаққа келсем де өмірімнің жолсілтеуші бағдаршамы іспеттес. Осы ұйғарымды балаларым мен немерелеріме де өсиет етудемін. Атадан балаға тағылым болып тарайтын сабақтастық деген осы болар, – деп ойын тұжырымдады Б. Салиев.
Ұзақ жылғы абыройлы еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленген азамат алдағы уақытта да өнегелі істерімен даралана берер деген ойдамыз.
Шора БАТЫРБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі