АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АЗАМАТ

Уақыты: 04.03.2019
Оқылды: 1370
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмір жолында әртүрлі адаммен жолығасың. Солардың арасында жаны таза, түйгені мол жандар болады. Сондай жанның бірі – өнегелі өмірімен ұлағатты ұстаз ретінде үлгі бола білген Тұрсынхан Қалдаманұлы еді. 

1975 жылы Алматыдағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетін бітірген ол еңбек жолын  өзі өскен Алакөл ауданына қарасты Қызылащы ауылындағы орта мектептен бастайды. Физика пәніне деген махаббатын оқушыларының бойына  дарытуға ұмтылған жас маман білімділігімен, еңбекқорлығымен көзге түсіп, жаңа ортаның сеніміне ие болады. Алғашқы жылдарда-ақ мектептегі педагогикалық ұжымның кәсіподақ ұйымының төрағасы, кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.  
1982 жылы мен Алакөл аудандық білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалдым. Сол күннен бастап біз бір салада тығыз байланыста еңбек еттік. Тұрсынxан менің бірінші көмекшім әрі кеңесшім болды. Біз құрған қоғамдық кеңес ауданның білім саласын көтеруге көп үлесін тигізді. Ауданның «шағын жинақталған мектептері» бойынша жылдық есеп беру жауапкершілігін де Тұрсынға жүктеуші едік. Ол берілген істі өз мерзімінде, асқан жауапкершілікпен орындайтын. Тұрсекең тек жақсы маман ғана емес, ақ сөйлеп, адал күлетін, сыйластық сырын білетін нағыз дос еді.  Ол өз пәні бойынша сабақ беруден қол үзген жоқ. «Жыл мұғалімі», «Үздік ауыл мектебі», «Үздік жыл физигі» байқауларына қатысып, өзінің білікті маман екенін талай рет дәлелдеді.
Тұрсынхан 1985 жылы аудандық білім беру бөлімінің ұйғарымымен Жанама ауылындағы орта мектеп директорлығына тағайындалды. Сонымен қатар, салынып жатқан жаңа мектеп ғимаратының құрылысына тікелей араласты. Білім ордасын технологиялық жабдықтау мәселелерін де өз жауапкершілігіне алған еді. Нәтижелі аяқталған іске ауыл тұрғындары аудан құрылысшылары мен мектеп басшылығына ерекше ризашылығын білдірді. 
Ұзақ жыл еңбек еткен мектеп қабырғасынан біраз жыл жырақтап, ауданның шаруашылық саласында қажырлы еңбек етті. Ауыл әкімі, ауылдық кеңес хатшысы сияқты қызметтерді абыроймен атқара білді. Жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас мамандарға аға буын ретінде қамқорлық көрсетуді тікелей міндеті санайтын. Жүздеген жеткіншек шәкірттің мектеп қабырғасынан сапалы білім, саналы тәрбие алуына зор ықпал етіп, олардың болашақтарына бағыт беріп отыратын. Ол өзі іргетасын қаласқан Жанама орта мектебінде зейнеткерлік жасына дейін басшылық етті.  
Бақытты болудың бірден-бір кепілі – отбасы бірлігі екені анық. Өмірлік жары Салтанат екеуі төрт бала тәрбиелеп, өсірді. Барлығының жоғары білім алуын қамтамасыз етті. Тәтті немерелерін ерекше мейірлене жақсы көріп, оларға бағдаршам бола білді. 
Тұрсынхан Қалдаманұлы кісілігі мен кішілігі, білімділігі мен біліктілігі арқасында өз ортасынан суырыла шыққан абыройлы асқақ азамат еді. Елге сыйлы, өз ортасына нұрын шашып жүретін азаматтың өнегелі өмірі көпке үлгі. Адами қасиеті арқылы елдің көл-көсір алғысын арқалаған азамат, биыл қаңтар айында өмірден озды. Адал дос, ардақты әріптесіміз Тұрсынханның жарқын бейнесі санамыздан терең орын алып, есімізде мәңгі сақталады. 

Қоңыржай ҚЫСТАЛАСОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері,
Алакөл ауданының Құрметті азаматы