ОРНЫН БОСАТҚАН БАС ДӘРІГЕР, ДӨРЕКІ СӨЙЛЕГЕН ӘКІМ: ЖАРКЕНТТЕГІ ОҚИҒА

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 1244
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Панфилов ауданында соңғы кездері көпшіліктің назарын аударған екі оқиға болды. Оның бірі ана мен бала өлімі болса, екіншісі - әкімдердің жүк көлігі жүргізушілерімен арада өрбіген диалог. Бірінші оқиғаның нүктесі аудандық аурухананың бас дәрігері кенеттен жұмыстан кетуімен қойылса, екінші әкім ісіне қатысты мәселеде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тарапынан тексеріс басталғаны айтылды.

Алдымен бас дәрігер Төлеу Сарпековтің өз еркімен жұмыстан кеткенінен бастайық. Бұл мәліметті Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков растады. Басқарма басшысының айтуынша, Т.Сарпековтың жұмыстан кетуіне жақында болған ана мен бала өлімінің қатысы жоқ. «Ана мен бала өліміне байланысты сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ», - деді Ө.Ниязбеков.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі апта бұрын, яғни, сәуір айында Жаркент перзентханасында ана мен бала көз жұмған еді. Жанар Баратова баласын босануға барғанда қан кетіп, бірнеше система салынған. Бірақ әйелдің жағдайы оңалмаған. Ал осыдан 10 ай бұрын ғана дәл осы перзентханаға босануға барған Балнұр есімді келіншек сәбиімен бірге қайтыс болған.

Екінші оқиғада назарға іліккен - Жаркент қаласының әкімі Болат Омаров. Қазіргі таңда оның үстінен қызметтік тексеріс басталды. Тексеріске қала әкімінің жүк көліктері жүргізушілерімен дөрекі сөйлескені көрінген бейнежазба себеп болған. "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығындағы Nur joly стансасында екі жүк көлігінің жүргізушісі Әкімшілік кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша қамауға алынған. Шекара аумағында кезекте тұрған 100-ге жуық жүк көлігінің жүргізушісі Панфилов аудандық полиция бөлімінің алдына жиналып, әріптестерін босатуды талап еткен. Әлеуметтік желіде тараған видеодан жиналғандарды тарауға шақыруға келген әкім дөрекі сөйлегені көрінеді.

– Олар заңды бұзғаны үшін ұсталды. Мұнда не істеп тұрсыңдар? Боқтама. Не сығалап тұрсың? Бәле іздеп тұрсың ба сен? Қайтсаңдаршы, не бар мында?, – дейді әкім. Оның бұл сөздеріне жүргізушілер наразылық танытып: "Неге дікілдеп сөйлейсіз, бізді қорқытпаңыз, сізді сізді халық сайлаған жоқ па?" - дейді. Сонда әкім: "Мені сен сайлаған жоқсың", - деп жауап береді. "Еуразия" телеарнасының мәліметінше, оқиға орнында Панфилов ауданының әкімі де жүрген. Даулы мәселеге қатысты Жаркент қаласының әкімі ақпарат құралдарына пікір беріп, жиналғандардың ішінде сырттан келген адамдарын барын, олардың аудан, қала тұрғыны емес екенін алға тартқан. Яғни, әкім "мені сен сайлаған жоқсың" деу себебінің түп-төркіні де осыдан шығады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті аталған факт бойынша Алматы облысы әкімі аппараты басшысының атына қызметтік тексеріс жүргізу туралы хат жолданып, оның нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданатынын жариялады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"