НЕ СҰМДЫҚ? МЕКТЕП ДӘРЕТХАНАСЫНА АҚША БӨЛІНБЕЙ МЕ? ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Уақыты: 29.11.2021
Оқылды: 1085
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлеуметтік желіде Жаркент өңіріндегі мектептердің бірінде әжетхана салу үшін ақша жинау туралы ақпарат тарады.

Панфилов ауданының әкімдігі бұл әрекетке қатысты түсініктеме берді. Әлеуметтік желідегі мәлімет бойынша, мектептің ішіне әжетхана салу үшін тұрғындардан қаражат жиналған. «Мынау не сұмдық? Мектепке кафельді халыққа ақша жинатып салдыруда. Сонда бұған ақша бөлінбей ме? Президенттің тапсырмасымен қазір барлық жерде мектеп дәретханасы іште орнатылуы керек. Тексерулеріңізді сұраймыз», - деп жазылған желідегі ақпаратта.

Видеода мектеп ғимаратының ішіне салынып жатқан дәретхана көрсетілген. Ол бастауыш сыныптарға арналғаны және кафельге ақша жетпей жатқаны да айтылады. Тұрғындардан ақшалай көмек сұралып, Kaspi банк карточкасына ақша аудару үшін телефон номері берілген. «Мектеп екі корпустан тұрады. Бір корпусында ғана ішкі әжетхана бар. Екінші корпуста әжетхана жоқ. Ата-аналар өз бастамаларымен ішке әжетхана салғызып жатыр. Қаржы жетпей ата-аналар демеуші іздеген. Қазір құрылыс жұмысы 90 пайыз аяқталған. Өздері аяқтайтынын айтуда», - делінген Панфилов ауданы әкімінің баспасөз қызметінің "Қазақпаратқа" берген жауабында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"