ТАЛҒАРДА МАС ЖІГІТ БІРНЕШЕ КӨЛІКТІ СЫНДЫРЫП, БОЙЖЕТКЕНГЕ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ

Уақыты: 27.12.2021
Оқылды: 1272
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талғар ауданының полициясына шағымданған 18 жастағы бойжеткен белгісіз біреудің оны еш себепсіз ұрып, дене жарақаттарын салғанын айтқан. Көшедегі бейнебақылау камераларының және бойжеткеннің ұялы телефонына түсірген бейнежазбаларын зерделеген тәртіп сақшылары күдікті азаматты жылдам анықтады.

- Бұзақылық дерегіне қатысы бар деген күдікпен 1995 жылы Түркістан облысында туған азамат ұсталды. Іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында жүргізілуі тиіс сараптамалар жасалды. Күдікті азамат тергеу аяқталғанға дейін мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, - деді Талғар аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

Алдын ала тергеу барысында ащы суға сылқия тойып алған күдікті мен көшеде келе жатқан бейтаныс бойжеткен арасында көшеде сөзге келіспеушілік орын алған. Содан кейін күдікті көше бойындағы бірнеше көліктің үстіне шығып, оларды бүлдіріп, көлік иелеріне материалдық шығын әкелген. Оның бұзақылық әрекеттерін ұялы телефонына түсіргенін көрген күдікті бойжеткенді ұрып, дене жарақатын салған.

Қазіргі уақытта күдіктінің әрекетіне қатысты көлік иелерінен де полицияға арыз түсті. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"