ҚЫЗЫР АТА МЕН АЯЗ АТА: БІЗГЕ ҚАЙСЫСЫ ЖАҚЫН? ШЫРША АЙНАЛУ ҚАЙДАН ШЫҚҚАН?

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1568
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Байқасаңыз, Жаңа жыл кейінгі уақытта бұрынғыдай тойланбайды. «Өтірік сақал тағып ап, Балаларды алдайсың» делінетін Аязатаға біз кәдімгідей сендік, сыйлық күттік, тілектерімізді тізімдеп хат та жаздық. Ал қазіргі балалардың көбі ол атаның барына сенбейді. Тәуелсіздік алып түп-тамырымызға қайта оралып жатқан шақта ресми Жаңа жыл тек күнтізбенің ауысымы ретінде қалыптасып, нағыз жаңа жыл 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні ақ түйенің қарны жарылар кезде тойланады.

Желіге шолу жасайтын жаңа айдарымыздың алғашқы жазбасын журналист, мәдениеттанушы Серік Ерғалидың постынан бастамақшымыз. Оны тележүргізуші Жанат Бақыт (zhanat_bakyt) «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған. Қазір қызу талқыға түсіп жатқан жазбаның мәтіні төмендегідей:

«Аязатаның шапанының өзі қазіргі қазақ шекпенінен айырмасы жоқ. Қай еуропалық дәл осындай үлгіде киім тіккізіп киген еді? Сол Аязата мен Санта Клаустың бөрігіне көз жүгіртіңізші. Тағы да түркілердің келбеті көз алдыңызға келеді. Ал түрлі аң келбетіне еніп, ертегі кейіпкеріне айналу дәстүрі де даланың, жан-жануардың күйін жақсы білетін көшпелілерге тән екені айтпаса да түсінікті. Шырша безендірудің өзі ақтық байлаудан туғаны анық. Кейбір деректер, Аязатаның түркілік аңыздағы Қызыр ата екенін айтады. Бұл пікір де негізсіз емес болса керек. Себебі, түркі елдерінің ішіндегі башқұрт, татар, шұбаш сынды халықтар әлі күнге 22-25 желтоқсанда «Нартуған» мерекесін тойлайды. Көшермен әрі атты бабамыз тәңірлік таным жүйесіне сәйкес төрт дүлей: су, от, топырақ пен ауаның тылсымдарына мойынсұнып, өз қарекеттерін жасаған. Жасағаны былай тұрсын, өздерінше тыңғылықты қағидасы болған. Айталық, жылдың төрт мезгілі әлгі төрт дүлейге бағындырылған: Көктем – суға, Жаз – отқа, Күз – топыраққа, ал Қыс – ауаға. Міне, осыдан барып қыстың басқы айы «желтоқсан» аталады. Жел – ауаның көшкіні. Өйткені тоқсан күн қысты ауа дүлей жел болып та, қар болып та билейді. Тоқсанның қақ ортасында өмір қаңтарылады: «не өлім, не өмір» жоқ дегендей тұжырым.

Бірақ біз бұл айда Жаңа жылды тойлап есіреміз бүгінде. Соңғы айда Ұлы Даланы ақ боран басады, бұл да ауаның қысқы сипаты. Содан барып ол ай «ақпан» аталған. Бұнымен қоймайды, Алаш деген арғы бабамыз Желтоқсан айын соғымнан бастайды. Бірақ бұл бүгінде құлқынның қамына айналып, қысқа ет қамдау науқанына айналып кеткен. Ал ежелгі нұсқасы – ұлы өмірдің көзі болып табылатын жарықтың қайнары – Күннің құрметіне құрбандық шалу еді. Тіпті, кедей-кепшікке дейін бірігіп бір ірі малды сойып, оны 12 жілікке бөлетін де жеребемен таңдап алатын. Бұл да тәңірлік жоралғы еді. 12 жілігіңіз аспандағы 12 шоқжұлдызынан тұратын Күн жүйесіне тікелей ықпалы бар ғаламдық кеңістіктің амандығын ойлау болар.

Бұл қайдан шықты? Астрономия ғылымы жоққа шығара алмайтын Күн мен түннің теке-тіресі бар. Ол жылдың 4 мезгіліне сай, екі рет теңеседі, екі рет не күн не түн тоқырайды, Күн мен түн тайталасады. Бұл жағдай жай ғана механикалық нәрсе емес, жердегі тіршілікке тікелей био-тео қуатымен әсер ететін құбылыс еді. Міне, осының шешімін Алаш баласы ғана емес адамзат әлгіндей тапса керек.

Тәңір – таң атырушы, жарық беруші, Жақсылық пен Жамандықты, Жарық пен Түнекті теңгеруші (балансирущий) құдырет. Бұл – Алла Тағаланың бір сипаты. Сол таным бойынша Күн жылына бір рет өліп-тіріледі. Бұл да Жарық пен Түнекті теңгеруден шығатын заңдылық қана емес, Жарықтың мәңгілік сипаты. Өліп-тірілмей мәңгіліктің жоқтығын ескерген қағида еді. Ол «өлім» жыл сайын 21-22 желтоқсанда болады да, үш тәулік бойы Нұр-Сәуле қайта туады.

Одан кейін осыдан 105 жыл бұрын 25 желтоқсанда Алашорда үкіметі құрылды. Бұл күн шын мәнінде қазақ мемлекеттігінің ХХ ғасырдағы қайта қалпына келген сәті еді. Бірақ біз бұны әлі күнге тұшына мойындай алмай әрі-сәрі күйдеміз. Бүгінгі Қазақстан осы Алашорда жасаған алғышартпен орныққан мемлекет еді. Алаш күні аталуға лайық күн!»

Шағын ғана жазбада біраз мәселенің басы шалынған. Қыстың боранындай бораған оқырман пікірлері авторды қолдаса, бірі қарсы шығып, тіпті, жерден алып, жерге салуда. «Marjansozder» атты желі қолданушысы: «Қызыр атаның қазаққа қаншалықты қатысы бар? Ол қайдан шықты? Неге Қызырды соншалықты дәріптейді? Неге оған сыйынады? Оны әлі де ешкім білмейді, соқыр наныммен аталары жасаған ырымды жасайды», – десе, «Sake_aktobeden»: «Татарларда Нартуған емес, нардуган! Яғни, күн мен түнге байланысты еділ бойының түркі халықтары тойлайтын салт! Ұлы Даланың халқы оны еш уақытта тойламаған. Осы уақытқа дейін қаншама тарихи кітаптарда сөз болған емес ол туралы! Қазір бүкіл түркі елін біріктіргісі келген идеологиямен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері бір болған дегендей, қиыстырып жазушылар көбейіп кетті», – деген пікір қалдырған.

Ал «Zhanatakhmetova» болса: «Қызыр атамыз батада қосылады. «Жортқанда жолың болсын, жолдасың Қызыр болсын, алдыңнан Алла қолдап, қоржының олжаға толсын» деген. Батаменен ел көгерер. Дұрыс шығарылған, енді білгіштер жоққа шығарып, тіл тигізеді. Қызыр атаны жоққа шығаруға болмайды», – дейді. «Aigul_s_t»: «Біз Маңғыстауда соғым соямыз болмаса бөлікке бөлеміз. Сонда қағазға жазып жеребе тастаймыз. Кімге қай жілік түседі. Соны алып кетеді. Өкпе реніш болмайды», – деген пікір жазған.

22 наурыз бен 31 желтоқсан. Қызыр ата мен Аязата. Екеуін таразы басына салаң, бәрі бір бүйрегің бұратын біреуі болады. Көз алдыңызға елестетіп көріңіші. 1 қаңтар. Өлі тыныштық. Көше толған от шашудың қалдығы. Кейбір отбасы араздасып үлгерген. Оның себебі жаңа жылды тойлаудан басталған шампанское ішімдігі, арақ-шарапқа ұласып, арты дауға айналды. Жаңалықтардан «отшашудан тұтанған от бүкіл үйді алып кетті. Отшашу атпақ болған бала ауруханаға түсті. Қолындағы отшашу жарылып кетті» деген хабарлар кездесіп жатады.

Ал енді 22 наурызда ше? Қыстан аман шыққан халық бір-бірін аралап, сүрі еттерін асып, қонақ күтеді. Наурызкөже ішіп, қымызға қарық болады. Береке-бірлік танытып, Табиғат-Анаға арнап сенбілікке шығады. Мереке кезінде қазақы киім киім, алтыбақанда айтылған әнді айтсаңызшы?! Нағыз Жаңа жыл осы дерсің.

Сіз не дейсіз, ойлы оқырман? Желтоқсанның аяғында «Один дома» көріп, базардан отшашу алып келетін, ал, наурыздың аяғында алтыбақан теуіп, наурызкөже ішетін ұл-қыздарыңызға қай ата туралы көп айтасыз?

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы