БАЛА ТІЛІ БҰРЫН БАЛ ЕДІ, ҚАЗІР БАЛШЫҚҚА АЙНАЛЫП БАРАДЫ. БҰҒАН КІМ КІНӘЛІ?

Уақыты: 01.01.2022
Оқылды: 1752
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Балшық – бассаң аяғыңды, шашсаң киіміңді былғайды. Бір жақсысы қандай жағдайда да сумен жуып, тазалап алуыңа болады. Ал тілімізге батпандап жабысып, ділімізді кірлетіп жатқан балшықтан қалай арыла аламыз? Санаға түскен сан сауалдың салмақтысы да осы болып тұр. Жауабын бірге іздеп көрейік.

«Бала тілі – бал» деген бұрыннан келе жатқан тәмсіл бар. Ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтыны, керісінше, баланың былдырымен бірге дәмі кіре беретіні ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. «Ендеше баланың бал тілін балшыққа теңейтіндей не күн туды?», – деген заңды сауал туындауы мүмкін. Қазіргі таңда ұлттың ұлы құндылығы – қадірі бөлек, қасиеті ерек ана тіліміздің жағдайы жаға ұстатпаса да, айта-айта жағымызды талдырды. Оған кінәлі билік деп жоғарыға шүйліктік. Балықтың басынан шіритінін білгенімізбен, құйрығынан бастап тазаланатынын есімізден шығардық. «Балықтың басы билік болса, халықты құйрыққа теңеп тұрсың ба», – деп қиғылық салмай тұра тұрыңыз. Бұл бейнелі түрде айтылып келе жатқан сөз.

Әлқисса, тіліміздің Айы оңынан туып, Күні шуағын шашуы үшін ойы азат, рухы еркін ұрпақ керек. «Елу жылда ел жаңа» дегенді білмейтін қазақ кемде-кем. Егер осы сөзде ақиқат бар деп көңілімізді сендірер болсақ, ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істерімізбен бірге – жымқырып-қымқырып, жоғалтып-тоналтып, алдап-арбап, жағынып-қағынып отыз жылымызды өткіздік! Енді еншімізде қалған жиырма жыл бар. Жүйрік уақытпен бірге жүйткіп бұл да өте шығады. Осы екі ондықты тиімді пайдалансақ, құны кеткен құндылықтарымыздың бағасы артып, шыңыраудан құмығып дауысы әрең жеткен тіліміздің үні шыңға көтерілері сөзсіз. Ол үшін не істемек керек?! Әрине, саны да көп, сапасы да жоғары ұрпақ тәрбиелеген ләзім. Бұл мәселеде ең әуелі отбасындағы әке мен ана уайым жегені дұрыс.

Қазіргі таңда бала тілінің балшыққа айналып бара жатқанына қалай айтсақ та әке мен шеше кінәлі. Неге? Бұлай сұраудың өзі де ыңғайсыз. Бір емес, бірнеше мәрте, тіпті, тіл туралы әңгіме қозғала қалған ортада кемінде екі адам балаларының тілі орысша шығып жатқанын айтады. «Үйде жүз пайыз қазақша сөйлейміз. Бірақ неге екенін, балаларым тақылдап орысша сөйлеп кетті», – деп кәдімгідей өз сөзіне өзі таң қалады. Себебін сұрасаң, теледидар мен смартфонды алға тартады. «Көретін мультфильмдері мен ойнайтын ойындарының бәрі орысша. Содан болу керек», – деп айнадан көргендей ақиқатқа күмәнмен жауап беретінін қайтерсіз.

«Дос жылатып айтады!» Жақындарымның біразына көңіліне алса да қатты айтқан кездерім болды. Бұл жерде баладан көретін ештеңе жоқ. Ұлтының болашағы болатын ұрпағы үшін ата-анасы алаңдамаса, ақ пен қараны әлі ажыратып үлгермеген бала қайдан білсін тамырына балта шабылып жатқанын. Рас, «тамыры шабылды» дегенде адам ретінде құрып, жоғалып, «ит мініп, ирек қамшылап» кетпейді. Өзге тілде сөйлеп те өмір сүре алады. Бірақ өзге тілде сөйлеу арқылы ұлттың санын азайтпаса да, сапасын жоғалтатындардың қатарын көбейтіп, шала қазақ болып күн кешеді. Қазіргі таңда тіл туралы шу шыққан жерге зер салсаңыз, ел ішінен дау тудырып, іргемізден жау шақырып жатқан да ең әуелі осы шала қазақтар! Сонымен...

Әке мен шеше неге кінәлі?! Ақыл айтқандай болмайын, бәрімізге белгілі нәрсе ғой. Өзінің жан тыныштығын ойлағаннан. Әйтеуір бала жыламаса, шуламаса болды. Теледидардан не көріп, смартфоннан не ойнап жатыр оған басын қатырмайды. Ақылға салып қарасаңыз, ойына келгенді ойнап, өзге тілде сайрап жатса, қалай алаңсыз жүре беруге болады?! Осылайша талбесіктегі тәрбиеге сызат түскеннен кейін, есейгенде өзгенің қаңсығына есі кететіні айтпаса да түсінікті. «Баланы – жастан» дегені қайда аталарымыздың?! Бақпаса мал, қарамаса бала кететінін неге естен шығара береміз?! Бала – жас шыбық емес пе, қалай исеңіз солай майысатын. Неге қазақ деген ұлтымыз үшін қарекет қылып, амал жасауға құлқымыз жоқ?!

Бала тәрбиесіне жауапты үйдегі ата мен әже, әке мен шеше екенінің айқын дәлелін айта кетейін. Талдықорған таныстырып, тағдыр табыстырып, ағайындай болып кеткен Дәулет пен Гүлшат деген әпке-жездем бар. Қаланың іргесіндегі Еркін деген ауылда тұрады. Қала мен ауылдың ортасын Қаратал өзені ғана бөліп тұр. Бірақ отбасындағы екі қызы мен бір ұлы қалада оқыса да, орысша бір сөз қосып сөйлемейді. Бәрі жоғары білімді. Тіпті, бір қызы «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқып келді. Ел аралап, жер көрдім екен деп тілдерін шүлдірлетіп жүрген жоқ. Жақсы араласқаннан кейін немересіне бізді кіндік әке-шеше сайлады. Қызымыздың аты - Дария. Тілі шығып келе жатқанда немеренің қалауы бойынша ата-апасы «Маша мен аю» деген мультфильмді көрсете беретін. Бір күні атасы ол арнаны бұғаттап тастапты. Себебі, немересінің қылығы Машаға ұқсап, өзі орысша шүлдірлей бастаған. Анығын айтқанда, Машаның аюдың басына әңгіртаяқ ойнатқаны әсер етіп, атасы мен апасының басына шыққан. «Өз балаң көргенше, немерең өлгенше» дегенімізбен ол кісілер баланың тәрбиесін маңызды санаған. Немерені еркіне жібереміз деп, атасы мен апасы, әкесі һәм анасы өлгенше өкініште болмауы үшін бірден тәртіпке салып, тәрбиесін қолға алған. Қазір немересі екеу болды. Барсақ тек «Балапан» арнасындағы қазақтың батырлары туралы ертегі-аңыздарға құрылған мультфильмдерді ғана көріп отырады. Сөйлегенде сөздің түбін түсіреді. Кейде ересек адамдай ой айтады. Ал бұл әулеттің тілінен жерімей, дәстүр-салтына құрметпен қарауының негізі осы шаңырақтың алып бәйтерегіндей болған Ақынбек ақсақалдың тәрбиесінде жатыр. Кеңес өкіметі кезінде ауыл шаруашылығы саласында істегенімен аузы дуалы, сөзі уәлі. Нағыз батагөй әдемі қартайған қарияның нақ өзі. Дәл осы мысал жоғарыдағы «үйде жүз пайыз қазақша сөйлейміз, бірақ тілі орысша шығып кетті» деп балаларына таң қалып жүрген ата-анаға өнеге болса, қанеки.

Қанша тіл білсең, сонша елді танисың. Сол көп тілдің көшін бабаның қаны, ананың сүтімен келген қазағымның қасиетті де қастерлі тілі бастап тұрса ғой, шіркін! Тілі шұбарланған, рухы тұманданған ұлт болу ұят қой енді. Көрші елдің патшасының «Қазақстан орыс тілді мемлекет» деп көпіріп сөйлегеніне өзіміз кінәліміз-ау. Өзіміз міңгірлеп, ұрпағымыз шүлдірлеп жүріп кімге сес көрсеткендейміз. Ұлтымыз мықты болуы үшін ұрпағымыз рухты болмақ керек. Балаларымыздың бал тілін балшық жасамайықшы, ағайын!

Жұматай ӘМІРЕ