ҚАЗІРГІ ҚЫЗДАР ОРАМАЛДЫҢ ҚАСИЕТІН БІЛЕ МЕ? ЗЕЙНЕП АПАНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ

Уақыты: 02.01.2022
Оқылды: 1355
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Жетісу» телеарнасынан бір жыл бойы «Зейнеп апаның әңгімелері» атты хабар жүргізілді. Сол хабардың қорытындысы ретінде Оқушылар сарайында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова талдықорғандық көпшілікпен жүздесіп, тағылымды әңгімелерін айтты. Апамыздың  аузынан жазып алған түйдек-түйдек ойларды оқырман назарына ұсынамыз.

ҰЛТТЫҚ КОД

«Ұлттық жаңғыру дегеніміз» халық мұрасын жаңғыртып, қайта алып келу. Қазір қарасақ, «Ұлттық жаңғыру» деп бекерге қаңғырып жүргендер көп. Ұлттың жаңғыруы үшін сананы жаңғырту керек.

Ұлттық жаңғырудың негізі – Ұлттық код. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық қадір-қасиет, ата-бабаларымыздың сан ғасыр сараптан өткізген үлгі-өнегелері. Біз содан айырылғандықтан да шөре-шөре болып жүрміз. Ұлттық код бір нәрсеге ғана таңылмайды, ол жалпылама сипат алады. Оған біріншіден тілің, салт-дәстүрің, ділің кіреді. Оны жеке-жеке алып қарауға болмайды. Ол үлкен бір теңіз секілді шалқар дүние. Ұлттық жаңғыру деп жеке-жеке әр нәрсені көрсететіне көңілім толмайды. Ол бүтін бір мемлекеттік бағдарлама болуы керек.

АНА ТӘРБИЕСІ

Мен өсіп-өнген отбасында тәрбиелендім. Әкем халықтық емді де, медицинаны да қатар алып жүрген мықты көз дәрігері болды. Ал анам өмірден өткенше қазақтың салт-дәстүрін үкісін қисайтпай ұстады. Мені де осы бағытта тәрбиеледі.

Шешем өзі он құрсақ көтерген кісі. Тоғыз ұл, бір қыз туған. Қызы бар үй қандай болады екен деп армандап жүріп мені құдайдан тілеп алыпты. Балаларының біразы шетінеп кетті де, мен еркекшоралау болып төрт ұлдың ортасында өстім. Бірақ анам тәрбиеде қатал болды. Жалғыз қыз деп аса еркелетпеді. Алты-жеті жасымда киімді де тігетінмін, тоқыма да тоқитынмын.

Осы анамның берген тәрбиесі кейіннен мені қиындықтан алып шықты. Ата секілді қалыпқа сыймайтын, табиғаты ерекше жаратылған адамның алдында жүріп, қызмет ету,  шайын қайнатып, қолына су құю оңай емес болатын. Өйткені, ол кісінің екі жағы да бірдей қайралған қанжар секілді. Былай тайсаң кесіп кетеді, былай тайсаң осып түседі. Бел ортада тең жүруге ол кезде мен әлі жаспын. Атаның қолына көшіп келгенімде жиырма бес жаста едім. Содан бастап алдында орамалсыз жүрген емеспін. Ырза болғанында «Менің балам шоқынды емес» деп қоятын. Ондай сөз есту мен үшін өкіметтің жарлықпен беретін орден-медальдарынан артық. Сол анамның берген тәрбиесі түп етегімнен мықтап ұстап тұрды.

Ата сияқты қатал мінезді адамның бабын таба білуімде анамның сіңірген еңбегі зор.

ОРАМАЛДЫҢ ҚАСИЕТІ

Жалпы маған орамал тағып үйреткен анам. Бала кезімде түнде ұйқыға жатарда басыма тастай қылып орамал байлап беріп «Түн тылсым, қараңғыда шын-шайтандар қозады, олар ашық-шашық жатқан нәрсені иектейді. Сол үшін басың жалаңбас болмауы керек» дейтін. Ондай сөзді естіген соң, күндіз тұрмақ түнде де орамалсыз жүргің келмейді. Сәл өскен соң «ас үйге ормалсыз кірме, тамаққа шашың түсіп кетсе, тамақ арам болады, одан соң абыройың кетеді. Ас үйде әйел адам орамалсыз жүрмеуі керек» дейтін болды. Аяғым ауыр кезде «іштегі бала бәрін көреді. Басың жалаңбас болса, албасты болып көрінесің, балаңды шошытасың» дейтін. Ондайда тіпті қорқасың. Келін болып, атамен бірге тұрған соң орамал тағу міндетім екенін түсіндім.

Алғаш рет Ташкентте түсірілген телебағдарламаға қатыстым. Ол Кеңес өкіметінің кезі. Түсірілім алдында орамалымды шешіп тастауды сұрады. Ол кезде ескіліктің көзі деп қойшының әйелдеріне дейін орамалын шешкізетін. Әлгі режиссерге: «Хабарыңыз шықпай қалса да орамалымды шешпеймін. Мен кез-келген адамның келіні емеспін, Момышұлының келінімін. Теледидар алдында ақсақалды ата, ақжаулықты әже отырады. Мен атаның алдында орамалсыз жүріп көрген жоқпын. Неге басқа кісілерді сыйламауым керек, олардың алдына жалаңбас шығуым керек? Әрбірден соң жалаңбас жүрген келіндер үлгі алсын менен», - дедім. Режисер келісіп, мені хабарға ормалмен түсірді.

ҚҰДАЙСЫЗ ҚУРАЙ ДА СЫНБАЙДЫ

Жетпіс жыл Құдайсыз қоғамда өмір сүрсек те, Алладан алыстаған жоқпыз. «Құдайсыз қурай да сынбайды». Осы бір ауыз сөз біздің Алла Тағалаға қаншалықты жақын екендігімізді көрсетеді.

Тәуелсіздік келген соң шегарамыз ашылды, қанатымыз кеңге жайылды. Қаптап батысы да, шығысы да келді. Олардың көздегені – байлық. Өйткені жері бай халықпыз. Діттегеніне жету үшін оларға халықтың рухын жаулауы керек. Еркіндік, демократия деп тым еркінсітіп, тәрбиеден жұрдай етті. Аузыңа келгеніңді сөйлейтін қылып қойды. Болмайтын дүниеге таластырып, әкесі баласын, қызы шешесін сотқа беретін күнге жеткізді. Атасының кебісіне аяқ сұқпайтын, енесінің төсегіне отырмайтын келіндер ата-енесін Қарттар үйіне апарып тастады.

Бұл - батыстың үлгі-өнегесі. Ал сапситып сақал қою, шолтитып шалбар киіп, қыздарды қара орамалға тұмшаландырып, мұсылман боламыз деу бекершілік. Мұсылман болу үшін арап болудың қажеті жоқ. Қара орамалмен тұмшаланып мұсылман болады дегенге сенбеймін. Жай ғана орамал тағып жүріп құдайға сыйынуға болады ғой. Қазақта қара орамалды күйеуі өлген әйелдер ғана таққан. Қара, қоңыр орамалды ырымға жаман деп басына жолатпаған. Сол қара орамал жамылғандардың көбі талай рет талақ тасталған, біреудің екінші-үшінші әйелдері атанып жүргендер. Жолдасына мен ана әйелді талақ еттім, енді сен ие бол деп табыстау сәнге айналды. Олардың көп қылығы құдайсыздық.

Мәселен, мектепке баратын кіп-кішкентай қыз басына бантик таққысы келеді, балалармен ойнап жүргісі келеді. Ал оны еркінен тыс тұмшаландырып, барлық нәрсеге тыйым жасап тастайды. Бұл дұрыс па? Әр нәрсенің шегі бар емес пе?

Қазір елді таңқалдыру үшін небір нәрсені ойлап табатын болды. Оның астарына да үңіліп жатпайды. Келінді терезеден кіргізіп жатқанын көріп таң қалдым. Сондағы сылтауы екі келін бір-бірін көруге болмайды. Ұры ма еді ол терезеден кіретін? Табалдырық аттау деген қасиетті нәрсе. Келін босаға аттап кірмесе, ертең терезеден шығып кете барады. Әлеуметтік желі арқылы әйелдің бесікке мініп алғанын көріп те жағамызды ұстадық. Бұл не деген масқара! Соған қалай ақылы жетіп тұр? Ол көпбалалы ана болса бесік киелі екенін, бесікпен ұрпақ өсіп-өніп, көбейетінін ойлану керек қой. Осындай жүректі сыздатар ессіз әрекеттер көп қазіргі қоғамда.

АЖЫРАСУ НЕГЕ КӨП?

Қазір ажырасу өте көп. Оның әртүрлі себебі бар. Біріншісі – жастардың бүгін таныса салып, ертең үйленетіндігі. Бірін-бірі жете танымайды, алдағы күндерінің қалай болатынын ойланып жатпайды. Жастар лезде үйленетін болғандықтан ата-аналары да амалсыздан асығыс  тойын жасайды. Тойдың үстінде бірін-бірі жаңа танып жататындар бар. Екінші себеп – пендешілік, екі жастың арасына заттың түсуі. Қыздың жасауына ананы әкелесің, мынаны әкелесің деп шарт қояды.

Қазір тіпті неше түрлі салт шығарып алған. Ана сүті деген бар. Ол бұрыннан келе жатыр, ананың сүтін қадірлеу дегеннен шығады. Оған нені қосқан де, ана сүті, әке күші, аға мейірімі, жеңге шапағаты деген секілді. Одан «жеті себет әкелесің» дейді. Себет қай ата-бабаңнан қалып еді. Ол да кейінгі байлардың шығарғаны. Қазақтікі қоржын. Қоржын апар болды. Әсіресе, қыздың шешесі белсене шығып, «ананы әкел, мынаны әкел» деп шарт қояды. Сол шеше ертеңгі күні қызының жайы қандай болатынын, барған жерінде не күтіп тұрғанын ойламайды. Шешесінің «ананы әкел, мынаны әкел» дегенінің бәрі қыздың алдынан шығады. «Шешең сөйтіп ед» деп бетіне басады. Осындай жайттардан екі ортаға сызат түседі.

Қазіргі заманның тағы бір үлкен трагедиясы – несие алып той жасау. Тойдан түскен ақшамен оны жауып тастаймын деп ойлайды. Олай болмайды. Ешкім уыстап ақша әкелмейді, әркім шама-шарқына қарай апарады. Сөйтіп, тойдың шығыны өтелмейді. Содан баласына «сен үшін несие алып той жасадым, сен төле» дейді ата-анасы. Жастар бір жаққа барғысы келеді, киім алып кигісі келеді. Содан реніш басталып, жастардың арасына сызат түседі. «Сенің әке-шешең, менің әке-шешем, сенің кредитің, менің кредитім» деп тартысып, таласады. Оған шыдай алмай келін төркініне кетеді. Анасы болса «ішіме сыйған балам сыртыма да сияды, ондай жарымаған жерге бармай-ақ қойғаның дұрыс» деп қызын үйге кіргізіп алады.

Менің шешем бірінші рет күйеуімді жамандап барғанымда бетімнен бір тартып: «Ағаларың мен жеңгелеріңнің көзіне күйік болғанша, өлігің сол жерден шықсын, «Шыққан қыз шиден тысқары», «Үйден шыққан қыз өлікпен тең», – деді. Сөйтсем адам өлген кезде оң жаққа шиге салып шымылдық құрады. Оң жақтан шығарады мәйітті. Қызды шығарар кезде де оң жаққа шымылдық құрады да артына қаратпай алып кетеді. Соны маған мысалға келтіреді.

«Сонда мені өлікке теңеп отырсыз ба?» деп мен жылаймын. Анам болса: «Бір еркектің кем-кетігін түзеп, жөнге сала алмасаң онда менен туғаның бекер» деп, мені үйден шығарып жіберді. Енді күйеуіме қайта барайын десем, есікті тарс жауып кеткенмін. Алматының көшесінде жүрмін сенделіп, ана жерден газдалған су ішем, мына жерден балмұздақ жеймін. Басқа барар жерім жоқ, иттей болып күйеуіме қайтып келдім. Қолымда кілтім бар, есікті ашып кірейін десем ана есік мені жазғырып тұрған секілді. «Әй, бағана топсамды түсіре жаздап тарс жауып кетіп едің, енді қай бетіңмен келіп тұрсың?» дейтіндей. Осы жағдай маған сабақ болып екінші қайта төркінімді жағалап бармадым.

Бізде қазір «Мен сені зорлап қосқан жоқпын. Өзің бардың. «Қоян терісі де бір жылға шыдайды», сен де шыда» дейтін шешелер аз. Қосылғандарына алты ай болмай ажырасып кетіп жатқандарды көзіміз көріп жүр.

Сонда не жетпейді? Түп-тегіңнен мықтап ұстап тұратын тәрбие жетіспейді. Тәрбие болғанда – ұлттық тәлім. Қазақ халқы «ұят болады, обал болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиелеген. Біз осы ұяттан айырылып қалдық. Неше түрлі нәрсенің барлығы содан шығып жатыр. Беттің қытығы кетіп қалған. Ол ұлттық қадір-қасиетімізбен бірге кетті.

«Тасын ала берсе, тау да таусылады». Біз бір-ақ күнде құрыған жоқпыз. Аз-аздан ұлттық құндылықтарымыздан айрыла бастадық. Батыс келіп жалаңаштандырды, шығыс келіп тұмшалады. Қазақ қайда қалды сонда? Қадір-қасиетіміз қайда кетті? Қазақта бәрі болды: тәлім-тәрбие, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дала заңы. Осының бәрінде имандылықты тірек етті. Қазіргі діншілдер келінге сәлем салуға болмайды, ол құдайға серік қосу дейді. Ата-бабамыз «Жаманға жалынба, адамға табынба» деген.

Қазақ ешқашан адамға табынбаған. Алайда келін сәлем салу арқылы келген жеріне құрмет көрсетеді. Шариғаттың қай жерінде келін құрмет көретпесін деп жазылып тұр? Сондықтан айтқан сөздің бәріне көзсіз сене беруге болмайды. Бір жаратушы күштің бары рас. Ол алдымен адамның жүрегінде болуы керек. Жүрегіңде иманың болса сені жаман іске жібермейді, арам нәрсеге қол созғызбайды.

Асыра діншілдер дінді ұлттың үстіне шығарғысы келеді. Онда ұлт жойылады. Олардың арманы сол. Оларда дәстүр, заңнан бұрын дін басым. Шариғатпен ұстағысы келеді. Екі сөздерінің бірі о дүние, қит етсе, күнәһар боласың дегенді алға тартады. О дүниені ойлай беретін болсақ, не үшін өмірге келдік? Құдай не үшін жаратты? Бізді жер бетіне көбейсін, өсіп-өнсін деп жіберді. Олардың сөзіне қарасаң анау болмайды, мынау болмайды. Барлығынан тосқауыл. Біз олардың тосқауылдарымен жүрер болсақ, өз жолымыздан жаңыламыз. Қазақ өзінің тәрбие жолын қалыпатастырған дана, текті, рухты, тағдырлы халық. Алып бәйтерек сияқты тамыры тереңге кеткен, шайқалса да құлауы қиын. Халқымыздың басынан не өтпеген? Ұлттық қадір-қасиетіміз мықты болмаса осы күнге жетпейтін едік. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп,  айтатынын айтып қалады қазақ. Ақиқатына жетеді. Бір ауыз сөзге тоқтам жасайды.

КЕЛІН МЕН ЕНЕ

Келінімнің жаңа түскен кезі. Қолында шүберек, ыңылдап ән айтып, үй жинап жүр. Мен есіктен сығалап қарап тұрып, өзіме бір үлкен жаңалық аштым, жүрегім аунап түсті. «Мына балаға менің қандай еңбегім сіңді? Біреу тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелді. Түн ұйқысын бөліп, бақты-қақты. Көтеріп бақшаға, жетелеп мектепке апарды, оқытты-шоқытты. Бұл біреудің әлпештеп өсірген баласы. Оған титімтай да еңбегім сіңбеген. Менің қолама әкеліп берді. Бұған ие бола алмасам мен кім болғаным» деп ойладым. Кез-келген әйел ене бола алады, бірақ келінге ана бола алмайды. Бала мен келіннің арасына сызат түсіретін сол нәрсе. Осы ойдан соң келінімді өзіме қарап икемдеп, жақын тартып, білмегенін үйреттім. Қазір мен атқаратын істің бәрін атқара алады. Сол себепті келінін жамандайтын енелерге айтарым, «Оған сенің не еңбегің сіңді? Саған дайын күйінде келді. Егер бір адамды бір әлем дейтін болсақ, сенің қолыңа бір әлемді берді. Оған ие бола алмасаң, кем-кетігін түзетіп, өз тәрбиеңді бере алмасаң, кімсің сен? Ертеңгі күні сол сенің өкшебасарың. Өңіріңді ары қарай жалғастыратын, әулетіңді өсіретін адам».

Енесін жамандайтын келіндерден әдетте: «Жарыңды сүйіп қосылдың ба?» деп сұраймын, «иә» деп жауап қатады.  «Күйеуім жақсы, енем жаман» дейді. Мен ондайларға: «Сүйіп қосылған жігітіңді өмірге келтірген, тәрбиелеген сол. Ол тәрбиелемесе жақсы жігіт қайда саған? Ендеше, сондай күйеу туып бергені үшін енеңнің алдында бас июің керек» деймін.

МАҚТАУ МЕН МАРАПАТ

Қазақтың ешкім білмейтін бір қара шалының келіні болсам да сол келіндік міндетімді атқарар едім. Менде ешкімнің жұмысы болмас еді. Иісі қазаққа ортақ ардақты адамның келіні болғандықтан, сол атаға деген сүйіспеншілік, ізет, құрметтің ұшқындары маған тиіп жатқан. Оған көну, лайық болу оңай емес. «Сен тас санасаң, халық құм санайды». Халықтың көзінен ештеңені жасыра алмайсың.

Ата үнемі айтып отыратын «Қатарыңнан ассаң да қалыптан аспайсың, халықтың алдында басыңды иіп жүр», Жақсы адамның жақсылығын айтып мақтасаң да жағымпазданба», «Жаман адамның жамандығын айтсаң да жала жаппа» деп. Қарапайым сөз болса да, қаншама салмақ жатыр.

Қай жерге барсам да мені керемет мақтайды. Адам сол мақтауларды естігенде шынында солай екен-ау деп сеніп қалады. Ал мақтау деген есірткі сияқты нәрсе, оны естідің де, ести бергің келеді. Сөйтеді де ол шындықты жоғалтады. Тек қана мақтау ести берген адам құриды. «Мақтау сүйгіш адамның талтаңы көп» дейді. Талтаңдап жүреді де бір жерде құлайды. Ал мен мақтаудан қорықпаймын. Неге десеңіздер, ол мақтаудың бәрін атаға өткізіп жіберемін. Мен үшін емес, ата үшін айтып жатыр деп өзімді арашалап аламын.

Көп жерде менен апа қандай марапаттарыңыз бар деп сұрап жатады. Сондай кезде айтамын «Ондайлардан мені құдай сақтап қалған, менің дүниежүзінде ешкімде жоқ атағым бар, Момышұлының келіні деген» деймін. Маған бұдан артық атақтың керегі жоқ.

Жазып алған - Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы