ШЕРУ КЕЗІНДЕ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛДЫ

Уақыты: 10.01.2022
Оқылды: 1271
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорғандағы митинг кезінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жарақат алды. Қазір 61 жастағы шенеунік ауруханада жатыр. Бұл туралы облыс әкімнің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел айтты.

5 қаңтарда Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов наразылық білдірушілер сауалына жауап беру үшін алаңға шыққан, бірақ шенеунікті ешкім тыңдамаған.

- Қазақта "басу айту" деген сөз бар, ол жастарды тыныштандыру үшін шықты. Бірақ ол жерде, көргеніміздей, өз үндеуін айтатын топ емес, билік пен конституциялық құрылысты құлатуға бел буған топ болды. Олар оны тыңдамай, ұрып-соға бастады. Оны арашалап қалдық, қазір жағдайы жақсы, - деді Ғалымұрат Жүкел.

Лаззат Махатұлы ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланған. "Ол қандай жарақат алғанын айта алмаймын, бірақ аман-есен. Ол ауруханада қайтыс болды деген ақпарат - жалған. Мен онымен кеше сөйлестім", - деп қосты Ғ.Жүкел.

Лаззат Тұрлашов 2016 жылдан бері Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары. Әр жылдары Алматы облысының Жамбыл, Қарасай аудандарының әкімі болған. 1984 жылы Чернобыль атом электр станциясындағы жарылыс салдарын жоюға қатысқан.

4 қаңтарда Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев шерушілерге шыққан. Әкім кеңесшісінің айтуынша, ол наразылық білдірушілерден келіссөз жүргізе алатын 20 адамнан тұратын бастамашы топ құруды сұраған, бірақ олар бас тартқан. Сондықтан, облыс басшысының өзі халық алдына шыққан.

- Ол түсіндіріп, тыңдай бастады, бірақ наразылық білдірушілердің өздері бірауыздан пікір білдіре алмағандықтан диалог орнамады. Жиналған жұрт облыс әкімдігіне қарай мақсатты түрде бет алғанда Л.Тұрлашов кетіп қалды. Көпшілік оны ұстап алды, сол жерде ол жарақат алды. Әкімдікке өрт қойды, ғимарат жартылай өртенді. Алғашқы үш қабат өртенген. Қалада бірнеше кеңсеміз бар, басқа жерге көштік, - деді әкім кеңесшісі.

Айта кетейік, қазір Алматы облысында күш құрылымдарының антитеррорлық операциясы жүріп жатыр. 10 қаңтардағы жағдай бойынша облыста тәртіпсіздіктерге, погромдарға және тонауға қатысты деген күдікпен 430-дан аса адам полицияға жеткізілген. Ұсталған 20 азаматтан 58 атыс қаруы тәркіленді. Тәркіленген қару-жарақтың ішінде тапанша, пулемет, шолақ мылтықтар бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"