МЕРЕКЕ МЕРЕЙІН АСЫРАМЫЗ ДЕП БЕРЕКЕНІ ҚАШЫРМАЙЫҚ

Уақыты: 25.03.2023
Оқылды: 2052
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жер әлемге нұрын шашып, Табиғат-ана жасарып  Наурыз мерекесі келді. Күллі адамзат баласының көңілі жадырап, түрленіп, бір-біріне ізгілік пен мейірім ұялатқан мейрамды тойлау – түркі жұртының мызғымас дәстүрі. Әр жылда жаңаша үрдіс алып, көптің көңілін көтеру мақсатында түрлі шараны ұйымдастыратыны анық. Халық та Наурыз мерекесіне арнайы сүрін сақтап, көжесін дайындап, ыстық ықыласпен мейманына ұсынып, қонағының батасын алып, қуанышпен қауышып жатады. Бұл – дәстүрге айналған берекелі мереке!

Бірақ, мерекеде берекені қашыратын істі көргенде көңілің жабырқап, «неге бұлай болды?» деп ой түйетінің анық. Мерекедегі көңіл-күйді бұзып, мұны неліктен айтып отырсыз деуіңіз мүмкін. Ырыс пен ынтымақтың, жақсылықтың нышанын келтіретін, өкпе-ренішті қойып, адамзат баласына ақ-адал жүрегіңді ұсынып, жамандықты жасырып, қайырымдылық жасайтын айда мұндай сөзді айтпаған дұрыс десек те, «айтпасаң сөздің атасы өледінің»  реті келіп тұр. Сөзім дәлелді болу үшін басынан бастайын.

Ұлыстың ұлы күнін әр өңір түрлі масштабта атап өтті. Мені толғандырған Астанадағы жайт. Әлеуметтік желіде желдей ескен көрініс көкірегімді қарс айырып, бетімді дуылдатып, өзімнен өзім ұялдым. Ұялдым емес, тіпті жиіркеніп, кірерге тесік таппай дел-сал болдым. Тегін палауға таласқан халықты көргенде бұл қазаққа не болды деген сауал аузымнан шыққан бірінші сөз болды. Қазанға басымен сүңгіп жатқан, бір-бірін итеріп, жаға жыртысқан елді көргенде біз қайда барамыз деп қатты налыдым. Қазақ ондай емес еді ғой, біз тектіліктің қамытын сүйреген әлемдегі мәдениеті жоғары ұлт едік деп айтуға аузым бармады.

Қазақтан қанағат, ынсап, тектілік деген қашқан ба?! Бұл не масқара?! Сол күні тегін палау таратпаса өлер ме еді? Әлде көрген-баққаны осы ма? Таласып жатқан елдің сырт пішініне қарасаң, аштан өлейін деп отырған адамға ұқсамайды. Тіпті, басына киелі орамалын байлап, қазақ үйге баса-көктеп, қарсы тұрған әйелдің көкірегінен итеріп, аузына келгенін айтып, беттен алып, төске шапқан әйелдің ісін көргенде қазақтың қасиетін жерге таптаттың-ау деп түңілдім. Басыңа орамал таққаныңнан не пайда, бойыңда тектіліктің сынығы да қалмапты деген ой оралды. Рас айтамын, ана әйелдің ісінен, шайпау мінезінен қазақылықты көріп тұрғаным жоқ. Сырттай желіден көріп отырып, мен ана келіншектен қорықтым, жиіркендім, Құдай оған сана берсін деп іштей тіледім. Әй бірақ, анадай қылығын көріп тұрып, сөз таппай тілімді тістедім. Тәлім-тәрбие, ибалы-инабатты, салиқалы, қылықты, тізе берсең шыға беретін қазақ қызының бойынан табылатын қасиетті шапшаңдаған әйелдің бойынан байқамадым. Кешегі Домалақ аналардың сарқыты деуге аузым бармады. 

Дәл қазіргі уақытта, Қазақ даласында аш отырған ешкім жоқ. Бұлар аштықтан емес, тойынғаннан секіріп тұр. Құдай басқа салмасын, әлемде түрлі жағдай болып жатыр, шын мәнінде аш отырған елдер бар. Бір үзім нанға жарымаған мемлекетті көзімізен көрмесек те, интернет арқылы көріп отырмыз. Түрік мемлекетінде жер сілкінді, Украинада соғыс жүріп жатыр. Сирия жойылудың аз-ақ алдында. Бірақ олардың халқы мұндай қылыққа барып жатқан жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен көмек барып жатыр, таласып жатқанды көрмейсің. Қазақ халқы Украина жеріне барып, қазақ үйін тігіп, етін асып, палауын таратып жатыр.

Оқ пен оттың арасында жүрген украин халқы кезекте тұрып, өз несібесіне ие болғанын көргенде, мына біздің халыққа не көрінді дейсің. Соғыстан, тосыннан келген апаттан құдай сақтасын, дәл сондай келсе, тамаққа таласқан адамдар бірінің етін бірі жеуге дайын. Осындайдан сақ болайықшы, қазағым! «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», – деген екен. Өз қадірімізді өзіміз қашырып біттік. Тойынып секіріп жүргенде, тоңып секіріп қалмайық. Абай атам «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде...» деп осындайда айтқан екен-ау!
Бұл бейнежазба күллі әлемге тарап кетті. Әлемге осылай атымызды әшкереледік. Наурызымызды емес, тамаққа таласқан халқымызды насихаттадық. Жақсымызды асырып жүргенде, жаманымызды жасыра алмағанымыз өте өкінішті. 

Меніңше, тегін тамақ тарату дегенді доғару керек. Біз онымен ұпай жинамайтынымыз анық. Дәл сол тегін таратқан көже мен палаудан мерекенің беделі асқақтап кетеді деген сөз жоқ. Мерекені асырамыз деп берекені қашырмайық!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ