Тектіден текті туады

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1370
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жеңіл ойлау, қара басының қамын күйттеу, құлқынның дегенінен аса алмау, одан қалса жағымпаздық. Мұндай таяз ойлы қасиеттер қазақтың қанында болып па еді? Бәлкім болды, бірақ жүздің он пайызы ғана шығар. Ал қазір қалай? Осы пайыздың көтеріліп кеткенін күнде көзбен көріп, көкейге түйіп жүрміз. Бір-біріне қастандық жасау, өз дәрежесін көтеру үшін досын сатып кету, кей қыздардың селтеңдікке салынуы ненің кесірі? 

Қай жерден қате кетіп, қандай кінәміз үшін? Мүмкін, теледидардан көрсетілетін көргенсіз көріністердің кесірі шығар. Билік Қытайға кетіп жатқан қазақ қыздарына көңіл қуантарлық бір шара қолдана алмай отыр. Мұның себебі неде? «Көшпенділер» романындағы «Қазақ дарынды халық, батыр халық, Әттең, бақытсыз халық», – деген Генстың айтқаны рас болғаны ма? Осы кемшіліктерді жою үшін, не істеуіміз керек? Әрине, даусыз қазақ халқына бас көтере алатын ірі тұлғалар керек. Кезінде еліміз біржола Ресейге сіңіп кетудің аз-ақ алдында тұрғанда Алаш арыстары: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы айла-шарғысымен, ақылымен, айдарынан жел ескен Сталиннен Қазақ еліне автономия алып берген жоқ па еді?! Бұлардың бәрі біртуар, қаны таза, рухы азат азаматтар болатын. Біздің заманымызда да қиындықты қасқайып тұрып қарсы алар төрелер жетеді. Бірақ көбі намыс пен жігердің жетіспеуінен көрінбей жүр. 
Адам бойында ең басты қызмет атқаратын ағза – қан. Қазақ бұған: «Қанында бар екен», «Қанмен келген қасиет», «Таза қанды екен», – деп тәндегі айналып жүрген қанның қадірін осылай білдіріп кеткен. Бұрын өзбек ағайындар қанның қасиетіне мән бермепті-мыс. Бір-бірінің жақын туысқанына қыз беріп, қыз алысқан деседі. Мұндай істің дұрыс емес екенін, яғни, ерлі-зайыптылардың қанының ұқсастығы бір-біріне жақын болса, дұрыс ұрпақ өрбімейтінін білген өзбек басшысы заң жүзінде тыйым салған деседі. «Қарапайым қойдың өзін үш-төрт атаға дейін қосуға болмайды», – депті белгілі агроном Батыралы Сыздықов. Бұл дәлелдерден қанның құрамының бір-біріне ұқсастығының зиянын көруге болады. Гвинея Бисауда ең жиіркенішті дәстүр бар екен. Бір отбасында әкесі немесе шешесі өмірден озса соның миын жегізеді. Сонда өлген адамның қасиеттері қонады-мыс деп сенеді. Міне, осы елде аты жаман «Қара сана» ауруы пайда болған. Енді тиісінше қисынға келетін пікір қалыптастырып көрейік. Қан бір-біріне ұқсастығы қаншалықты алыс болған сайын сапалы өнім пайда болады. Арнайы бәйгеге қосатын асыл тұқымды жылқыларды да қанының алыстығына қарап жақындастырады. Мысалы, түріктің ақалтеке тұқымынан араб, таза қанды ағылшын, қарабақ, т.б. жылқы тұқымдары алынған. Халық арасында өзге ұлттардың қосылуынан туған баланың өңі ашық, сұлу келеді деген де пікір жоқ емес.
Енді осы айтылған деректерді топтастыра келе адам баласына қолдануға бола ма деген сұраққа жауап беріп көрейік. Бұл ойымызбен қазаққа тектілікті, таза қандылықты қайтарсақ деген асыл ниет бар. Ол үшін қазақ жүздерінің тарихына тоқталсақ. Қазақ неге үш жүзге бөлініп өмір сүрген. Бұл туралы әр ғалым әртүрлі дерек пен дәйегін келтіреді. Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қорғау үшін осындай үлкен одақтар құрған» десе,  Н. Аристов «жүздерге бірігу жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан», – депті. Қалай болған күннің өзінде, қазақтың жүзге бөлінуі қан араласпауын тыйды. 
Әр аймақтағы жүзге бөліну қазірдің өзінде сақталған. Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптасқан аумағы бар. Мысалы, Ұлы жүздің таралған аймағы – Жетісу жері болса, Орта жүз – Орталық, Шығыс, Солтүстігімізде. Кіші жүз – Батыс Қазақстан мен Оңтүстіктің бір бөлігін иеленген. Бұл жерде негізгі ұстаным қазақтың қан тазалығын сақтау. Бұл үшін Әр жүзді бір-бірімен араластырып, қыз алысып, қыз берісуді күшейту керек. Жастар арасында да» өзге жүзден қыз алсам, ұрпағым ұлы болады», – деген пікір қалыптасу қажет. Және бұл айтылған идея жасалмай жатқан жоқ. Бірте-бірте жобалар бойынша атқарылып келеді. Соның бірі «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!»,  «Серпін – 2050» атты мемлекеттік бағдарлама 2014 жылдан бастап орындалуда. Бағдарламаның мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтсүс- стік аймақтарындағы (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда) жастарды кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп отырған Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Осы бағдарламаны қарқынды түрде жалғастыру керек. Оңтүстіктегі жастарды жұмыспен баспанамен қамтамассыз етіп, тегін көшіріп, еліміздегі орыстанған жерлерге әкеп қоныстандырсақ ұтарымыз көп. Салт-дәстүріміз жаңғырады. Ұмыт қалдырып бара жатқан елге ендіруге болады. Тілімізді дамытамыз. Сол жақтағы орыспен өмір сүріп, біте қайнасып кеткен халықтың санасын жаңғыртамыз. Ең бастысы жастар арасында байланыс болады. Және дәл осы байланысты тек жас маманға қызмет берумен ғана шектелмей, сол елдің қызын алуға, ал басқа өңірден келген қызды келін жасауға жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Бұл да ру-руға бөлінген қазақтың басы бірігуге бастар жол. Себебі,  қазақ Құдайынан кейін құдасын құрметтеуді қанына сіңірген халық. Осы үрдісті жалғастырсақ, әр қазақтың өрісі кеңиді, ырысы толады, ең бастысы бар қазақ – бір қазақ болады.

Думан Кеңшілік