Балаларды кибербуллингтен қалай қорғаймыз?

Уақыты: 29.01.2024
Оқылды: 2552
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызған телефонға телміріп, ғаламтор желісінен бас алмай отыратын бүлдіршіндердің саны артып келеді. Соның салдарынан ғаламторда балаларға жасалатын зорлық-зомбылық көбеюде. Мұны ғалымдар «кибербуллинг» деп атайды.

Буллинг ағылшын тілінен аударғанда қорлау, қудалау, мазалау дегенді білдіреді. Ғаламторда баланың өз-өзіне, жақындарына, туыстарына қол жұмсауына итермелейтін ойындар да аз емес. Бірнеше жыл бұрын «Көк кит», «Тыныш үй», «Мені сағат 04:20-да оят», «Қызыл жапалақ», «Киттер мұхиты», «Құс жолы», «NaN», «F57» сынды ойындар дүниежүзін дүрліктірген еді. Қазір балдырғандар бір-бірінің түрін жамандап, түрлі суреттер жасап мазақ етуге көшті. Әлеуметтік желіде жаппай орын алып жатқан келеңсіздікке ата-аналар да, ұстаздар да алаңдауда.  

Бүлдіршіндерімізді кибербуллингтен қалай қорғаймыз? Ол үшін әр ата-ана балаларға ұялы телефонды беталды ұстатпай, ойын ойнаса да, әлеуметтік желіде отырса да қатаң қадағалау керек.

Әлеуметтік желінің мақсаты – ақпарат алып, хат-хабар алмасып тұру екені хақ. Бірақ бүгінгі қоғамда оның пайдалы жағынан пайдасыздығы басым болып тұр. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу қажет. Кемшіліктерді жариялау біздің салтымызға жат дүние. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын өсек, ғайбаттан арылып, одан іргемізді аулақ салғанымыз жөн. 

Назым ЖЕҢІСҚЫЗЫ,
ЖУ-дің студенті
Фото: parmanews.ru