Ел болам десең, еліктеме

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1502
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Босағасына келген кісіні қайтармаған қонақжай, көршісімен тату, БАРШАҒА тыныштық тілеген қауымбыз. Үлкеннің алдын кеспей, сөзін сыйлап, қас-қабағынан қаймығып, шежіреден сыр шерткен қарияларымызды құрметтей білеміз. Кішінің бетін қақпай, белін буып, ағалық ақылымызды айтып, ізеттік танытамыз. Қыз баланы болашақ ана деп алақанымызда аялап, ардақтаған халықпыз. Отбасылық тәлім-тәрбиеге мән беріп, Ұлы Далаға рухы асқақ, абыройлы мұрагерлер қалдыруды көздеген кемеңгер елміз. Бабаларымыздың таза қанымен келген тектілік пен алғырлықтың, ар-ұждан мен адалдықтың белгісі әрқайсысымыздың бойымыздан табылады. Ал, осындай қымбат қасиеттерімізді қайда жұмсап, қай қырымыздан көрініп жатырмыз?

Текті атаға тартып туған қазақ жастары аса зерек әрі қағілез келеді. Бірақ тал шыбықтай өсіп келе жатқан жастарымыз көріп-білген затын ақыл-сана секілді ешбір сүзгіден өткізбестен шет жаққа есі ауа еліктейтінді шығарды. Бұлай айтуға себеп болған өзім көріп, ортасында жүрген, мендей жас буындардың қазіргі әрекеті. Барлығымыз осындай болмасақ та бүтіндей қарын майдың бұзылуына бір құмалақтың жеткілікті екенін ескерген жөн. Бүлінгеннің бүлдіргісін алып, жыртық, жартылай жалаңаштанған киімінен бастап, пайда әкелмейтін фильмін, адам түсінбейтін даңғырлақ әнін де қабылдадық. Ерекшелену үшін ерлер ұзын, әйелдер қысқа шашты үлгі ететініне көзіміз үйреніп кетті. Қарындастарымыз жабыстырып киінген, сырғалы жігіттердің сыңсығанын естуге құмартады. Кітап ұстағандардың қолынан орыс тіліндегі шетелдік авторлардың туындыларын көремін. Өзіміздің жазушылар көңіліңнен шықпағаны ма деп сұрақ қойғанымда, ана тілінде оқудың қиындығын сылтауратып, шетелдің өмірбаяны қызықтыратынын айтты. Иә, содан болар, қай жерде болмасын: «Шекспирдің сөзімен саптасақ», «Конфуций айтқан екен», – деп басталатын сөздер көбейді. Сан ғасырдан сыр шерткен терең тарихымызды да ой-санамыздың тұңғиығына батырып, өзгелердің өміріне үңіліп, солар секілді жүріп-тұруға икемделіп барамыз. 
Той қазақтың қазынасы деуші едік, қазіргі кейбір отырыстардан шошуға болады. Оны жазар болсам, қағаз көтермейтін шығар. Ал осыған текті қазақтың төзіп жүргеніне таңданасың. Мұның бәріне түптеп келгенде еліктеушілігіміз кінәлі. Бұл ғасыр жарнаманың заманы екенін әрбір ел салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын жақсы жағынан көрсетуге тырысқанынан түсінуге болады. Осындай қарапайым жолмен жан дүниемізге еніп, тілін үйретіп, өздерін сыйлатып, мойындатуға талпынуда. Батыстың бықсығын бойымызға сіңіре берсек, біздің қазақтың көркем мінездері-ай деп мақтанып емес, сағынып айтып отырмасымызға кім кепіл?! Өзінде ештеңесі жоқтар еліктейді. Ал біз рухани құндылықтарымызды түгендеп, аз ғана уақыт аралығындағы жетістігімізді айтар болсақ, талайлардың таңдай қағары анық. Ежелден жылқы малын қолға үйретіп, қамалдар бой көтеріп, су құбырларының жүйесі ойлап табылған мәдениеттің ошағы біздің мекеніміз. Кешегі өткен алмас қылыш жасағы бар қаһарлы Қасым, жоңғарды жонған айбынды Абылайдай хандардың, ақылшы болған Қазтуған, Бұқардың, Абай, Ыбырай, Шәкәрімдей даналардың, Отан үшін от басып, толарсақтан су кешкен батыр Бауыржанның ұрпағымыз. Тұлпардың тұяғы тозып, ұшқан құстың қанаты талатын дархан даланың заңды мұрагеріміз. Таңнан таңға таусылмас жыр боларлық тарихы бар Мәңгілік елдің мәпелеуінде бүр жарған ұландармыз. 
Айтқым келгені, өнегеге толы өткенімізден қол үзіп қалмай, ақыл-санамыз бен рухымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызды нығайтар сәтке жеттік. Өркендеп, өніп, көктеген еліміз тамырын тереңге бойлатып, бәйтерекке айналған сәтінде өзегіне құрт түсірмейік. 

Мадияр ТОҚАН,
ЖМУ-дің білімгері