Махаббатқа не жетпейді?

Уақыты: 25.08.2018
Оқылды: 1719
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Иә, осы бір нәзік сезімді сезіну, оны ұстап қалу, болмаса соңын сыйластыққа ұластыру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған бүгінгі жас отаулардың жыл болмай ажырасып, айырылысып жатқаны дәлел. Өкінішті.

Ұнату, жақсы көру, ұнау, жақсы көріну – ол Тәңір берген сый. Сыйды қалай қабылдайсыз, өз еркіңіз. Маңдайға жазылған жолмен жүресіз, ал Алла таңдау жасатып тұрса, таңдап үлгеру керек. 
Бүгінгі махаббаттар минут сайын құбылып, секунд салып өзгеріп тұратын сияқты. Бір қыздың соңынан қалмай жүрген жігіттің ертесі сезім өшті деп отыруы қазір таңсық емес. Бастапқыда үрке қарайтын едік, қазір «е» дей салатын күйге жеттік. Қауіпті. Өзің үшін, болашағың үшін. 
Басында өлдім, талдым, күйдім, сүйдім дегендер бара-бара асау сезімдерін жуасытып ала ма, жанармайы таусылған көліктей бырқырап барып тоқтайды да қалады. Өмірдегі махаббат кинодағыдай тәуекелшіл болсашы, шіркін?!
Жалғыз қалған сәттерде өз пайымыңа жүгініп, осы турасына көп ойланасың. Толғана келіп тоқтамға келесің. Бәзбіреулер бүгінгі махаббатқа сыйластық жетпейді дейді, екіншісі батылдық керек десе, үшіншісі құрмет қажет деп соғады. Әркімнің пікірі бүгінгі махаббат жөнінде әртүрлі. Мендегі жауап біреу ғана. Ол – иман. Ал қараңыз, бір ғана иманның ішіне барлығы кіріп тұр. Ол жерде әке-шешені құрметтеу, ата-енені сыйлау, балалар алдындағы міндет, барлығы бар. 
Махаббат қайдан басталады? Әуелі сені жаратқан Алланы жақсы көруден, екінші дүниеге алып келген анаң мен әкеңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Рас, ара-тұра ажырасуға да себептер болады, бірақ иман болғанда дәл бұлай айырылысулар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай әр жерде бір бас көтеріп шықпас еді-ау. Бұл – менің түсінігімдегі махаббат. 

 Серік ҚАНТАЙ