Қазақстанда емханаға тіркелу науқаны басталады

Уақыты: 17.09.2023
Оқылды: 1016
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Талдықорған қалалық емханасы директорының халыққа медициналық қызмет көрсету жөніндегі орынбасары Айна Тілеукенова және Жетісу облысы  денсаулық сақтау басқармасы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті үйлестіру, қоғамдық денсаулық бөлімінің бас маманы Жанат Есенаманов баспасөз мәслихатын өткізді.

Спикерлер облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйін әңгімелесіп, медицина мекемелеріне тіркелудің заңдылықтарын, міндетті әлеуметтік-санитарлық сақтандыру қорының мүмкіншіліктері жайлы айтты.

Қазақстанда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін тіркелу басталады.  Спикерлердің айтуынша, дәрігерлер  пациенттердің денсаулығын дер кезінде бақылау үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын маңнан таңдаған дұрыс.  Мұндай жағдайда  емхана дәрігерлері пациенттердің үйіне бара алады.

МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрақты түрде медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым МӘМС-пен алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсету үшін шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша 2024 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Жанат Есенаманов: «Емханаға тіркелу «Электрондық үкіметтің» www.e.gov.kz веб-порталы арқылы  жүргізіледі.

Онда «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Содан кейін емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті аяқталғанда  электрондық құжатқа тіркелгендігі туралы хабарлама беріледі», – деді тіркелу жайын түсіндіріп.    

 Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін  тұрғындар бұрын бекітілген емханада қызмет ала алады. Ресми статистика бойынша облыс халқы 699 085.  Оның ішінде 529 122 адам сақтандыру қорына тіркелген. Ал 169 963 сақтандырылмаған.  Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін «Электрондық үкімет» порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

Жиында журналистер МӘМС бойынша емделушілерге жағдай жасалса, аудан орталықтарына МРТ, КТ, ҰДЗ аппараттары алынса деген ұсыныстарын айтты. Спикерлер көштің жүре түзелетінін, заманауи аппараттар алу кезек-кезекпен іске асырылатынын жеткізді.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ