ЖҰҚПАЛЫ АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

Уақыты: 02.10.2023
Оқылды: 872
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Адам ең әуелі ауырмайтын жол іздеу керек. Гигиеналық тазалыққа аса мән беріп жүргені дұрыс. Жұқпалы ауруға душар болмас үшін дәрігер кеңесіне жүгінгені өзі үшін де, өзге үшін де аса маңызды. Балалардың арасында жиі кездесетін жедел респираторлық вирусты инфекциялар және менингит тақырыбы бойынша Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде баспасөз мәслихаты өтті.

Балалар арасындағы маусымдық аурулардың дендеп тұрғаны айқын. Қазіргі уақытта бактериалды менингитпен бір бала ауыр жағдайда ауруханаға түскен. 15 жастағы жеткіншектің жағдайы жақсы емес дейді дәрігерлер. Қажетті сала мамандарымен бірлесіп сол баланың өмірі үшін күресіп жатқанын айтады.

Жалпы статистикаға сәйкес биылғы жылдың қаңтар айынан бастап қыркүйек айына дейінгі аралықта 10 менингит түрі анықталды. Оның 8-і вирустық, 2-і бактериалды. Ауырғандардың ішінде ересектерде, балаларда бар. Бүгінде олардың барлығы толықтай сауығып, үйіне шығарылыпты.

Соңғы аптада қызылшамен ауырғандардың да қатары көбейген. Бүгінде ауруханада қызылша жұқтырған 4 ересек адам, 4 жасөспірім жатыр. Жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист дәрігері Айжан Айтжанованың айтуынша, бұл аурудың басты себебі адамдардың екпеден бас тартуына тікелей байланысты.

Менингит ауруы жұлын сұйықтығы мен адамның ми қабығының қабынуынан туындайды. Оның берілу көзі адам арқылы, тұрмыстық жағдайда жуылмаған тағамдар және ойыншықтар, жәндіктердің шағуы арқылы жүреді.

Менингит себептеріне байланысты вирустық, бактериалдық, саңырауқұлақтар және паразиттер болып бөлінеді. Оның клиникалық белгісі дене қызуының қатты көтерілуі, бас ауруы, құсу. Ал кішкентай балалардағы ерекше бір белгісінің бірі еңбегінің ісінуі және аяқ-қолы құрысып, ит сияқты артқа қарай шалқалақтайды.

Бактериалдық менингит арнайы антибактериалдық дәрі-дәрмекпен  емделеді, вирусқа қарсы адам ішіне керекті инфузия енгізіледі. Өзіндік емдеу жолдары болады.

Алдын алу үшін ауру туындаған жерден аулақ жүріп, сүзгілі бір реттік бетпердені пайдалану қажет. Дене шынықтырып, дұрыс тамақтанған маңызды. Аталған белгілер байқалған кезде бірден дәрігер көмегіне жүгіну керек. Уақытында дәрігерге бармаған жағдайда ауру асқына түседі. Жүйке-жүйесі зақымданып, мүгедек болып қалу қаупі жоғары. Өлімге апаруы бек мүмкін.

Медет ЖҰМАБАЙ