"АРЫ-БЕРІ СҮЙРЕУ ОҢАЙ ЕМЕС": "ЖАҢАРТУ" ҚОРЫ 9 АППАРАТ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1053
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы балалар ауруханасына жаңа құрылғылар сыйға тартылды. Аталмыш қондырғыға балаларды емдеу мекемесі көптен қол жеткізе алмай жүрген еді. Бұл күні балалардың денсаулығын түзетуге арналған оңалту бөлімі 9 аппаратпен толықты.

Асқар Жакулин атындағы «Жаңарту» қайырымдылық қорының мүшелері сүйектің қисаюы, дұрыс бітпеуі салдарынан зардап шегіп жүрген балалардың жағдайына алаңдаушылық танытып, жағдай жасады. Олар әкелген қондырғылар сүйектерді жалғап, бітістіруге арналған. Мұнда инсульт, тірек-қимыл, сал дертіне шалдыққандар көмек ала алады. Қайырымдылық қоры Алматыдағы «Ел-Аман» медициналық орталығымен кеңесе отырып, қозғалысы қиын ұл-қыздардың ең тапшы аппараттарын әкеліпті.

Ауруханада өткен шарада Асқар Жакулин атындағы қордың жанашыры Серік Сәдуақасұлы сөз алып, бұл қордың 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, содан бері бірнеше мекемеге көмек қолын созғанын айтты.

– Оңалту орталығын Талдықорғанда ашқаннан кейін келесі кезекте Өскеменде осындай орталық ашу жоспарланған, – деді ол.

Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Досқалиев:

– Бұрын мұндай сырқатқа шалдыққан балаларды Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына жіберетінбіз. Өздері қарыс адым аттай алмай жүрген балаларды ары-бері сүйреу оңай емес. Ата-ана мен сырқат балалар қиындық шегетін. «Жаңарту» қоры сыйлаған аппаратпен бір мезгілде 200-ге тарта сырқатты емдей аламыз. Қор жетекшілеріне айтар алғысымыз шексіз,– деді.

Құны 9 миллион теңге тұратын аппарат талай баланың қимыл-қозғалысын жеңілдетпек. Шараға жиналған ата-аналар да қайырымды жандарға алғысын жаудырды. Біз барған кезде бірнеше балаға емдік шарасы басталып кетіпті. Жанардағы үміт қайырымдылықпен шұғылданатын адамдарға деген ілтипатты, алғысты байқатты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы