ПРОФЕССОР: "КОРОНАВИРУСТЫҢ ҚҰРАМЫНДА ҮШ ЕРЕКШЕ ГЕН ӨЗГЕРІП ОТЫРАДЫ"

Уақыты: 17.05.2020
Оқылды: 1519
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгіндері әлемдегі медицина саласына қатысы бар барлық ғылыми құрылымдар «COVID-19» деп аталатын аса қауіпті жұқпалы дертті ауыздықтауға жұмылдырылған. Коронавирусты таратпаудың бірден-бір жолы – осы дертке шалдыққандарды дер кезінде анықтап, білікті ем қолдану қажеттігі де баршаға белгілі. Осы орайда ауруды шұғыл айқындап, індеттің алдына тосқауыл қоюда озық үлгісімен танылған Оңтүстік Корея технологиясын елімізге әкелумен айналысып жүрген гигиенист-эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Халықаралық дипломнан кейінгі білім беру институтының (МИПО) ректоры, «LifeMed Holding» компаниясының директоры Арай ТӨЛЕМІСОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Дәрігерлердің білімін жетілдіру мақсатында әлемнің 25 мемлекетімен меморандумға отырып, сол елдердегі озық клиникаларға дәрігерлерді апарып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргіземіз, – дейді Арай Мағауияқызы. – Медицина саласы жақсы дамыған елдердің бірі ретінде Кореяның Су Чи Нон клиникасына кезекті іссапарымыз барысында олардың ауруды емдеудегі айырмашылығы – диагностиканы дұрыс қоятындығы, яғни, молекулярлы-генетикалық деңгейде көрсететіндігін байқадық. Осыған қажетті аппараттар шығаратын үлкен корпорация – Green Brus деген халықаралық лаборатория бар, соның диагностикалық жабдықтар шығаратын «Вионер» деген компаниясы жасаған аппараттарының жұмыс істеу тиімділігі қызықтырды. Сол компаниямен келісімге отырып, 2014 жылдан бері өзіміздің «LifeMed Holding» компаниясына лицензия алып, аппараттарды Қазақстанға әкеліп, оны еліміздегі ауруханаларға орналастырудамыз. Біз, ең алдымен, аппараттарды Алматыдағы туберкулез диспансеріне қойып, 3 жылдай ғылыми-зерттеу жүргіздік, нәтижесі өте жоғары екенін дәлелдей отырып, ғылыми мақалалар жарияладық, бүгінде еліміздегі 13 облыстық ауруханаға орнатып, қазір олар жұмыс істеуде. Мамандарды оқытып, үйретіп, Кореяға апарып тағы оқыттық. Бүгінде Қазақстанға және Орта Азия, ТМД елдеріне аппараттарды сататын жалғыз эксклюзивті дистрибьютор болып табыламыз. ТМД елдерінің ішінен Өзбекстан, Украина, Грузия, Әзірбайжан елдеріне аппаратымызды қойдырып, қазір бірге жұмыс жасап жатармыз. Ресеймен де келісімге отырдық, осы жылы жұмысты бастамақпыз. Қырғызстан, Тәжікстан да сұраныс білдіріп отыр.

Аталған аппараттардың ауруларға диагностика жасау ауқымы да кең. Бір аппаратпен тек реактивтерін ауыстырып отырып, 120 анализ жасауға болады. Гепатит, СПИД, туберкулез, инфекция, әртүрлі вирустар, пневмония, грипп, тағы сол сияқты жұқпалы ауруларға анализ жасайды. Сырқаттың сырын жабық түрде аз ауқытта анықтай алатын дәрежесі бар екені дәлелденген. СПИД орталығымен де ғылыми жоба жасап, басқа ПЦР аппараттармен салыстырмалы сынақтар өткізіп, жақсы нәтижеге қол жеткізілген. Гепатиттік бағыттағы аппараттар облыстық денсаулық сақтау бөлімінің қолдауымен Тараздағы инфекциялық ауруханада орнатылыпты. Ол аппарат гепатиттің бар екенін ғана анықтап қоймай, сонымен бірге, қаншалықты қауіпті екенін, қай дәрежеде ем жүріп жатқанын да көрсетеді. Бұл дегеніңіз, аурудың емделуін де бақылауда ұстауға мүмкіндік береді деген сөз.

– Алғаш коронавирус дерті Қытайда пайда болған кезде Корея жақын орналасқан ел ретінде зертханаларын жылдам іске қосып, осы ауруды анықтайтын реактивтерді ойлап тапты, – дейді Арай Мағауияқызы. – Өздерінде зерттеулер жүргізіліп, жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін арнайы сертификатын алды. Осы жылдың қаңтар айында бізге де ұсынған болатын. Бірақ ол уақытта аталған аурудың белгілері болмағандықтан біз қызығушылық танытпадық. Дегенмен, әлемнің көптеген елдері осы аппаратты қолдануда. Кейін бізде де вирус шығып, соңғы кезде көбеюіне байланысты реактивтерге тапсырыс беріп алғыздық. Еліміздегі ауруханаларға, бұрынғы аппараттар қойылған жерлерге де ұсыныстар жібердік. Бірақ, алдымен өзіміз зерттеп, көзімізді жеткізейік деген мақсатпен сол аппараттар арқылы зерттеулер жүргіздік. Яғни, зертханалардан оң және теріс нәтиже көрсеткен анализдерді алып, бірнеше рет сынама жасадық. Нәтижесі жоғары деңгейде шықты. Алдағы бірнеше күнде қажет деп тапқан медициналық мекемелерге қоюға дайынбыз. Бүгіндері Орал, Ақтау, Маңғыстау жағы сұраныс білдірді.

ПЦР-аппараттар ашық және жабық түрде деп бөлінеді. Бұл аппарат анализді жабық түрде жүргізеді. Ашық аппараттардың реактивтерін бір-біріне қолдануға болады, ал бұл аппарат жабық болғандықтан әр аурудың өз реактивтері бар. Жабық дегеніміз, біріншіден, жұмыс жасайтын лаборанттың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, яғни, ауруды сынама барысында жұқтырып алу қаупі жоқтың қасы. Екіншіден, анализ жасау үшін генетикалық деңгейде ДНК, РНК алынуы әлдеқайда таза болады. Басқа аппараттарда ол қолмен алынатындықтан қателіктер жіберілетін кездер де кездеседі. Үшіншіден, бұл аппараттың сезімталдығы аса жоғары.

- Коронавирус ол бұрыннан бар, бірақ қазіргі «covid-19»-дың қауіптілігі – ол мутантталған, яғни, өзгеріске ұшыраған күрделі түрі. Бір адамнан екінші адамға жұққандағы немесе бір елдегі вирустың екінші елдегі вирусқа ұқсамайтындығынан және бір емес, бірнеше микробтан тұратындықтан оның емдеу жолдары, вакцинасы әлі табылмай отыр. Сондықтан бұл күрделі жұмыс. Яғни, осы вирустың құрамында 3 ерекше ген өзгеріп отырады. Сол үш геннің жұқтырылуы әртүрлі. Мысалы, бір адамда геннің бір түрі, екінші адамда екі түрі болуы мүмкін, оның ауыр және жеңіл түрде өтуі содан. Ал мына аппараттың сезімталдығы жоғары дегенім, осы үш геннің қайсысы бар екенін нақты көрсетіп беретіндігі. Және ары қарай емделу барысында да емнің қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқандығын көріп отыруға мүмкіншілік жасайды, - дейді кейіпкеріміз.

Қазіргі анализ жасап жатқан тест таяқшаларымен салыстырғанда нәтижесі қаншалықты жоғары және тиімділігі қандай деген сауалымызға Арай Мағауияқызы: «Тестпен анықтау мен бұл аппараттың анықтау тәсілі екі түрлі. Тест арқылы адам ағзасында антиденелердің бар-жоғын ғана анықтауға болады, – деп жауап қайтарды. – Бұрын ауырып жазылған адамның денесінде де антидене сақталады, яғни, оны да оң деп көрсетуі мүмкін. Ал бұл аппарат сырқаттың вируспен қаншалықты залалданғанын, қай генмен ауырғанын үлкен дәлдікпен көрсетеді. Ары қарай да осы гендердің бұзылуына қарай зерттеулер жүргізіп, қай генмен ауырғанын, сырқаттың ауыр немесе жеңіл екенін анықтай алады".

- Тиімділігіне келер болсақ, басқа аппаратта ДНК, РНК-ны алған кезде бірнеше лаборант отырып қолмен жұмыс жасайды. Ал бұл аппаратқа 5-7 минутта анализдерді нөмірлеп құйып, машинаға салып қояды, 2 сағатта 48 анализді өзі автоматты түрде жасап шығарады. Оған дейін лаборант басқа жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алады. Бұдан соң келесі машинаға ауыстырып салады, ол жерде бір жарым сағат тұрып, нәтижесі компьютерге шығып келеді. Сонда бір ғана лаборант жеткілікті. Бұл жұмыс сапалы да тиімді атқарылады, дәрігерлердің уақытын да алмайды, көп адамды да қажет етпейді.

Егер сұраныс болып жатса, аппарат қойылған соң оқытуға, үйретуге, мамандарды дайындауға қажетті инженерлеріміз дайын. Олар аппаратты қойып, техникалық жағын бақылауда ұстап отырады. Бір жақсысы, интернет арқылы бағдарламаны жаңарту мүмкіндігі бар. Инженерлер оны қашықтан бақылауда ұстайды. Бұл аппаратты пандемия аяқталған соң да ары қарай, реактивтерін ауыстыру арқылы басқа инфекцияларды анықтауға пайдалана беруге болады. Яғни бұл бір реттік емес, көптеген ауруларды анықтауда тиімді болып табылады, - деп түйіндеді сөзін профессор.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы