ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНДА АЛҒАШҚЫ КОРОНАВИРУС ДЕРЕГІ ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 14.05.2020
Оқылды: 1043
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының орталығы - Талдықорған қаласында алғашқы коронавирус дерегі тіркелді. Бұл туралы толығырақ Талдықорған қаласының әкімдігі әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Талдықорған қаласының провизорлық бөліміндегі зертханада бір тұрғынның қан сараптамасынан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі уақытта науқас Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жатқызылды.

Науқаспен байланыста болғандардың бәрі тексерістен өткізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы қанағаттанарлық.

Айта кетейік, Талдықорған қаласында осы уақытқа дейін бірде-бір адамнан қауіпті індет белгісі анықталмаған еді. Қазақстанда алғашқы вирус жағдайы тіркелген күннен бастап облыс орталығында сақтық шаралары күшейтіліп, төрт кіреберіс жолға санитарлық посттар орнатылған болатын. Бүгінгі таңда төрт пост карантин режимі жеңілдетілсе де, тәулік бойы жұмыс істеп тұр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан