БАС САНИТАР: "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУС ӘЛІ ӨРШІП ТҰР"

Уақыты: 15.05.2020
Оқылды: 853
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында тағы 7 адам коронавирустық инфекция жұқтырды. Осыған байланысты "Жетісу медиа" алаңында баспасөз мәжілісі өткізілді. Жиынға Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов қатысты.

Белгілі болғандай, 7 науқастың біреуі облыс орталығы - Талдықорған қаласының тұрғыны. Кеселге шалдыққан адам полиция қызметкері екені мәлім болды. Қалған 6 жағдай Кеген ауданында тіркелген. Барлық науқастармен қарым-қатынас орнатқандардан зертханалық талдау жасау үшін қан сынамасы алынған.

Бүгінде, 15 мамыр, сағат 5:50-дегі жағдай бойынша Алматы облысында 190 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны ресми расталған. Ауру әлі күнге өршіп тұр. Оның өсу көрсеткіші, өкінішке қарай, 3,8 пайызды құрап отыр.

- Қазіргі таңда облысымызда профилактикалық скрининг әдісі енгізілген. Бұл – коронавирус инфекциясын жедел әрі сапалы, дәл анықтайтын заманауи әдіс. Мұндай әдіс енгізілгелі бері жасырын індет ошақтарын, СОVID-19 симптомсыз формалары белсенді түрде жедел анықтауға мүмкіндік туды, - деді Алматы облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"